Accessibility links

Қазақстандықтар жазда қайда демала алады? Қандай шектеу бар? Мамандар түсіндіреді


Түркияның Бодрум курорты. Көрнекі сурет.
Түркияның Бодрум курорты. Көрнекі сурет.

Қазақстанда жазғы туристік маусым басталды. Былтыр пандемия салдарынан көп елдің шекарасы жабылған еді. Саяхат тоқтап, шектеу күшейген. Қазір жағдай қалай? Қазақстандықтар қай елдерде демала алады? Індетке байланысты қандай шектеу бар? Азаттық "Элит Саяхат" турист агенттігі директоры Анаргүл Исламова мен "Идеальный вариант" турист агенттігінің директоры Светлана Роговадан осы жайттарды сұрап көрді.

ЖАҢА МАУСЫМДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЙДА БАРА АЛАДЫ?

Анаргүл Исламова:

– Қазақстанда жазғы туристік маусым мамырда басталды. Дәл қазір санаулы бағыт қана ашық. Олар: Египет, Біріккен Араб Әмірліктері, Черногория, Грузия және Түркия. Бірақ Түркияға әзірге чартерлік рейс жоқ. 10 маусымнан бұл бағыт ашылады деп күтіп отырмыз. Ашылса Бодрум мен Анталия жағалауына саяхаттауға мүмкіндік бар.

Светлана Рогова:

– Биыл қазақстандық туристерге алғаш рет Албания бағыты ашылды. Сонымен бірге Египеттің Жерорта теңізі жағалауындағы Марса Матрух курорты қосылды. Туристер оны "Египеттік Мальдив" деп атап кеткен. Онда негізінен еуропалықтар демалатын. Қазір ол қазақстандықтар арасында танымал курорттың біріне айналды.

Египеттің Шарм-әл-Шейх курорты. Көрнекі сурет.
Египеттің Шарм-әл-Шейх курорты. Көрнекі сурет.

ПАНДЕМИЯҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАНДАЙ ШЕКТЕУ БАР? ТУРИСТ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

Анаргүл Исламова:

– Пандемияға байланысы ең бірінші талап – коронавирус жоғын дәлелдейтін ПТР-тесттің болуы. Мұндай талап барлық елде бар. Қазақстаннан мұндай тестті тапсырмай шыға алмайсыз. Тест ұшардан кемінде 72 сағат бұрын жасалған болуы керек. Бұрын кей елде, мысалы Мальдив аралдарында тест нәтижесі 96 сағат жарамды болған. Қазір бәрі ортақ шешімге келіп, 72 сағат деп бекітті.

Екіншіден, Қазақстанда түрлі нысандарға кіруге мүмкіндік беретін Ashyq жүйесі енгізілген. Енді әуежайға келген жолаушы осы қосымша арқылы өзінің коронавирус жұқтыруға қатысты статусын анықтап, рұқсаты болса ғана ұшаққа отыра алады. Мұны да ескерген жөн.

Алматы әуежайында смартфоннан Ashyq қосымшасын көрсетіп тұрған адам. 20 мамыр 2021 жыл.
Алматы әуежайында смартфоннан Ashyq қосымшасын көрсетіп тұрған адам. 20 мамыр 2021 жыл.

Светлана Рогова:

– Вакциналау науқанының қарқын алуына байланысты Грузия сияқты кейбір ел ПТР-тестті міндеттемейтін болды. Турист Covid-ке қарсы екпенің екі дозасын алған болса, қолында вакцина жасатқанын растайтын куәлігі болса, оған тест тапсыру қажет емес. Шетелге шығарда ПТР-тест нәтижесінің электронды нұсқасы емес, түпнұсқасы болуы керек, яғни мөрі, штрих-код пен QR коды болуы қажет. Ал Қазақстанға келгенде тест туралы анықтаманың электронды нұсқасы да жеткілікті.

Анаргүл Исламова:

– Қазақстанға оралған кезде екі жол ұсынылады. Біріншісі, демалған елде 72 сағат бұрын тапсырылған ПТР-тест (оның нәтижесі теріс болуы керек). Екіншісі, вакциналау паспорты. Туристерге шекарасын ашқан елдің көбінде электрондық қосымша енгізілген. Қазақстаннан ұшар алдында сол елде міндеттелген қосымшаны көшіріп, тіркелу қажет. Оған паспорт пен ПТР-тест нәтижесін жүктеу керек болады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық әуежайда отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық әуежайда отырған адамдар. Көрнекі сурет.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ВАКЦИНА ПАСПОРТЫ ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖАРАМДЫ? ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?

Анаргүл Исламова:

– Грузия, Черногория мен Хорватия біздің вакцина паспорты бар туристерді ПТР-тестінсіз қабылдайды, ал қалған елдерге барарда вакцинаңыз болса да, ПТР-тест тапсыру міндет. Елге келетін Қазақстан азаматтары кез келген вакцинамен кіре береді, ал өзге елдің азаматтары, вакцина жасаған-жасамағанына қарамастан міндетті түрде ПТР тапсырып, соның нәтижесімен кіре алады.

ПТР-ТЕСТ ТАПСЫРУШЫНЫҢ ЖАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ШЕКТЕУ БАР МА?

Светлана Рогова:

– Туристердің жас шамасына қарай ПТР-тест тапсырудың ережесі бар. Негізінен ересек адамдар коронавирус тестін тапсыруға міндетті. Ал балаларға байланысты әр елдің өз талабы бар. Мысалы, Египет – бес жастан, Түркия – алты жастан, ал Біріккен Араб Әмірліктері – 12 жастан асқандарға тест тапсыртады.

Анаргүл Исламова:

– Черногорияға баратын алты жасқа дейінгі балалар тест тапсырмайды. Ал Грузияда жаңа туған балаға да, ересек адамға да тест тапсыру талап етілген. Бұдан бөлек Грузияға келгеннен кейін үш тәуліктен соң тағы да тест тапсыруға міндеттісіз. Оның шығынын туристің өзі көтереді.

Черногориядағы Будва курорты. Көрнекі сурет.
Черногориядағы Будва курорты. Көрнекі сурет.

ПТР-ТЕСТ ҚҰНЫ ТУРИСТІК ПАКЕТКЕ КІРЕ МЕ?

Светлана Рогова:

– Қазір елдегі туристік операторлар азаматтарға ыңғайлы болу жағын ойластырған, кейбірінде ПТР-тест шығыны туристік пакетке кіреді. Ал кей агенттік бағаны арзандату үшін тестің біреуін алып тастап жатыр. Кейін қонақүйге зертхана қызметкері келіп, оған ақша төлеп, жасата бересіз. Ал кейбір қонақүйде бұл қызмет тегін.

ШЕТЕЛДЕ ТЕСТ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТСЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? ТУРИСТ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

Анаргүл Исламова:

– Демалыстағы туристер сырқаттанса немесе ПТР-тесті оң нәтиже көрсетсе, саяхатқа шығарда рәсімдеген медициналық сақтандыру көмектеседі. Оған емдеу, тұратын орны мен қайту шығыны кіреді. Бұл туристік пакетте қарастырылған. Бұған қоса ПТР-тесті оң нәтиже көрсетіп, Қазақстаннан шыға алмай қалатындарға билет құнын қайтаратын немесе шетелде отбасы мүшесінің тестінен Covid табылып, карантинге жабылып қалған жағдайда шығынды өтеп беретін ерікті сақтандыру түрлері бар.

Дубайдағы жағажайда демалып жатқан шетелдік туристердің қасынан өтіп бара жатқан түйе мінген адам. Көрнекі сурет.
Дубайдағы жағажайда демалып жатқан шетелдік туристердің қасынан өтіп бара жатқан түйе мінген адам. Көрнекі сурет.

ПАНДЕМИЯ САЯХАТ БАҒАСЫНА ӘСЕР ЕТТІ МЕ? ШЕКТЕУЛЕР ТУРИСТЕР НӨПІРІН АЗАЙТТЫ МА?

Светлана Рогова:

– Әлбетте, саяхат қымбаттады. Бұған доллар бағамының өсуі әсер етті. Бұдан бөлек жаңа қызметтер қосылған соң (ПТР-тест, қосымша сақтандыру) баға да артты. Баға шамамен 15-20 пайыз көтерілді.

Анаргүл Исламова:

– Меніңше, тур бағасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Орташа алғанда бір адамға кемі 700 доллар кетеді. Індетке байланысты демалушы азайды деп те айта алмаймын. Иә, шамалы қауіптенетіндер бар. Бірақ теңізге барып, тынығып, серпіліп қайтсам деген ой үрейді жеңіп жатыр. Оның үстіне қазір сақтық күшейген, туристер жауапкершілікті түсінеді. Шынын айтқанда, адамдар шектеуден әбден мезі болған тәрізді.

ПАНДЕМИЯҒА ДЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЙ ЕЛГЕ КӨБІРЕК БАРАТЫН? ЖАҒДАЙ ӨЗГЕРДІ МЕ?

Светлана Рогова:

– Қазақстандықтар Түркияны ұнатады. Қай жағынан алсақ та осы елде демалу біздің халық үшін қолайлы. Менталитеті жақын, қызмет сапасы жоғары, үлкен отбасы үшін өте ыңғайлы ел. Одан кейін Египет пен Араб Әмірліктерін айтар едім. Бірақ бұл елдерге қазақстандық туристер негізінен қыста барады. Ал жазда өте ыстық, сондықтан жайсыз. Кейінгі кезде Грузияға қызығушылық өсіп келеді. Бұған тікелей рейстің ашылуы әсер етті деп ойлаймын.

Грузияның Батуми қаласы. Көрнекі сурет.
Грузияның Батуми қаласы. Көрнекі сурет.

Анаргүл Исламова:

– Пандемияға байланысты қазақстандық туристер бұрын жиі баратын, қазір жабылып қалған бірнеше ел бар. Біріншісі – Грекия. Астанадан бұл елге тікелей рейс жеті-сегіз жыл бұрын ашылған. Эгей теңізі, дәмді асхана, өте жайлы климат кімге болса да ұнайды. Туристер Грекияда стандарт 7-10 күн емес, 14-21 күнге дейін демалатын. Өкінішке қарай, бұл ел әзірге жабық тұр. Екіншісі – Хайнань аралы. Қытай провинциясына жыл бойы чартерлік рейс ұшатын, сондықтан туристерде де дамыл жоқ еді. Келесі бағыт – Тайландтағы Паттайя және Пхукет курорттары. Қазір оларды ашу-ашпау мәселесі талқыланып жатыр, жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Одан кейін Вьетнам, Мальдив аралдары және Еуропа елдері. Азаматтарымыз осы бағыттардың ашылуын асыға күтіп отыр.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пандемиясына байланысты халықты шетелге, әсіресе эпидемия ахуалы нашар елдерге бармауға шақырады. Бас санитар дәрігердің 2021 жылдың 30 сәуірдегі және 16 мамырдағы қаулылары бойынша, Мальдив аралдары мен Үндістанға барушыларға талап күшейтілген. Оған сәйкес, Мальдив аралдары мен Үндістанда болып, Қазақстанға келген адам 14 күн үйде оқшаулануы тиіс. ПТР-тест нәтижесі теріс шықса да, коронавирусқа қарсы вакцина алған болса да, ол осы уақытта үйде карантинде отыруы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG