Accessibility links

Бүкіл әлем Лукашенконың "ақылынан адасқанын" қызықтап жатқанда Путин бұдан пайда көріп отыр


Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко.
Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко.

Минск қандай керіағар мәлімдеме жасаса да, Ресей оны қолдап отырады. Ryanair ұшағын күштеп қондыру оқиғасы да соны дәлелдеп отыр. Путиннің шын мәнінде көздегені не және оның Александр Лукашенконың саяси күресіне қандай қатысы бар?

Александр Лукашенко сәуірде қастандық объектісі болғанын айтқанда, шетелде Беларусьтің де-факто басшысы айтқан сөзге таңғалған адам аз болды. Өйткені ол былтыр президент сайлауынан кейін жаппай наразылық басталғалы ақылға сыймайтын әртүрлі теориялар айтып келеді.

Ресейдіңмемлекеттік ақпарат құралдары Лукашенконың мәлімдемесін іліп әкетіп, студияда ықтимал астыртын сөз байласу фактісі туралы талқылау өткізді, жексенбі күні кешкісін шыққан жаңалықтар топтамасында осы тақырыпқа арналған көлемді репортаждар көрсетті.

Лукашенконың мәлімдемесінен үш күн өткенде Ресей президенті Владимир Путин пікір білдіріп, Батыстың ықтимал әрекетін сынады.

"Беларусь президенті Александр Лукашенконың саясаты туралы әркімнің өз пікірі болуы мүмкін. Бірақ мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырып, саяси тұлғалардың, оның ішінде жоғары шенді шенеуніктердің өміріне қастандық жасау туралы жоспар құру – шектен шығу" деді Путин 21 сәуірде жыл сайынғы жолдауын жариялаған кезде сөйлеген сөзінде.

Путиннің пікірі одақтас мемлекеттер жасаған мәлімдемелердің арасында байланыс барын көрсетті. Ресей кейінгі айларда саяси билігін сақтап қалуға тырысып жүрген Лукашенкоға қолдау көрсеткелі қос елдің арасы жақындай түскен. Бұл кездейсоқ болған жоқ: Беларусьтің билікке қарасты ақпарат құралдарында істейтін бір топ журналист Лукашенкоға наразылық білдіріп, жұмыстан кетіп қалғанда олардың орнын басып, хабар таратуды жалғастыру үшін Ресей мемлекеттік арнасының тілшілері көмекке барды.

Лукашенко Ресейдің көмегін жауапсыз қалдырмауға тырысты. Ол 2020 жылы қыркүйекте президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жеткенін жариялағаннан кейін (көбі бұл сайлауды әділетсіз өтті деп есептейді) бір айдан соң Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесіп, өзі Батыстағы екі белгісіз ресми тұлғаның ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың улануын талқылап жатқан әңгімесі деп сипаттаған жазбаны көрсетті.

"Біз осы әңгімені жазып алдық. Бұл фальсификация болғанын дәлелдейді: Навальныйды ешкім уламаған" деді Лукашенко 3 қыркүйекте Мишустинмен өткен кездесуінде.

МӘСКЕУ ҮШІН "БӘРІНЕ ДАЙЫН" ЛУКАШЕНКО

Ағылшын тілінде жүрген телефон әңгімесінің орыс тіліне қате аударылған нұсқасында Лукашенко "оңай шағылмайтын жаңғақ" деп сипатталады. Бұл аударма желіде күлкіге қалып, "сапасыз жалған ақпарат" атанды. Бірақ ресми тұлғалардың кездесуінен кейін Ресейдің РИА ақпараттық агенттігі әңгіменің стенограммасы мен цитаталарын жариялады. Көп ұзамай бұл Ресейдің мемлекеттік арнасынан көрсетіліп, Алексей Навальный ешқашан нысана болған емес" деген пікірді қуаттағандай көрінді.


"Мұндай мысалдар Ресейге Лукашенконың әлем елдері алдында Мәскеудің мүддесін қорғау үшін бәріне, тіпті өз беделіне нұқсан келтіруге де дайын екенін көрсетеді. Бірақ мен қолдан жасалған айғақтарды қос тарап та бірдей деңгейде насихаттап отыр деп әсірелемес едім" дейді беларусь саясаттанушысы Артем Шрайбман.

Бұл ескертудің сабақ алатын тұсы осы аптада анық көрінгендей болды. Беларусь 23 мамырда Еуроодақтың екі астанасының ортасында ұшып бара жатқан коммерциялық ұшақты Минскіге күштеп қондырғаннан кейін оған "бортта бомба бар деген ақпаратты қолдан құрастырды" деген айып тағылды.

Протасевич мінген ұшақ дауына Лукашенко пікір білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00


Батыс үкіметтері Минскінің әрекетін "Беларусьтің диссидент блогері Роман Протасевичті ұстау үшін ұйымдастырылған дөрекі операция" деп атап, қатаң сынға алды. Беларусь Ryanair ұшағы Минск әуежайына қонғанша бұл рейсте Протасевич барын білмегенін, жай ғана "шетелден төнген қауіпке" реакция білдіргенін айтты.

Ресейдің бірқатар ресми тұлғасы Лукашенконы қорғады. Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Facebook парақшасында батыс көшбасшыларын "екіжүзді" деп атап, олардың осыған ұсқас басқа оқиғаларға әртүрлі реакция білдіргенін еске салды. Ол 2013 жылы шілдеде Боливияның бұрынғы президенті Эво Моралес отырған үкімет ұшағының бағыты өзгергенін мысалға келтірді.

Бірақ Минскінің оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндауға талпынысы сәтсіз аяқталды. Беларусьтің көлік саласына жауапты шенеунігі Минск әуежайының электронды поштасына палестиналық ХАМАС тобынан келген, Афина-Вильнюс рейсінің ұшағында бомба бары жазылған хатты оқып берді. Бірақ Лукашенко бұл нұсқаны соңына дейін қорғай алмады. "Хамас па, басқа ма, оның еш мәні жоқ" деді ол 26 мамырда бомба туралы хабардың Швейцариядан түскенін айтып.

ПУТИН ҚАНДАЙ ПАЙДА КӨРІП ОТЫР?

Эмиграцияда жүрген ресейлік бизнесмен Михаил Ходорковский қаржыландыратын Dossier Center зерттеу тобы Беларусь атаған электронды хаттың скриншотын жариялады. Dossier Center бұл хатты қайдан алғанын айтқан жоқ. Бірақ әуежай поштасына хат келген уақытқа қарап, бұл хабарламаның Минскінің әуе диспетчерлері Ryanair командасына жарылыс қаупін ескертіп, Израильді Газа секторындағы әскери қимылдарын тоқтатуға шақырғаннан кейін (шын мәнінде Израиль мен Палестина арасында оқ атуды тоқтату туралы келісім Афина-Вильнюс рейсінен екі күн бұрын күшіне енген) түскенін көруге болады.

Бірер күн бұрын Беларусь билігі сөзінің дәлелі ретінде Ryanair ұшқышы мен Минск диспетчерінің арасындағы әңгімені келтірді. Экипаж бомба қаупі туралы ескерту алғаннан төтенше жағдай жарияланғанға дейін 16 минут өткен. Бірақ төтенше жағдай жарияланардың тура алдындағы 2 минут Беларусь билігі ұсынған транскрипциядан алынып тасталған.

Авиация жөніндегі авиациялық сарапшы Азаттыққа берген сұхбатында "стенограмманың жырығы сонша, ұшақпен өтуге болады" деген.

Минскіден негізсіз ақпарат ағыны толассыз түсіп жатқанда Кремльдің бұрынғы спичрайтері Аббас Галямов "Лукашенконың мәлімдемелері көбіне Кремльдің өзін ыңғайсыз жағдайға қалдыратын болса керек" деген пікір білдірді. Галлямов көбіне қос тараптың мәлімдемелері өзара қиыспаса да, Мәскеу Беларусьтің ең сорақы әрекеттерінің өзін сынамайды деп есептейді.

"Путин бұдан пайда көріп отыр. Бүкіл әлем Лукашенконың біртіндеп ақылынан адаса бастағанын қызықтап отырғанда Ресей президенті оның жанында әлдеқайда салмақты әрі құрметке лайық көшбасшы болып көріне бастайды. Бұл жағдайдың Путинге пайдалы болғаны соншалық, ол тіпті осының бәрін тікелей қолдап отырса да таңғалмаймын" дейді Галлямов.

23 мамыр күнгі оқиғалар туралы мәлімдемелер мүлде қиыспайтындықтан, шынайы факті мен ойдан шығарылған ақпаратты ажырату қиынға соға бастады. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу бұл ақпараттарды қолдаса да, қолдамаса да, нәтиже өзгермейді.

"Ойдан шығарылған ақпарат – өзін ақтап алудың амалы ғана. Одан маңызды стратегиялық себеп болуы мүмкін емес" дейді Шрайбман. Оның пікірінше, Кремльге Минск таратқан жалған ақпарат тиімді болған кезде, Лукашенко "Ресейдің қолдауына ие болу үшін" Мәскеуге адалдық таныта бастайды.

"Өйткені ол Батысқа неғұрлым қатты қарсы шықса, соғұрлым теңдесі жоқ адамға айнала береді" дейді Шрайбман.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG