14 мамырда Қарағандыдағы сот Сәтбаев қаласында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталғандарға үкім шығарды. Былтыр 24 шілдеде Сәтбаевта "62 жастағы ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады" деген ақпараттан соң түнде жаппай тәртіпсіздік болып, ғимараттар өртеніп, полицейлер мен тұрғындар зардап шеккен. Осы оқиғадан соң ұсталған 55 адам прокурормен процессуальды келісімге келген. Сот жауапқа тартылғандарға мүмкін болған жеңіл жаза тағайындағанын мәлімдеді.
АЙЫПТАЛУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ ҮКІМ ШЫҚТЫ?
55 айыпталушыға үкім ұзақ оқылды. Айыпталушылардың бір тобы үкімді Қарағандыдағы тергеу изоляторында, тағы бір тобы Сәтбаевтағы полиция бөлімшесінде тұрып тыңдады. Жауапқа тартылғандардың көбі он айдан бері изоляторда отыр.
Судья Кенжебай Искакбаев сөзінің соңында "үкім шығарғанда айыпталушылардың кінәсін мойындап, прокурормен процессуальды келісім жасасқанын ескергенін" айтты. Жауапқа тартылушылар мен олардың адвокаттары судьяның "сұрақтарыңыз бар ма?" деген сауалына ішінара "бәрі түсінікті, сұрағымыз жоқ" деп жауап берді. Үнсіз қалғандары да бар.
Сот үкіміне сай, тоғыз адам үш жылға түрмеге қамалды. 44 адам төрт жылға екі адам бір жарым жылға шартты жаза алды. Бір күн бұрын, 13 мамырда прокурор соттан дәл осы жазаларды сұраған.
Төрт адам "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталды. Екі адам "тәртіпсіздікке шақырды" деп сотталды. 51 адам "тәртіпсіздікке қатысқаны үшін" жазаланды. 42 айыпталушыға "билік өкіліне күш қолданды" деген де айып тағылған.
Осыған дейінгі отырыстарда айыпталушылардың кейбірі айыппен келіспеген. Олар ғимараттарды өртемегенін, полицияға қол көтермегенін айтып, "тергеу қаншалықты айыпты екенімізді дұрыс анықтамады" деген. Кейін барлығы айыбын мойындап, прокурормен процессуальды келісімге келді. Бұл келісімге сай, сотқа тартылғандар айыппен, прокурор сұраған жазамен, дәлелдермен келісіп, үкімге шағым түсірмейді. Бұған дейін айыпталушылар соттан өздерін қатаң жазалмауды өтінген. Ал адвокаттар судьядан "айыпталушылардың жүйкесі сыр бере бастағандықтан" істі тезірек аяқтауды сұраған.
Айыпталушылардың басым бөлігі – ер адам. Ең үлкені – 47 жаста, кішісі – 17 жаста. Үйқамақта отырған сотталушылардың бірі жақында 18 жасқа толған. Жауапқа тартылғандардың арасында 21-46 жас арасындағы алты әйел бар.
Шартты жаза алғандар сот қаулысымен қамаудан босатылды. Ал түрме жазасына кесілгендер сот үкімі күшіне енгенге дейін изоляторда болады, кейін түрмеге жіберіледі. Қазір бұл іс бойынша екі адамға іздеу жарияланған.
СӘТБАЕВТА НЕ БОЛЫП ЕДІ?
2020 жылы 23 шілде түнде Сәтбаев қаласында "62 жастағы ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады" деген хабар түнгі жаппай тәртіпсіздікке ұласқан.
Кейін кішкене қыз 62 жастағы ер адамның үйінен табылған. Осыдан соң, 24 шілдеде үйдің ауласына адамдар жиналып, ер адамды өздері жазаламақ болды. Полиция күдікті адамды полицей формасын кигізіп, үйден алып кетті дегенді естіген ондаған адам бөлімшеге барып, ғимаратын қиратып, көліктерді өртеген. Тәртіпсіздік кезінде 64 адам – 50 полицей мен 14 тұрғын зардап шеккен. Осы адамның бәрі сотта жәбірленуші болды.
Ресми мәліметке қарағанда, полицейлер басында жағдайды бақылап, жұртты сабырға шақырған. Кейін қоршауға алған. Полицейлер жиналғандарды тек таңға жуық тарата алған. Сол кезде полиция біраз адамды ұстаған еді.
Үкімде жаппай тәртіпсіздіктің зардабы 25 миллион теңге деп айтылды. Бірақ бұған дейін шығын көлемі екі еседей көп болған.
45 айыпталушы тергеу мен сот кезінде Қарағандыдағы изоляторда қамауда отырды. Сот процесі де осы изоляторда болды. Ал үйқамаққа алынғандар сотқа Сәтбаевтағы полиция бөлімшесінен қатысты.
Сот онлайн өткендіктер журналистер мен қатысушылар трансляцияның сапасына шағымданды. Кейбір адвокаттар осыған байланысты Жоғарғы сот пен облыстық сотқа шағым жолдаған. Осыдан соң дауыс реттелгенімен, трансляция жиі үзіліп қалды.
"ҮКІММЕН БІРДЕН КЕЛІСТІК"
Сот үкімі шыққан соң Қарағанды облысы кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың жетекшісі Динара Мүтүбаева (істе кәмелетке толмағандар болғандықтан істі осы сот қарады – ред.) желіде брифинг өткізді. Ол Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздікте "бассыздық болып, ғимараттар өртенді, мүліктер бүлінді" деді.
Мүтүбаева барлық айыпталушы өздері айыпталған бап бойынша ең төменгі жазаны алғанын, мұндай тәртіпсіздікті ұйымдастыру ауыр жаза болып есептелетінін, ең қатаң жаза 10 жылға дейін жетуі мүмкін екенін айтты.
Ол "мұндай тәртіпсіздікке қатысу да ауыр қылмысқа жататынын, оған қатысқандарға үш жылдан сегіз жылға дейін түрмеге қамау қарастырылғанын" да айта кетті. Мүтүбаева билік өкіліне күш көрсету орташа ауыл қылмыс деп атап, оған заңда бір жылдан үш жылға дейін түрме жазасы белгіленгенін жеткізді.
Шартты жаза мен үш жылға түрмеге қамау – Сәтбаевтағы тәртіпсіздік ісіндегі баптардағы ең төменгі жаза.
- Барлық айыпталушы кінәсін мойындап, прокурормен процессуальды келісімге келді. Сотта барлығы бұл келісімді өз еріктерімен жасағанын, прокурор сұраған жазамен келісетінін айтты. Заң бойынша, сот келісімнен аттап, қатаң жаза тағайындауға құқығы жоқ, - деді Мүтүбаева.
Айыпталушылардың адвокаттарының көбі Азаттыққа пікір білдіруден бас тартты. Екі сотталушының адвокаты Ләззат Мұхамедина сот үкіміне көңілі толатынын, оның қорғауындағы екі адам (екеуі де төрт жылға шартты жаза алды) процессуальды келісімге басында-ақ келіскенін айтты.
- Үкіммен бірден келістік. Екеуі бұрын сотталмаған, жауапқа тартылмаған. Сондықтан сенімді болдық. Шағым түсірмейміз, - деді ол.
"Кішкентай қызды ұрлады" деп айыпталған 62 жастағы күдікті тергеу изоляторында асылып қалған. Полиция ол суицид жасады деген еді. Қазір екі тұрғын – ерлі-зайыпты "адам ұрлады", "зорлады" және "жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады" деген күдікпен қамауда отыр. Бұл екі адамның соты жабық режимде өтіп жатыр.
ПІКІРЛЕР