Accessibility links

Мамаймен соттасып жатқан Байбек: 40 күн өтті, дәлел ретінде бірде-бір құжат көрсетпеді


"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек (ортада) балалар алаңының ашылу рәсімінде. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2021 жыл.
"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек (ортада) балалар алаңының ашылу рәсімінде. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2021 жыл.

Белсенді Жанболат Мамайды сотқа берген "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Азаттыққа берген сұхбатында "40 күн болды, [жауапкер жағы] дәлел ретінде бірде-бір құжат көрсетпеді" деп мәлімдеді.

– Бәрі сотта дәлелденуі керек. Айтатын нәрсе айтылды. Қазақта "Айтылған сөз атылған оқ" деген жақсы сөз бар. 40 күн уақыт өтті, ол кісі дәлел ретінде бірде-бір құжат көрсетпеді. Сот бәрін ашық, әділ шешуі тиіс деп санаймын, – деді Байбек 27 мамырда Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін шенеунікті жемқорлық жасады деп айыптаған белсенді Жанболат Мамай "дебат өткізейік, таза екенін халық алдында дәлелдесін" деп оны пікірталасқа шақырған еді. Тікелей эфирде пікірталас өткізу туралы идея жөнінде саясаткер:

– Бұл жерде дебат артық деп ойлаймын... Жала жапқан адаммен не жайлы сөйлесемін? Ол жала жапты ма, менің құқықтарымды бұзды ма, мен сұхбат бердім бе, нақты құжаттарды бердім бе? [Бердім]. Ал Мамай мырза бірде-бір құжат берген жоқ. Айтқан әңгімесінің бәрі жала. Айтқан сөзін құжатпен дәлелдесін, - деді.

Ал белсенді Жанболат Мамай 27 мамырда "негізгі процесс басталмады, алдағы уақытта бүкіл қоғам Байбекке қатысты көп шындықты біледі" деп мәлімдеді.

– Қарап отырсақ, сотқа берген арызында ол фильмде көрсетілген мәліметтердің бір бөлігін ғана жоққа шығаруды талап еткен. Ол отбасының негізгі бизнесі туралы, жемқорлығы туралы, Ахметовтермен байланысы туралы мәліметті жоққа шығарып отырған жоқ. Сондықтан біз қазірдің өзінде Байбектің жемқор екенін дәлелдедік деп есептейміз. Біз енді Қазақстанда соттың қандай екенін білеміз. Қазақстан сотында әділдік жоқ екенін білеміз. Бірақ сотты шындықты жеткізудің мінбері ретінде пайдаланамыз, – деді Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, билікті сынап жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.

Фильмнен кейін Бауыржан Байбек билікшіл блогерге сұхбат беріп, Мамайдың айтқандарын жоққа шығарған. Оның заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдесін" деп сотқа шағым түсірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG