3 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев телефон арқылы әңгімелесіп, қазақ-өзбек қатынасы және аймақтағы қауіпсіздік мәселесін талқылады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
"Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзияев өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік салалары бойынша жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, екі ел үкіметтерінің тығыз қарым-қатынас жасауы қажет екеніне назар аударды" деп жазды сайт.
Екі ел басшысы бұдан бөлек, "Ауғанстандағы ахуалға байланысты Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын күшейту мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін нақтылаған".
Өзбекстан президентінің ресми сайтында да осыған ұқсас хабарлама жарияланған. Онда екі президент Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу мәселесін талқылады деп көрсетілген.
АҚШ мамыр айынан бастап Ауғанстаннан әскерін біртіндеп әкете бастаған. АҚШ президенті Джо Байден АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери контингенті күзге дейін әкетіледі деп мәлімдеген. Бұл аумағының елеулі бөлігін Талибан экстремистік тобы бақылайтын Ауғанстанның көршілерін, оның ішінде Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр. Ауғанстанда Талибаннан бөлек, өзге де радикалды экстремистік топтар шоғырланған.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері өз қауіпсіздігі үшін Ауғанстанда тұрақтылықтың орнауына мүдделі. Тәліптер TAPI сияқты Орталық Азиядағы ірі газ құбыры немесе Өзбекстаннан Ауғанстан арқылы Үндістан және Пәкістанға баратын теміржол жобаларының құрылысына кедергі жасап келеді.
ПІКІРЛЕР