АҚШ Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипаль және Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейге санкциясын күшейтті. Бұл туралы АҚШ сауда министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
Оған сәйкес, АҚШ ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар тауарлар мен технологиясын Ресейге экспорттауды тоқтатады. Мәселе қорғаныс саласында қолданылатын өнімдер мен түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін тауарлар жөнінде болып отыр. Соның салдарынан Ресейдің авиация және ғарыш саласы ірі мәселеге кезігуі мүмкін.
Санкция ауқымының ұлғайғаны жайлы шешімге түсініктеме берген министрлік "Ел ішінде және шетелде адамның жүйке жүйесін істен шығаратын тыйым салынған заттарды диссиденттерге қолдану арқылы Ресей үкіметі Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенция бойынша алғаш міндеттемелерін өрескел бұзды. Өзінің азаматтары мен шетелдіктердің өмірін қауіпке тікті. Осы себепті сауда министрлігі оның сезімтал Америка технологиясына қол жеткізуіне тыйым салады" деп мәлімдеді.
Скрипальдар отбасы уланғаннан кейін Америка билігі химиялық қаруға тыйым салу туралы 1991 жылы қабылданған заң аясында екі санкция салған. Навальныйдың улануына байланысты былтыр тамыз айында және биыл наурыз айында соған ұқсас шаралар қолданылды. Қара тізімге бірқатар жеке және заңды тұлғалар енген, арасында ресейлік ғылыми институттар да бар. Бұған қоса, Ресейге әскери және екі мақсатта қолданылуы мүмкін технология түрлерін тасымалдауға шектеу қойылды.
АҚШ сауда министрлігінің баспасөз хабарламасы президент Джо Байденнің Владимир Путинді өткір сынаған сұхбаты жарияланған күні таратылды.
Ресей билігі Скрипаль мен Навальныйдың улануына қатысы жоғын айтады.
ПІКІРЛЕР