14 шілдеде Қазақстанда 5314 адамның коронавирус тесті оң шықты. Бұл – коронавирус көрсеткіші бойынша жаңа рекорд. Бұған дейін бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Сонымен қатар ПТР тесті теріс шыққан 127 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.
Өткен аптадан бері коронавирустың рекордтық көрсеткіші қатарынан бірнеше күн үздіксіз жаңарып келеді.
Елде вирус күшейді. Денсаулық сақтау министрлігі бір күн бұрын пессимистік болжам бойынша, тамыз айында күніне 6 мыңнан астам науқас тіркеледі деп мәлімдеген.
Билік органдары індеттің өршуін коронавирустың "дельта вариантымен" байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.
14 шілдеде Нұр-Сұлтанда 1576 адамнан коронавирус табылған. Індет басталғалы бері астанада бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Алматыда – 850, Қарағанды облысында – 603, Атырау облысында – 299, Шымкентте – 416, Батыс Қазақстан облысында – 234, Ақмола облысында – 160, Маңғыстау облысында – 189, Павлодар облысында - 156, Ақтөбе облысында – 204, Алматы облысында – 144, Қостанай облысында 104 науқас тіркелді. Қалған облыстарда ондаған науқас анықталған.
Қазақстанда коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші де жоғары. 13 шілдеде 57 адам коронавирустан қайтыс болған: 47 адам – коронавирустан, 10 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 472 106 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4816-ы қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.
Үкімет былтыр тамыздан бері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 13 шілдеге дейін 58 213 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан. 3514-і қайтыс болған. Екі күн бұрын 127 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.
15 шілдеде Қызылорда облысы "қызыл аймақтар" қатарына кірді. Осылайша қазір "қызыл аймақта" үш ірі қала мен 10 облыс тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Алгоритмге сәйкес, "қызыл аймақтарда" карантин күшейеді. "Сары аймақта" Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары "жасыл аймақта".
Қазір Қазақстан бойынша 47 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 15,2 мыңы стационарда жатыр. 126 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 705 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 597 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде індет басталғалы бері 188 млн 302 мың адам коронавирусқа шалдыққан. 4 млн 57 мыңы қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР