25 мамырда күндіз полиция баспана мәселесімен Нұр-Сұлтанға шағымданып келген Шымкент тұрғыны Бағлан Орынбеков пен оның бала-шағасын кеттлингке алып, Ақорда жаққа қарай жылжуына мүмкіндік бермеді. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.
– Баспанасыз жүргенімізге көп болды. Пәтер жалдап тұрамыз. Баспана кезегі жылжымайды. Билік мәселені шешуге уәде бергенімен, нәтиже жоқ. Қазақстанның қай өңірінен болсын бізге баспана берсін, – деді Бағлан Орынбеков Азаттық тілшісіне.
Ақорда маңына он баласы мен екі әйелін ертіп келген ер адам бірнеше рет президент әкімшілігі ғимаратына қарай баруға тырысқанымен арнайы жасақ оларды қоршап, жылжытпай қойды.
Орынбеков екі әйелінен барлығы 14 баласы барын, балалары өз атында екенін айтады.
Екі-үш күн бұрын Орынбеков бірнеше отбасымен бірге "оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру" бағдарламасы аясында Шымкенттен Павлодар облысының Железинский ауданына көшіп барған. Бірақ "ол жақта біздің қоныстануымызға мүмкіндік бермеді" дейді ол.
– Басында құжаттарымызды қабылдаймыз деп сандалтып қойды. Бірақ кеше бүкіл бала-шағамызбен қуып шықты. Видеолар да бар. Бізді полициямен қуып шықты. Аудан әкімінің орынбасары мұндай бағдарламаның уақыты бітіп кеткен деп бізді алдап шығарып салды. Бір апта бұрын менің туысымды осы жақта қабылдаған. Бізді діни көзқарасымызға орай шеттетіп отыр деп санаймыз, – деді ол.
Сейсенбі күні сәл ертерек оларды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қабылдаған, бірақ Орынбеков "менің мәселемді тек президент шеше алады, бұған дейін барлық табалдырықты тоздырып болдым" деп олардың айтқандарына күмән келтірген.
Қазақстанда баспана мәселесінің шешілмеуіне байланысты наразылықтар жиі болады. Көп балалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған немесе мүгедектігі бар ата-аналар баспана кезегінің баяу жылжитынына, мемлекет тарабынан әлеуметтік көмектің мардымсыздығына жиі шағымданады. Ал билік баспана кезекпен берілетінін, кезекті өзгерте алмайтындығын жиі алға тартады.
ПІКІРЛЕР