Пекин "Үлкен жетілік" елдерінің лидерлері Англияда өткен саммитте жасаған Қытайға қатысты мәлімдемесін сынады. Бұл туралы Қытайдың Ұлыбританиядағы елшілігінің сайтында хабарланды.
11-13 маусымда Англияда өткен G7 елдерінің саммитінде "Үлкен жетілікке" мүше - Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ, Канада, Италия және Жапония лидерлері Қытайдың "нарыққа сай келмейтін саясатына" бірге жауап беретінін мәлімдеді.
G7 елдері Қытай билігінен Шыңжаңдағы мұсылмандардың және Гонконг халқының құқығын сақтауға шақырды. Бұдан бөлек, Тайваньдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдады. G7 елдері Қытаймен "ортақ мүдделер сай келсе, бірге жұмыс жасауға ниетті" екендерін білдірді.
Қытайдың Лондондағы елшілігі "Үлкен жетілік" елдерінің мәлімдемесінде Шыңжаң, Гонконг және Тайваньның аталғанына қарсы шықты.
"Қытайдың ішкі ісіне араласуға, Қытайды қорлауға және Қытайдың мүдделерін бұзуға болмайды. Біз ұлттық еркіндігімізді, қауіпсіздігімізді және мүддемізді қорғаймыз" деп мәлімдеді елшілік.
Тайвань үкіметі G7 мәлімдемесін қолдады.
БҰҰ мәліметінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз лагерьге қамаған. Пекин Шыңжаңдағы лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы", "экстремизммен күрес әдісі" деп атайды.
ПІКІРЛЕР