Accessibility links

Ақ үй: Байден мен Путин 16 маусымда Женевада кездеседі


АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин
АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин

Ақ үй АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы саммит 16 маусымда Женевада өтетінін хабарлады. Маусымда Байден президент ретінде Еуропа елдеріне алғашқы сапарына шығады.

Байден мен Путин президент ретінде алғаш рет кездеспек. Екеуі 2011 жылы Мәскеуде жолыққан. Ол кезде Байден – Барак Обама әкімшілігінде вице-президент, Путин – Ресей премьері еді.

24 мамырда белгілі болғандай, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі мен Ресей қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушев сөйлескен. Екі жақтың бірлескен мәлімдемесінде екі президенттің кездесуіне маңызды қадам жасалғаны айтылған. Құжатта Вашингтон мен Мәскеу қарым-қатынасты реттеуге мүдделі екені де жазылған.

Сәуірде Байден Путинмен телефонмен сөйлескенде кездесуді ұсынған.

Наурызда Байден журналистің "Путинді киллер деп санайсыз ба?" деген сауалына "иә, солай ойлаймын" деп жауап берген еді. Осыдан соң Мәскеу Вашингтондағы елшісін кеңесу үшін кері шақырып алған. Ал Мәскеудің қысымынан кейін АҚШ елшісі де Ресейден кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG