Таулы Бадахшан автономды облысының билігі Ауғанстанның солтүстігіндегі аймақтардың көбін талибандар басып алғаннан кейін мыңнан астам адам Тәжікстанға қашып келді деп мәлімдеді.
"Босқындарға барлық жағдай жасалып, тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Бүгінгі күндері оларға гуманитарлық көмек көрсету жөнінде халықаралық қайырымдылық ұйымдарымен келіссөз жүріп жатыр" деп хабарлады облыстық әкімшілік өкілі.
Мекеменің баспасөз хатшысы Голиб Ниятбекзода Ауғанстаннан 1037 адам қашып келгенін, олардың саны тағы өсуі мүмкін екенін жеткізді. Оның сөзінше, босқындар шекарадан Ауғанстанның Бадахшан аймағындағы бірнеше уезді тәліптер басып алған 4-5 шілде күндері ауған.
Жергілікті билік өз аймағына әзірге 10 мыңға дейін ауған азаматтарын орналастыра алатынын мәлімдеді.
Бір күн бұрын Ауғанстанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Тәжікстан аймағына қашып кеткен 2300 ауған әскері қайтып оралды деп хабарлаған.
АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстаннан шыға бастағаннан кейін Талибан қозғалысы өлкедегі елуден астам аймақты басып алды.
Тәжік билігінің мәліметінше, қазір ортадағы шекараның үштен екі бөлігі тәліптер бақылауында. Тәжік-ауған шекарасының ұзындығы – 1350 шақырымнан астам.
ПІКІРЛЕР