Accessibility links

"Астана LRT" жобасы бойынша сотталғандардың адвокаты "әділетсіз сот үкіміне" шағымданды


"ЛРТ құрылысы" бойынша сотталғандардың адвокаттары журналистердің сұрағына жауап беріп отыр. Нұр-Сұлтан, 15 маусым, 2021 жыл.
"ЛРТ құрылысы" бойынша сотталғандардың адвокаттары журналистердің сұрағына жауап беріп отыр. Нұр-Сұлтан, 15 маусым, 2021 жыл.

15 маусымда Нұр-Сұлтанда "Астана LRT" жобасы бойынша сотталғандардың адвокаттары журналистермен кездесіп, "әділетсіз сот үкіміне" шағымданды. Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі жобасындағы жемқорлықпен байланысты істе сот үкімі мамырдың соңында шыққан. Айыпталушыларға 7-10 жыл аралығында түрме жазасы берілген еді.

Сейсенбі күні адвокаттар тергеу кезінде тараптардан толық жауап алынбағанын, мұны сұраған адвокаттардың өтініштері қаралмағанын айтты. Бұған қоса, судьяның сотталушылар ұсынған кейбір деректерге назар аудармағанына да наразы. Олар сот үкімі айыптау актісін "көшіріп басқандай" сезім қалдырды деді.

– Судья біз ұсынған фактілерге қараған да жоқ. Қаржының негізгі бөлігі Systra деп аталатын француз компаниясының шотына түскен. Өйткені, жұмыстың көп бөлігін осы компания атқарған. Бірақ тергеу кезінде де, сот процестеріне де компаниядан ешкім келмеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі сотқа дейінгі тергеп–тексеру кезінде олардан жауап алуына болар еді. Бірақ іс материалдарында олардың ешқандай жауаптары жоқ - дейді Ұлықбек Ачиловтың адвокаты Жазира Жаншуақова.

Кездесуді сот үкімі бойынша сегіз жыл бас бостандығынан айырылған бұрынғы депутат Жанат Нұрпейісов, еншілес компания өкілдері Ұлықбек Ачилов пен Дәурен Әбдіхамитовтердің адвокаттары ұйымдастырды.

"ЛРТ құрылысы" бойынша сотталған жеті адам сот үкіміне аппеляциялық шағым түсірген. Шағым әзірге қаралмаған.

Осыған дейін істі тергеген жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі "ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған" деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Сейсенбі күнгі жиын кезінде адвокаттар Қазақстан құқық қорғау органдарының оларды ұстауға аса ықылас танытпай отырғанын да айтып өтті.

Бұл істе жеті сотталушы бар. Оларға "ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету" және "өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау" баптары бойынша айыптар тағылды. Сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Нұр-Сұлтанда жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылды. Нәтижесінде көлік жүйесі құрылысына бөлінген шамамен 258 млн доллар бұғатталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, "даулы жоба" деп атаған.

Дегенмен астана билігі кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлады. Станциялар мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қысқарады.

ҚазТАГ-тың жазуынша, "Астана LRT" ЖШС жемқорлық дауынан кейін City Transportation Systems (CTS) болып өзгертілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG