29 наурыз күні Шымкентте оннан аса көп балалы әйел қала әкімдігіне барып, тағы да баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Әкімдік мемлекеттен тегін үй кезекпен берілетінін айтты.
Жиналғандардың бірі Раушан Жанарова 6 жылдан бері үй кезегінде тұр. Жалдамалы пәтерде тұрудан шаршаған отбасы мемлекеттен берілетін тегін үйге зәру. Айтуынша, 6 баласымен жалдамалы пәтер табудың өзі мұң.
- Тамақ сұрап жатқан жоқпын. Аш емеспін. Баспанам жоқ. Балаң көп деп, үй иесі шығарып жатыр. Әкімдікке баспана беріңдерші деп жүріп аяқтан аяқ қалмады, тозып кеттік, - дейді Жанарова.
Наразылардың ішінде мүгедек баласы бар әйелдер де болды. Олар да мемлекеттен беріледі деген баспананың кешігіп кеткенін айтты. Кейбірі мүгедек балаларына берілетін әлеуметтік көмек пен дәрі-дәрмектердің кешігіп жатқанын жеткізді.
Бұдан соң әйелдер талаптарын айтып, айқайлады. Қалалық басқарма басшылары келіп, әйелдерді сабырға шақырды.
Қалалық тұрғын үй басқармасының өкілі Жұлдызай Ордабекова көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен беріледі деген үйдің кешігіп жатқанын растады. Оның сөзінше, 2020 жылдың соңында қабылдануы тиіс үйлердің құрылысы бітпей қалған. Үй енді қабылданып, пәтерлерді бөлу жұмысы жүріп жатыр. Пәтер кезекпен беріледі.
Басқарманың мәліметінше, Шымкентте 7 мың көп балалы отбасы және 14 мыңнан аса әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы тегін үй кезегінде тұр. Жалпы қалада үй кезегінде тұрғандар саны 43 мыңнан асады.
Наразы әйелдер басқарма басшыларының уәдесін алды. Олар егер талаптары орындалмаса бір аптадан соң тағы әкімдікке келіп, наразылық білдіретінін айтып тарады.
Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы және жалғызбасты әйелдер наразылығы соңғы бірнеше жылда күшейген. Билік өкілдері "баспана мәселесі бір күнде шешілмейді, шама-шарқынша көмектесіп жатырмыз" деумен келеді. Ал кейбір наразылар "мемлекет беретін баспананы оған шын мұқтаж отбасылар ала алмайды, баспанаға кезекке тұру өте қиын" деп санайды.
ПІКІРЛЕР