Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Шыңжаңда қалған туыстарын іздеп, акция өткізген Нұрзат Ермекбай пен акциядан хабар таратқан белсенді Байболат Күнболатұлына айыппұл салды. Бұл туралы белсендінің өзі Азаттық тілшісіне хабарлады.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтарға "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айып тағылған. Сот Байболат Күнболатұлына – 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (145 мың теңге немесе 341 доллар), Нұрзат Ермекбайға 30 АЕК (87 мың теңге немесе 205 доллар) көлемінде айыппұл салған.
– Сот онлайн өтті. Адвокат Шынболат ағаның [Байжанов] қорғауында болдым. Полицияның таққан айыптарының барлығын мойындамайтынымды және онымен келіспейтінімді жеткіздім. Шынболат аға да "Қытайдағы геноцид" туралы айтты. Соған қарамастан сот 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Шешімді апелляцияға береміз деген ойымыз бар, – деді белсенді 12 мамыр кешке қарай Азаттық тілшісіне.
Сәрсенбі күні тағы үш азаматқа да сот шешімі шығады деп айтылады.
11 мамырда кешке Алматыда полиция Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, "Қытайға қатысы бар" делінген мекемелердің бірінде акция өткізген сегіз адамды ұстап әкеткен еді. Сейсенбі күні түнде олардың үшеуіне сот ескерту берген.
Олар пикет өткізгені үшін айыпталып, сотқа тартылып жатқан шақта АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі "бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайтынын" мәлімдеді.
"Біз Қытайдың ұйғырларды, қазақтарды және басқа да этникалық азшылықтарды жаппай түрмеге жапқанын айыптаймыз. АҚШ өкілдігі #Шыңжаңдағы отбасы мүшелері жайында ақпарат іздеушілерді қолдайды. Бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайды" деп жазды АҚШ елшілігі Twitter парақшасында.
- Қытай Шыңжаңда қалған жақындарымызды босатпай отыр деген бір топ адам 94 күннен бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдына келіп наразылық өткізіп жүр. Олар Пекиннен туыстарын босатуды талап етеді. Полиция наразылыққа шыққандарға жиі кедергі келтіреді.
- Кейінгі кезде олар консулдықтан бөлек Алматыдағы Қытай банкіне және Қытайдың Sinooil жанармай құю станциясына да барып жүр.
- Шыңжаңда қалған інісін босатуды талап етіп жүрген Байболат Күнболатұлы бұған дейін Қытай консулдығы алдында наразылық өткізгені үшін "бейбіт жиын заңын бұзды" деген айыппен он күнге қамалып шыққан.
- БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан аса ұйғыр, қазақты еш себепсіз лагерьге я түрмеге қамап отыр деп мәлімдеген. Қытай лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді, Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп атайды.
- Шыңжаңдағы жағдай әлем державалары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының алаңдаушылығын туғызды. АҚШ, Канада, Нидерланды Қытайдың Шыңжаңда ұйғырларға геноцид жасап отырғанын айтқан. Қытай тағылған айыптармен келіспейді және батысты "елдің ішкі ісіне араласты" деп айыптаған.
- Шыңжаңда туысымыз қамалды деген қазақстандықтар Нұр-Сұлтаннан жиі көмек сұрайды. Қазақстан билігі дипломатиялық арналар арқылы олардың арызын қарастырып жатқанын жиі айтады. Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесіне қатысты нақты бір ұстаным айтпаған.
ПІКІРЛЕР