Италия құрамасы Еуро-2020 турнирінің финалында Англияны жеңіп, екінші рет Еуропа чемпионы атанды.
ФИНАЛ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Есепті матчтың 2-минутында Англия құрамасының қорғаушысы Люк Шоу ашты. Ал 67-минутта италиялық қорғаушы Леонардо Бонуччи есепті теңестірді. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, ары қарай финал қосымша уақытқа ұласты.
Қосымша уақытта 1:1 есебі өзгерген жоқ. Кейін екі команда жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясына жүгінді. Пенальтиден 3:2 есебімен Италия басым түсті. Англия құрамасы сапынан Маркус Рэшфорд, Джейдон Санчо, Букайо Сака пенальтиден мүлт кетті.
Италия құрамасы араға 53 жыл салып Еуропа чемпионатында топ жарды. Бұл ел 1968 жылы Римдегі финалда Югославияны 2:0 есебімен жеңіп, чемпион атанған. 2000 жылғы финалда Франциядан (1:2), 2012 жылғы финалда Испаниядан (0:4) есебімен жеңілген еді. Италия төрт рет финалда ойнап, екі рет жеңіске жетті.
Спорт журналисі, комментатор Есей Жеңісұлы Италия 2018 жылы әлем чемпионатына жолдама ала алмай қалған соң сол сәтсіздіктен сабақ алып, Еуропа чемпионатында өте жинақы ойнады деп санайды.
- Биыл шабуылдаушы футбол салтанат құрған өте жақсы чемпионат болды. Әдетте "футболды 22 жігіт ойнайды, бірақ чемпион Германия болады" деген сөз бар еді. Сол сөзге түзету енгізді. Бұл жолы Дания, Чехия, Швейцария сияқты орта деңгейлі командалар жақсы ойнады. Бір қызығы, чемпионатта автогол көп болды (11 автогол салынды - Ред.). Бұл матчтарда тартыстың көп болғанын аңғартады. Италия 2018 жылы әлем чемпионатына жолдама алмай қалған еді (Қосымша іріктеу матчында Швециядан жеңілген - Ред.). Сол сәтсіздіктен сабақ алған екен, - дейді сарапшы.
Футбол журналисі Азиз Жұмәділ финал алдында Англияның фаворит болғанын айтады.
- Көбі Англия жеңеді деп ойлады. Себебі финал Лондонда өтті. Англияның финалға дейінгі жолы жеңіл болды (плей-офф кезеңінде Германия, Украина, Данияны жеңген - Ред.). Италия финалға дейін мықты қарсыластарды жеңіп келді. Психологиялық тұрғыдан Англияға оңай болады деп ойлағанмын. Италия чемпионатты жойқын бастағанымен, кейін шаршағандай болды. Себебі олар ширек финалда Бельгиямен ойынға көп күш сарқыды. Кейін Испанияны пенальтиден жеңіп, финалға шықты. Ал финалда жекелеген эпизодтар шешіп кетті. Пенальти сериясында Англияның тәжірибесі аздау жас ойыншылары қателесті, - дейді ол.
ЧЕМПИОН ИТАЛИЯ ЖАЙЛЫ ФАКТІЛЕР
Италия мен Англия осымен 28 рет кездесіп, Италия оныншы рет жеңіске жетті. Ал сегіз ойында Англия жеңген, қалған матчтар тең аяқталған.
Англия Еуропа чемпионатында Италияны жеңе алмай келеді. Eкі команда Еуро-2012 турнирінің ширек финалында кездесіп, Италия пенальтиден басым түскен – 0:0 (4:2). 1980 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Италия 1:0 есебімен жеңген.
Италия Еуропа чемпионатын екінші рет жеңген соң бұл көрсеткіш бойынша Франциямен теңесті. Француздар 1984, 2000 жылы Еуро турнирін жеңген. Жалпы Германия мен Испания үш рет Еуропа чемпионы атанған.
1960 жылдан бері Еуропа чемпионы атанған елдер:
- Германия – 3 рет (1972, 1980, 1996)
- Испания – 3 рет (1964, 2008, 2012)
- Франция – 2 рет (1984, 2000)
- Италия – 2 рет (1968, 2020)
- Совет одағы – 1 рет (1960)
- Чехия – 1 рет (1976)
- Португалия – 1 рет (2016)
- Нидерланд – 1 рет (1988)
- Дания – 1 рет (1992)
- Грекия – 1 рет (2004)
Еуро-2020 іріктеу кезеңінде Италия барлық он матчта жеңіске жетіп, финалдық турнирге бірінші орынмен шықты. Еуропа чемпионатының іріктеу жарысында бір елдің құрамасының барлық матчты жеңуі сегізінші рет болды.
Италия Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Түркияны (3:0), Швейцарияны (3:0), Уэльсті (1:0) жеңді. Ал 1/8 финалда Австрияны (2:1), ширек финалда Бельгияны (2:1), жартылай финалда Испанияны (пенальти сериясы) жарыстан шығарды.
Англия Еуропа чемпионатының финалында алғаш рет ойнады. Жалпы бұл елдің құрамасы Еуропа чемпионатына оныншы рет қатысты. 1968 жылы, 1996 жылы жартылай финалда жеңілген. Биыл финалда Италияны жеңе алмады.
Англия ірі турнирлерде тек бір рет жеңіске жеткен. 1966 жылы әлем чемпионатының финалында Германияны 4:2 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанған еді. Бұл финалда Лондондағы Уэмбли стадионында өткен.
Англия – тарихта Еуропа чемпионатының финалына шыққан 13-құрама. Бұл ел 2004 жылғы финалда ойнаған Грекия мен Португалиядан кейінгі алғаш финал дебютанты атанды.
Англия биылғы финалда Италияны жеңгенде Еуропа чемпионы атанған 11-ел атанар еді.
Былтыр өтуі тиіс Еуро-2020 турнирі коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген.
EУРО-2020 ТУРНИРІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері әр төрт жыл сайын өтеді. Турнир алғаш рет бір елде емес, Еуропаның 11 қаласында ұйымдастырылды.
Ұлттық құрамалар арасында "ең қымбат" команда - Англия. Бұл құраманың футбол нарығындағы құны – шамамен 1,47 млрд еуро. Құрама сапындағы ең қымбат ойыншы Гарри Кейннің бағасы – 120 млн еуро
Франция ұлттық құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе - Еуро-2021 турниріне қатысқан "ең қымбат" ойыншы. Оның құны – шамамен 160 млн еуроны құрайды.
Бельгиялық Тибо Куртуа – Еуро-2021 додасындағы "ең қымбат" қақпашы. Оның бағасы – шамамен 75 млн еуро.
Финляндия мен Солтүстік Македония құрамалары Еуропа чемпионатында алғаш рет доп тепті. Украина алғаш рет Еуропа біріншілігінің ширек финалында ойнады.
Словакиялық Дубравка – Еуро тарихында бір ойында қақпаға белгіленген пенальтиді тосып, өз қақпасына автогол соққан алғашқы қақпашы.
Тарихта тұңғыш рет UEFA Еуропа чемпионатында "Төрешінің бейне көмекшісін" (VAR) қолданды.
Португалиялық Криштиану Роналду – Еуро тарихындағы ең үздік сұрмерген. Ол биылғы турнирде бес гол салып, жалпы өзі қатысқан Еуропа чемпионаттарында 14 рет гол соқты.
Турнирдің ең қарт ойыншысы – Пепе. Португалия ұлттық құрамасының ойыншысы 1983 жылы 26 ақпанда дүниеге келген. Қазір ол 38 жаста.
Польша Каспер Козловский 2021 жылы 19 маусымда Испания құрамасына қарсы ойнап, Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас ойыншы атанды – 17 жас 246 күн.
Англия ірі турнирлерде тек бір рет жеңіске жеткен. 1966 жылы әлем чемпионатының финалында Германияны 4:2 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанған еді. Бұл финалда Лондондағы Уэмбли стадионында өткен.
ПІКІРЛЕР