Accessibility links

Көлігін өртеу, пышақтау, ұрып-соғу. Белсенділерді "бандит әдісімен" қорқыту


Азаматтық белсенді Есенғазы Қуандықтың өртенген көлігі. Алматы, 14 желтоқсан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Есенғазы Қуандықтың өртенген көлігі. Алматы, 14 желтоқсан 2020 жыл.

Қазақстан билігіне қарсы шығып, ойындағысын айтқаны немесе жай азаматтық қоғамды дамытуға ат салысқаны үшін белсенділер қысымға ұшырап, қамалып, айып арқалап қана қоймайды. Әсіресе митинг, сайлау тәрізді шаралар қарсаңында олардың көлігін өртеу, ұрып-соғу, қорқыту сияқты оқиғалар жиілеп кетеді. Мұндай істердің көбі ашылмай, қылмыскер тасада қалады. Құқық қорғаушылар "бұл – биліктің бұрыннан бар қорқыту шарасы" деп санайды.

"МЕНІ ҚОРҚЫТҚАННАН ПАЙДА ЖОҚ"

Орал қаласында тұратын 71 жастағы Серік Қаяпқалиевты түнгі екінің кезінде сырттан түскен жарық оятып жіберген. Қараса, терезе түбінде тұрған ескі көлігі лапылдап жанып жатыр екен. Дереу далаға атып шығып, жерде жатқан қармен өртті сөндірмек болады. Әйелі өрт сөндірушілерді шақырып әлектенді.

– Көліктің төбесі жанып жатты. Ал қозғалтқышы мен моторы тұрған алдыңғы жағы сау. Жанғыш зат төгіп, әдейі от қойған, әйтпесе төбесінде не өртенуі мүмкін? Оның үстіне от бірден лап ете қалды, – деп еске алады зейнеткер.

Оралдық азаматтық белсенді Серік Қайыпқалиев үйінің жанына қойған көлігі өртенген жерде тұр.
Оралдық азаматтық белсенді Серік Қайыпқалиев үйінің жанына қойған көлігі өртенген жерде тұр.

Ол – 2021 жылғы ақпанның 27-і еді. Өрт сөндірушілер мен полиция тез-ақ жеткен. Көліктің қасақана өртелгені бірден түсінікті болған. Кейін бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің "Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" бабымен іс қозғалған. Тергеу әлі жүріп жатыр.

Серік Қаяпқалиев сол күндері Қазақстанның бірқатар қаласында өтеді деп жоспарланған бейбіт митингіге дайындалып, Оралдағы шараны ұйымдастыру ісімен жүрген. Оппозициялық ұйымдар мен белсенділер сол күні үкіметтен саяси тұтқындарды босатуды, Еуропарламенттің адам құқықтарын сақтау жөніндегі қарарының шарттарын орындауды талап етпек болған еді. Ара-тұра адам тасып, зейнетақыға қосымша табыс тауып жүрген жалғыз ескі көлігінің өртенуін Қаяпқалиев белсенділігі үшін сес көрсетіп, қысым жасаудың амалы деп біледі.

Орал қаласында тұратын азаматтық белсенді Серік Қайыпқалиев.
Орал қаласында тұратын азаматтық белсенді Серік Қайыпқалиев.

– Мен тұратын аудан тыныш. Көршілердің бәрі бір-бірін таниды. Бөгде біреу келіп көлікті өртемесе, өзіміздікілер мұндайды істемейді. Бір көршім күндіз көлігімнің жанында белгісіз адамдар жүргенін байқағанын кейін айтты, – дейді ол.

Бірақ бұл оқиға Серік Қайыпқалиевты райынан қайтармаған. Ертесіне ол митингіге автобуспен барған.

– Мені қорқытқаннан пайда жоқ. Бұл – жастарды қорқытып, соларға "ой салған" түрі ғой. Ол ойлары жүзеге асты да. Көлігім өртенгеннен кейін кей жігіттердің ата-анасы, жақындары ұрсып, оларды митингіге жібермей қойды, – дейді зейнеткер.

Өртенген көлікке байланысты қозғалған қылмыстық іс тергеуі екі айдан бері жүріп жатыр. Дегенмен зейнеткерді бірде-бір рет шақырып, тергеу барысымен таныстырмаған. Ол тіпті тергеушілер айыптыларды табады дегенге де сенбейді. "Оларға кінәліні табу қажет емес, тіпті іздемейді де" дейді Серік Қаяпқалиев.

Полиция Азаттыққа "тергеу әлі жүріп жатыр" дегеннен өзге еш ақпарат бермеді.

"МАШИНАМДЫ ӨРТЕГЕН СОҢ БӘРІ БЕЛСЕНДІЛІКТІ ТОҚТАТТЫ"

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғыны, саяси белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің де көлігі былтыр өртенді. Полиция іс қозғағанымен "қылмыс құрамын таппай", іс жабылып қалған.

17 ақпан күні үйден шықсам, көлігімнің алдыңғы бөлігі жанып жатыр екен. Резеңке доңғалағынан бастап жанғаны байқалды. Екі-үш қадам жерден сіріңке мен қолғап тауып алдық. Көлігім мүлде жарамсыз болып қалды. 2015 жылғы Renault Duster еді, 4,5 миллион тегеңге алғанмын. Оқиға "кісі қолынан болды" деді, бірақ "кім өртегені нақты белгісіз" деп, істі жапты. Өзім де әрі қарай арызданбадым, – дейді Жұмағалиев.

Ол есік алдында тұрған көлігін "саяси ұйым белсендісі болғаным үшін өртеді" деп санайды. Мұратбай Жұмағалиев саяси белсенді Жанболат Мамай ұйымдастырғалы жүрген Қазақстанның демократиялық партиясын қолдайды. Оқиға болған кезде ол осы ұйымның 22 ақпанға белгіленген құрылтай съезіне баратын Жаңаөзен белсенділерін ұйымдастырып жүрген. Көлігі өртенгеніне қарамастан, ол бәрібір Алматыға барды. Алайда съезд болған жоқ.

Демократиялық партия құрғысы келетін бастамашыл топ жоспарланған съезд алдында аймақтардан Алматыдағы жиынға бармақ болған белсенділеріне қысым жасалған соң, құрылтайдың орнына митингіге шыққан еді.

Билікті сынап, наразылық пикеттерін ұйымдастырып жүретін Мұратбай Жұмағалиев бұл – өзіне жасалған жалғыз қастандық емес дейді.

– Былтыр алты рет қамалдым, әр қамалған сайын осындай істер болды. Бірде жылқымды өлтіріп кетті, кейін қой, ешкімді бауыздап кетті. Оның барлығын жариялаған жоқпын, жарияласам, қасымдағы адамдардан айрыламын, олар қорқып, кетіп жатыр. Елу шақты адам едік, машинамды өртеген соң бәрі белсенділігін доғарды. Маған қастандық жасап, халықты қорқытқысы келеді. Бірақ өз позициямнан таймадым. Қазір, міне, жер мәселесі бойынша үндеу жасап, қалыс қалмайық деп, белсенділікті тоқтатпай жүрміз, – дейді Мұратбай Жұмағалиев.

Жаңаөзен полициясы Азаттық тілшісінің осы оқиға туралы сұрағына "ол іс жабылып қалды" деп қысқа ғана жауап қайырды.

БЕНЗОБАКҚА ОТ ҚОЙҒАН...

Былтыр жыл соңында Алматыда тұратын ғалым, азаматтық белсенді Есенғазы Қуандықтың көлігіне белгісіз біреулер от қойып кеткен. 14 желтоқсанға қараған түні сағат 2 шамасында ол көлігінің жанып жатқанын көрген.

Азаматтық белсенді Есенғазы Қуандықтың өртенген көлігі. Алматы, 14 желтоқсан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Есенғазы Қуандықтың өртенген көлігі. Алматы, 14 желтоқсан 2020 жыл.

– Терезеден қарасам, лапылдап жанып жатыр. Жалма-жан далаға жалаң аяқ атып шықтым. Үлкен шүберек тауып алып, сонымен ұрып-ұрып өшірдім. Сосын көршілерім шықты. Өрт сөндірушілер келгенше отты өшірдік. Салоны түгел жанып кетті. Бензин багының қақпағы ішінен ғана ашылады. Ол ашық тұр. Ал қақпағы жерде жатыр. Ол өзінен-өзі секіріп кетпейді ғой. Және ол өрт шығатын жер де емес, "тұйықталу" әдетте мотордан болады, – дейді белсенді.

Полиция бұл жолы кінәлілерді үш-ақ күнде тауып, істі сотқа жіберген.

– Полиция келесі күні "осы өртеді" деп, бір кісіні ұстады. Ол өзі мойындады, сосын "тапсырыс берген адам бар" деп, Мехтиев деген бір адамды атады. Екі қабат ескі үйде тұрамын, әлгі адам астыңғы қабатта дүкен ашып, соған қосымша рұқсатсыз ғимарат қосты. Көршіміз екеуміз учаскелік полиция шақыртып, арызданып жүріп, ақырында онысын бұзғызғанбыз. Көлігімді өртеді деген жігіт сол дүкен иесінің қоластында істеген екен. Сол менен өш алған деп сендірді, – дейді Есенғазы Қуандық.

Басында ол "тергеуге сеніп, бұл іс – қарапайым бұзақылық" деп ойлап жүріпті, алайда сот барысында бұл ойынан айныған.

– Іс жүріп жатқан үш ай бойы күдіктілер қамауда болды. "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" бабының екінші тармағы бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бостандығынан айырылуы керек еді. Оның үстіне олардың жазасын ауырлататын үш жайт болған. Біріншісі – менен кек алды, бұл "аса ауыр" деп саналады. Екіншіден, тез тұтанғыш сұйық зат қолданды. Содан кейін "топтасып, алдын ала сөз байласып" жоспарлады. Соған қарамастан, бірінің кішкентай баласы барын, ал екіншісі жасы келген, сырқат кісі деп, екеуін де босатып жіберді, – дейді белсенді.

Соттың 8 сәуірдегі қаулысында тапсырыс берушіге – алты, ал тапсырысты орындаушыға – бес жыл бостандығын шектеу жазасы тағайындалғаны жазылған.

– Басында әлгілерді ұстағанда, арамызда бір рет конфликт болғасын, шынымен қылмысты солар істеді деп сендім. Ал кейін тергеу мен сотта прокурорлар қорғап, сот босатқанына қарап, тапсырыс басқа жерден түскен деген ой келді. Бұл менің азаматтық белсенділігім, оппозициялық көзқарасым үшін жасалған қастандық екеніне еш күмәнім жоқ. Әйтпесе, бензобакқа от қойып, жарылыс жасамақ болған, мұны террористік актімен теңестіруге де болады, – дейді ол.

"БҰЛ БАНДИТТІК ӘДІС"

Қазақстанда билікті сынап жүрген азаматтық белсенділерді ұрып-соғу, көлігін өртеу не оның дөңгелегін кесіп, бүлдіру, үйінің терезесін шағу сияқты оқиғалар жиі болып тұрады. Әсіресе оппозиция белгілеген митинг қарсаңында немесе сайлаудың алдында мұндай оқиға көбейіп кетеді. Бұл қылмыстың көбі ашылмай қалады. Құқық қорғаушылар мұны белсенділерге психологиялық қысым жасау әрекеті деп санайды.

Былтыр Шымкентте белгісіз біреулер қоғам белсендісі Нұржан Мұхаммедовтың жеңіл көлігінің терезесін шағып, ішіне иттің басын тастап кеткен. Прокуратура белсендінің шағымы бойынша іс қозғалғанын, күдікті ізделіп жатқанын мәлімдеген.

Азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедов әлдекімдер бүлдіріп кеткен көлігінің жанында тұр. Шымкент, 19 қараша 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедов әлдекімдер бүлдіріп кеткен көлігінің жанында тұр. Шымкент, 19 қараша 2019 жыл.

2020 жылғы 28 желтоқсанда Балқаш қаласында белсенді Азамат Раевты үйінің жанында сабап кетті. Ол 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауын әділ өткізуге ат салысып, бақылаушыларды ұйымдастырып жүрген еді.

2017 жылы мамырда Жамбыл облысының Шу ауданында "Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық қорының төрағасы Рамазан Есіргеповке пойызда әлдекімдер пышақ салып кетті.

Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының президенті Бақытжан Төреғожина екі жыл бұрын қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылдың көлігінің тежегішке сұйық баратын бөлігін әлдекімдер кесіп кеткенін еске алды.

Төреғожина мұндай қорқытып-үркіту көп болатыны сондай, олардың барлығын еске түсіру де қиын дейді. Мұндай жағдай құқық қорғаушының өз басынан да талай өткен. Қазақстанның тәуелсіз тарихында қарапайым белсендіден бастап, ірі саяси қайраткерлерге дейін осындай оқиғаларды басынан кешкендер өте көп. Оппозициялық саясаткерлер мен құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл – Қазақстан билігінің бұрыннан бар қорқыту әдісі.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

– Бұл – қорқытып, сес көрсетіп, соңынан жоқ қылып жіберетін бандиттік әдісі. Ал өз азаматтарына қарақшылық жасап отырған мемлекет – құқық пен заңды сақтамайтын полицейлік әрі авторитарлы-диктаторлық мемлекет. Ол – өз сөзінің дұрыстығына сенбейтін қорқақ мемлекет, – дейді Бақытжан Төреғожина.

– Әділдік бәрібір [биліктің] қолымен қойған судьялар жағында емес, түрмеге қамалып, бостандығы шектеліп, айыппұл арқалап, әкімшілік қадағалауға алынып жатқандар жағында. Мүмкін өздері құрған жүйеге сенбегендіктен олар осындай қарақшы әдістерін қолданатын болар? – дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, мұндай әдіс көп жағдайда нәтижелі болады. Әдетте туыстарының қысымына ұшырап, жақындарының қауіпсіздігін ойлаған белсенділер наразылықты азайтып, кейде тіпті қоғамдық іске араласудан да бас тартып жатады. "Мұндайда оларды айыптау орынсыз, себебі әркімнің отбасы мен бала-шағасы алдында жеке жауапкершілігі бар" дейді құқық қорғаушы.

Дегенмен, ол ұзақ мерзім тұрғысынан қарағанда мұндай әдіс опа бермейтінін, қорқытып-үркіту халықтың билікке сенімін азайтып, наразылықты бұрынғыдан да күшейтетінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG