Accessibility links

Қазақстанда адамды қоғамдық орынға қосымшадағы "түске" қарап кіргізетін жоба жұмысын бастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандағы екі ірі қала – Алматы мен Қарағандыда адамның вирус жұқтырған я жұқтырмағанын төрт түрлі түспен белгілеп, сол бойынша ажырататын Ashyq мобильді қосымшаның пилот жобасы ресми түрде жұмысын бастады. Азаматтарды түрлі қоғамдық орынға осы "түске" байланысты кіргізетін болады.

QR-кодпен жұмыс істейтін бұл қосымша денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы адамның вирус жұқтырған я жұқтырмағанын анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысына сәйкес, Алматы мен Қарағандыда фитнес-клуб, спа-орталық, сауна, бассейн, компьютер клубы (18 жастан бастап), боулинг залына келген адамдарды әрқайсысы әртүрлі төрт түске қарап ажыратады. Аталған нысандарға кіру үшін азамат смартфонына Ashyq мобильді қосымшасын орнатуы шарт.

Ashyq мобильді қосымшасы базаға тіркелген азаматтарды мынадай төрт топқа жіктейді:

  • "Жасыл" түс жүріп-тұруда шектеу жоғын, яғни бұл адамның Covid-19 ауруына ПТР-тест қорытындысы вирус жұқтырмағанын көрсеткені базада тіркелгенін білдіреді;
  • "Көк" түс – бұл адамның ПТР-тест нәтижесі жоқ, бірақ ол ауру жұқтырған адамдармен байланыста болғандар есебінде жоқ;
  • "Сары" түс – деректер базасында Covid-19 жұқтырған адамдармен байланыста болғандар есебінде тұрған адам;
  • "Қызыл" түс– Covid-19 вирусын жұқтырғаны ПТР-тест нәтижесінде анықталған адам.

"Сары" және "қызыл" түсті топтағы адамдардың аталған нысандарға кіруіне тыйым салынады. Ashyq мобильді қосымшасындағы өзінің қай топқа жататынын көрсетуден бас тартқандардың да көпшілік орынға кіруіне болмайды.

2 ақпанда денсаулық сақтау министріу Алексей Цой әр азаматтың иммундық статусы туралы ақпарат бар QR-код EgovMobile мобильді қосымшасында болатынын, сонымен бірге оған Ashyq мобильді қосымшасындағы медицина мекемелері ақпарат жүйесіндегі деректер де біріктірілетінін, соның ішінде азаматтардың коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны жайлы деректер де жазылатынын мәлімдеген.

3 ақпанда денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерлан Қиясов әртүрлі түспен топқа бөліп, статус беруді "уақытша шара" деп атаған. Бұған қоса, егер пилот жоба сәтті өтсе, онда бұл жүйе сауда – ойын-сауық орталықтары, дүкен, мейрамхана, кафе, вокзал мен әуежайларда қолданысқа енгізіледі деп жарияланған.

Азаматтарды Covid статусына байланысты әртүрлі түспен белгілеп, қоғамдық орынға сол бойынша кіргізетіні туралы хабар қоғамда наразылық туғызған. Кейбір азаматтар мұны адамның құқығын бұзып, кемсіту деп атап, оған қарсы шыққан.

Азаматтарды Covid-19 вирусын жұқтырған я жұқтырмағаны туралы ақпарат жазылған QR-код арқылы анықтап, сол бойынша жүріс-тұрысын реттейтін шаралар әлемнің бірқатар елінде енгізілген. Көбіне ондай шаралар жұрттың наразылығын туғызып, қоғамда мұндай шара қаншалықты заңды деген мәселе бойынша қызу пікірталас өрбіген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG