Азаматтық белсенді Әлнұр Илияшев Алматының Алмалы аудандық № 2 сотына шағым түсіріп, өзінің қылмыстық жауапкершілікке тартылуын "саяси қуғын" деп тануды талап етті.
Илияшевтің пікірінше, өзіне шығарылған үкім қылмыстық жауапкершілікке тартуға "саяси көзқарасы" себеп болғанын көрсетеді. Осыған орай белсенді 1993 жылы қабылданған "Жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы" заң мен Азаматтық кодекс және Азаматтық-процессуалдық кодекске сүйене отырып, соттан өзін саяси қудаланған адам ретінде тануды сұрап отыр.
Азаттыққа берген сұхбатында Илияшев биліктің "азаматтарды саяси себеппен қудалап жатқанын жоққа шығаруы" шағым түсіруге түрткі болғанын айтты. Оның ойынша, 1993 жылғы заңға сүйене отырып, қазір көп белсендінің саяси қудалауға ұшырағанын және қудалаудың жүйелі сипат алғанын дәлелдеуге болады.
"Мен тек тануды талап етіп отырмын. Моральдық өтемақы сұрап отырған жоқпын. Басты мақсат – өзгеше ойлайтындарды қудалап отырғанын жоққа шығаратын биліктің бетінен екіжүзділік маскасын сыпыру" деді Әлнұр Илияшев Азаттық тілшісіне.
Оның шағымында Алматы қаласының полиция департаменті, Алматы прокуратурасы, белсендіге айыптау үкімін шығарған № 2 Медеу аудандық сотының судьясы Залина Махарадзенің аты аталады. Илияшевтің айтуынша, бұлар өзінің саяси себеппен қудалануына қатысы бар органдар мен тұлғалар. Ол сонымен бірге шағымын 8 шілдеде сот кабинеті сайтында тіркегенін айтты. Егер өтініші қанағаттандырылмаса, Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірмекші.
Белсенді Әлнұр Ильяшевті сот былтыр маусым айында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.
Қылмыстық іске түрткі болған былтырғы Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Жоғарғы сот пен бас прокуратура Илияшевке апелляциялық шағымын қаратуға мүмкіндік бермеді.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, үкімнің күшін жоюға үндеген еді. АҚШ мемлекеттік департаменті де үкімді сынаған. Сәуір айында Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) белсендінің үкімін өзгеріссіз қалдырған Алматы сотының шешіміне өкініш білдіріп, белсендіні қудаламауға үндеген.
ПІКІРЛЕР