Accessibility links

Covid: Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халыққа жаппай вакцина егіле бастайды


Ресейлік "Спутник V" вакцинасы.
Ресейлік "Спутник V" вакцинасы.

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халыққа жаппай коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастайды. Бұл туралы 19 қаңтар күнгі үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Министрлік жыл аяғына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр.

"Бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөлмесінде істейтін қызметкерлер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына вакцина салынады. Бұл шамамен 100 мың адам. Вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанынан басталады" деді Цой.

Оның сөзіне қарағанда, екінші кезеңде жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындары, медициналық қызмет көрсететін мекеме мамандары (шамамен 150 мың адам) қамтылады. Оларға наурыз айынан бастап дәрі салынады. Ал сәуір айынан бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, созылмалы аурумен ауыратын студенттердің (600 мыңға жуық адам) кезегі келеді.

Үкімет жоспарына сәйкес, жарты жыл ішінде 2 млн адамға вакцина салынады, қалған жартысында 3-4 млн адам егіледі. Алғашқы кезеңде тұрғындарға ресейлік вакцина салынады.

Былтыр Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина - "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Тамыз айында Қазақстан мен Ресей "Спутник V" жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қараған. Желтоқсан айының соңында "Қарағанды дәрі-дәрмек кешенінде" ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндіріле бастаған. Кешенде бастапқы кезеңде вакцинаның 2 млн дозасы шығарылады деп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға қазақстандық QazCovid-in вакцинасы да егілетінін айтып отыр. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде сыналып жатқан қазақстандық QazCovid-in вакцинасы 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге салына бастаған.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 216 964 адамнан Covid анықталған, 3 мыңға жуық адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны бұдан әлдеқайда көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG