Accessibility links

Қызылордада "времянка" өртеніп, үйдегі бес баланың кенжесі мерт болды


Қызылорда қаласы әл-Фараби шағын ауданында өртенген үй. 18 ақпан 2021 жыл.
Қызылорда қаласы әл-Фараби шағын ауданында өртенген үй. 18 ақпан 2021 жыл.

18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласы әл-Фараби шағын ауданындағы уақытша баспанадан өрт шығып, бесіктегі сәби қайтыс болды. Үй ішінде сәбимен бірге оның төрт әпкесі және анасы болған. Олар үйден шығып үлгерген. Бұл оқиғаны Азаттыққа Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова растады.

– Уақытша тұрғын үйден 00:50 минутта өрт сөндіру қызметіне шақырту түскен. Біздің қызметкерлер басына барған кезде үй толығымен жанып жатқан. Үй ішінен 2020 жылы туған сәбидің бесікте жатқан күйі өлі денесін тапқан. Үйде одан бөлек төрт қыз бала және анасы болған. Әкесі жол жүріп кеткен. Анасы төртеуін құтқарып үлгерген ғой. Шамасы ұйықтап жатқан болу керек, – деді Ережепова.

Әлия Ережепованың сөзінше, балалардың анасын үш пайыз күйік шалған, 2018 жылы туған қыз баланың бір пайызы күйік шалғаны анықталған. Қалған үш бала аман. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Баспасөз хатшысының айтуынша, әзірге белгілі ақпарат бойынша бес баланың бесеуі де қыз бала. Бірақ бұл ақпарат нақтылауды қажет етеді дейді ол.

Әлеуметтік желіде өрт сөндіру қызметкерінің оқиға орнынан түсірілген баяндамасы тарады. Онда қызметкер оқиға орнына 00:59 уақытта келгенін, 01:23 уақытында өрттің сөндірілгенін, үйдің 11 шаршы метр екені айтылады.

Қазақстанда уақытша баспаналардың өртке орануы жиі болады. 2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын-үй мәселесін шешуді талап етті.

Ескерту: Қызылжарма шағын ауданы әл-Фараби мөлтек ауданы болып өзгертілді. Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта шағын аудан аты "Қызылжарма" деп аталған. Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі үйдің әл-Фараби мөлтек ауданына қарайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG