22 ақпанда Алматыдағы Қытай консулдығы алдына оннан астам адам жиналып, қақпа алдында "Қытай геноциді тоқтатылсын!", "Қытай елшісі шығып жауап берсін" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.
– Мен бұл жерге Қытайда қамалған бауырым Қалыпбек Бабамды босатуды талап етіп келіп отырмын. Ол сол жақта диктор, әнші, өлең оқиды, 60-тан астам әннің авторы. Оны 2019 жылы Қытай билігі "Қазақ мұңы" деген өлең оқығаны" үшін қамап, әлі күнге дейін босатпады. Сот үкімі шыққан жоқ. Қазір туыстарым маған хабарласудан қорқады. Ешнәрсе айтпайды. Бауырымның өміріне алаңдап келіп тұрмын, – деді Күмісқан Бабам есімді әйел.
Қытайда ұзақ жылға қамалған күйеуін босатуды талап етіп, күн сайын келіп жүрген Гүлнұр Қосдәулетқызының айтуынша, консулдық алдында акцияның жалғасып жатқанына жарты ай болған. Осы уақыт аралығында Қытайда қалған туыстары туралы ақпарат талап етушілердің саны көбейген.
Осы уақыт аралығында консулдықтан ешкім шығып, жауап бермеген. Бұған дейін консулдық алдында бауырын іздеп, ақпарат талап еткен белсенді Байболат Күнболатұлын полиция 10 күнге қамаған еді. Белсенді демалыс күндері қамаудан босап шыққан.
Қарай отырыңыз: Тұңғышы - Қазақстан, кенжесі Қытай түрмесінде. Кейуана Шыңжаңдағы баласына араша сұрайды (10 ақпан 2021 жыл).
– Біз тек жексенбі күні шыққан жоқпыз. Қалған күндері үздіксіз шығып келе жатырмыз. Мына жақта бір әйелді шақырып, "рұқсат қағазын сұраңдар" деген екен. Бірақ бізге рұқсат қағазды бермейді ғой, – дейді Гүлнұр Қосдәулетқызы митинг өткізу туралы өтініштердің көп жағдайда қанағаттандырылмайтынын меңзеп.
Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр. Олардың бірі туыстарының Қытайда "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын айтса, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
ПІКІРЛЕР