Accessibility links

4 айдан бері қамауда жатқан белсенді Мұхаммедовтің тағы аштық жариялағаны хабарланды


"Саяси тұтқын" Нұржан Мұхаммедов. 2019 жыл.
"Саяси тұтқын" Нұржан Мұхаммедов. 2019 жыл.

Шымкенттегі тергеу изоляторында төрт айдан бері қамауда жатқан азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедов 27 сәуірде аштық жариялады. "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген белсенді жақындарының айтуынша, "қылмыстық істі тоқтатуды талап етіп отыр".

Белсендінің әйелі Бағила Текебаеваның Азаттыққа айтуынша, Мұхаммедов аштықты сейсенбі күні таңертеңгі сағат 10:00-де бастаған. Белсенді әйеліне Қылмыстық кодекстің 405-бабымен тағылған айыппен келіспейтінін және тергеу жұмысына наразы екенін айтқан.

– Күйеуім "Көше партиясы" және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына еш қатысы жоқ екенін айтты. 4 айдан бері жазықсыз қамауда отырғанына ызалы, - деді Текебаева.

Мұхаммедов қамауда жатқан Сәуле мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 мекемесінің басшысы Ермек Жалғасбаев Азаттыққа белсендінің аштық жариялау туралы мәлімдемесінен хабары бар екенін жеткізді. Мекеме басшысы белсендімен өзі жеке сөйлескенін, прокуратурамен кездесу ұйымдастырылып жатқанын, "аштықты тоқтатқанын" айтты. Дегенмен белсендінің туыстарының айтуынша, "Мұхаммедов қылмыстық іс тоқтамайынша аштығын жалғастыра беретінін" айтқан. Сол себепті олар түрме басшылығының сөзіне күмәнмен қарап отыр.

Мұхаммедов 8 қаңтарда да тағылған айыппен келіспей аштық жариялаған. Прокурормен кездескеннен соң аштығын тоқтатқан.

Биыл 6 қаңтарда полиция азаматтық белсендінің үйін тінтіп, өзін алып кеткен. Оған "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деген айып тағылып, екі айға қамалған. Белсенді тағылған айыппен келіспеген.

"Нұржан Мұхаммедов қолдады" делінген ұйымдар – ҚДТ мен "Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Мұхаммедов бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны "заңсыз митингілерге" қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

2019 жылдың 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG