"Талибан" делегациясы Ашғабатқа барып, Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен келіссөз өткізді. Әскери топ Ауғанстанның солтүстігіндегі аудандарға шабуылын жалғастырып жатыр. Бұл бұрынғы совет республикалары – Түркіменстан, Тәжікстан мен Өзбекстанды алаңдатып отыр.
"Талибанның" Катардағы ресми өкілі Мұхаммед Наим Азат Еуропа/Азаттық тілшісіне 11 шілдеде телефон арқылы "Талибан" делегациясы Түркімен жағының шақыруымен Ашғабатқа барғанын жеткізді. Оның айтуынша, тараптар "екі ел арасындағы өзара экономикалық және саяси қарым-қатынас, сонымен бірге қауіпсіздік және шекара мәселесін" талқылаған.
Түркіменстан сыртқы істер министрлігіне жақын ақпарат көздерінің Азаттыққа айтуынша, келіссөз 10 шілдеде өткен. "Талибан" жағының делегациясына әскери топтың Катардағы саяси кеңсесінің жетекшісі Шер Мұхаммед Аббас Станикзай жетекшілік еткен.
"Талибанды" келіссөзге шақырған түркімен жағы "Талибан" өкілдерінен Ашғабаттағы келіссөз жөнінде тіс жармауды өтінді. Түркімен тарабы осылайша Кабулдағы ресми биліктің ашуына тигісі келмеген. Келіссөзде талқыланған негізгі мәселе – [түркімен аумағына] шабуыл жасамау мен босқындардың өтуіне тосқауыл қою" деді ақпарат көзі.
ПІКІРЛЕР