Дүйсенбі күні Алматыдағы Ганди саябағынан гендерлік теңдік тақырыбымен басталған, жүздеген адам қатысқан шеру Ғылым академиясы алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдына жеткен соң митингіге ұласты. Бұл - феминист белсенділерген билік келісім берген алғашқы митинг.
Бүгінгі акцияны ұйымдастырған "Феминита" феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды. Секербаева пікірлестерімен бірге Қазақстанда феминистер шеруін өткізуге биліктің рұқсатын алуға 2017 жылғы 8 наурыздан бастап талпынғанын айтты.
– Біз, "Феминита" – лесби, бисексуал, квир, транс әйелдер құқығын қорғаушы феминистерміз. Сонымен қатар, жыныстық қызмет көрсетіп жүрген әйелдердің адам құқығы, қадір-қасиеті бар екенін баса айтамыз. Шешемнің маған қалдырған өсиеті бар еді, кең болсаң, кем болмайсың деген. Құрбыларым, достарым, сіздерге былай деп айтқым келеді: Қазақстанда лесби әйелдер бар, оның бірі – мен. Өзге әйелдердің құқығы бар, оны қорғаушының бірі – мен. Болсаңыз кең, болмассыз кем, болсаңыз кең, боламыз тең, – деді митингіде сөйлеген Гүлзада Сержан.
Митингіде сөйлеген феминистер өкілі Арина Осиновская шараға қатысушылардың кейбірі осыған дейін бейбіт акция өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылғанын, ал [билік келісімімен] өткен бүгінгі шеру тарихи оқиға болып қалатынын, ал болашақта қала көшесіне бұдан да көп адам шығады деп сенетінін айтты. "Әйел белсенділігі дегеніміз – өмір үшін күрес. Тұрмыстағы зорлық құрбаны болған, жеке басын қорғағаны үшін түрмеде отырған, үнсіз отырудан бас тартқан әр әйел үшін күрес" деді ол.
Осыдан бес жыл бұрын балғын жасынан сексуалдық зорлық көргенін ашық мәлімдеген Мөлдір Албан бүгінгі митингіде "Свет" қоғамдық қоры атынан сөйледі.
– Мен бүгін зорлық-зомбылықты басынан өткерген, кешегі бала шағында жақын туыстарынан, өзіне таныс, сеніміне кірген адамдарынан сексуалдық зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектердің, сенген серігінен соққы алған әпке-сіңлілерімнің атынан шығып отырмын. Бұл проблема біздің ортада көбеймесе, азайған жоқ. Біз бүгінгі таңда өзімізді көкала қойдай ғып ұрып-соққан ерімізді заң жүзінде қалай жазалауды да білмейміз. Неге? Өйткені заңымыз осал, күресуге ынтамыз аз. Заң зорланғанды емес, зорлағанды, жәбір көргенді емес, қорлағанды жақтайды, - деді Мөлдір Албан.
Жиында сөйлеген кей белсенділер Қазақстанда тұрмыста әлімжеттік көрсеткен адамды әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартатындай заң өзгерісін енгізуге үндеді. Олар қоғамда және тұрмыста қазақ әйелдерінің құқығы жиі бұзылатынын, "зорлық құрбандарына заң араша түспейтінін" айтты.
– Қазақстанда әрбір төртінші әйел отбасында зомбылық көрген. Елде әр үш сағат сайын ір әйелді зорлайды. Жыл сайын Қазақстанда үш мың қызды күйеуге береді. 2020 жылғы карантин кезінде 56 әйелді күйеуі өлтірген, – деді "КазФем" феминист тобының өкілі Эйри Асиева.
Дүйсенбідегі акцияға қатысушылардың кейбірі Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша үстінен қозғалып, айып тағылған белсенді әйелдердің суреті мен оларды қудалауды доғаруды талап еткен жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Бірақ Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдындағы митингіде оларға сөз тимеді.
– Қазір түрмеде отырған, саяси тұтқын атанған қыздарымызды босатуды, Еуропарламенттің 11 ақпандағы қарарын орындауды биліктен талап етіп сөйлейік десек, бізге сөз бермей тұр. Біз бүгінгі акцияға сол қыздарымызды босатуды талап етіп шықтық, – деді өзін Жанна Ынтымақова деп таныстырған адам.
Алматыдағы алғашқы рұқсат етілген феминистер митингісі белгіленген мерзімде, жергілікті уақытпен 15:30-да аяқталды. Митингіге дейін шеру кезінде журналистерге өзін "Ресентимент клубының" өкілі Олжас Қожахметовпін деп таныстырған бір азамат әйелше киінген жігіттің басындағы паригін жұлып алған, екеуін де полиция алып кетті. Бұдан өзге тосын оқиға болған жоқ, адамдар бейбіт жиын аяқталған соң тарап кетті.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы тұрмыстағы әлімжеттік тақырыбын "тұрақты сақталып отырған мәселе" деп сипаттайды. Ішкі істер министрлігі былтыр қыркүйекте полицияға тұрмыстағы әлімжеттікке байланысты түскен 130 мың шағымның тек 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 30 мың шағымның негізінде әкімшілік іс қозғалған. Ал өзге жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.
БҰҰ есебіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады.
ПІКІРЛЕР