Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Бозжыраға байланысты арт-перформанс өткізген белсенділерді полиция ұстап әкетті


Нұр-Сұлтанда полиция Бозжырадағы құрылысқа қарсы шыққан белсенділерді ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

13 шілдеде суретші Асхат Ахмедияров пен экобелсенді Әлия Ахмалишева экология министрлігі алдында Бозжыраға байланысты арт-перформанс өткізді. Сәлден соң оларды полиция ұстап әкетті. Қазақстанда былтырдан бері Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жоспары қоғамда дау туғызып келе жатыр. Билік жоба аймақ инфрақұрылымын дамытуға пайдалы десе, экологтар оның қоршаған ортаға зиянын алға тартады.

Сейсенбі күні шара кезінде суретші Асхат Ахмедияровтің үстінде бақсыны елестетін киім болды. Өзінің айтуынша, бұл "Бозжыра табиғатын бейнелейді". Ол қамшымен қолдан жасалған "барабанды" соғып, үнсіз дабыл қағып тұрды. Ал экобелсенді Әлия Ахмалишева "Бозжыраны сақтайық" деген жазуы бар сары түсті жалауды көтерді. Арт-перформанс шамамен 20 минутқа созылды. Белсенділер Азаттық тілшісіне биліктің назарын Бозжыра мәселесіне аударту үшін осындай шара өткізіп отырғанын айтты.

– Бозжыра шатқалында қазір құрылыс жүріп жатыр. Бұл ертең ол жерге жәй адамның өзі жақындай алмайды деген сөз. Экологиясы да бұзылады. Менің ойымша, Бозжырада ешқандай құрылыс жүрмеу керек. Ешқандай отель соғылмауы керек, – деді Асхат Ахмедияров Азаттық тілшісіне.

Белсенділер Ақордаға бармақ болған кезде полиция жан-жақтан қоршап, көп ұзамай ұстады.

Полиция қызметкерлері суретші Асхат Ахмедияровты көлікке күшпен отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2021 жыл.
Полиция қызметкерлері суретші Асхат Ахмедияровты көлікке күшпен отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2021 жыл.

Азаттық тілшісі полицияның Ахмедияровты ұстаған кезде күш қолданғанына куә болды. Оны полицейлер жабылып көлікке отырғызды. Ахмедияровтан соң полицейлер экобелсендіні ұстап алып кетті.

2020 жылы қараша айында Қазақстан билігі Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жоспары барын айтқан. Ерекше табиғи ескерткіш аумағында салынғалы жатқан қонақүй жобасы Қазақстан қоғамында үлкен резонанс туғызған.

Бұған дейін шатқалда VIP-қонақүй салу жоспарына қарсылар онлайн-петицияға қол қою науқанын бастаған.

Былтыр қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев "қоғам наразылығына байланысты" жобаны қайта қарауға тапсырғанмен экобелсенділердің айтуынша, "қонақ үй жобасына" әлі нүкте қойылмаған. 13 шілде күнгі шара кезінде белсенділер қазір шатқал маңында құрылысқа дайындық жүріп жатқанын айтты.

  • Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысы Қарақия аудандында орналасқан. Ол аймақ орталығы — Ақтау қаласынан 300 км шалғайда жатыр.
  • Үстірт жазығының бұл бөлігінде әктас шөгінділерінен тұратын айрықша ландшафт қалыптасқан, мұнда биіктігі 250 метрге дейін жететін тас қиялар бар. Экологтар антропогендік әрекеттер табиғаттың бұл ерекше ескерткішіне зиянын тигізеді деп санайды және бұл ауданда қандай да бір құрылыс салуға болмайды дейді.

Видео: "Жай адам кіре алмайды". Бозжырадағы қонақүй құрылысы бойынша талқы қалай өтті? (8 ақпан 2021 жыл).

"Жай адам кіре алмайды". Бозжырадағы қонақүй құрылысы бойынша талқы қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG