Accessibility links

Есірткіге тәуелді адамдарды метадонмен айықтырудың болашағы бар ма?


Кезінде есірткіге тәуелді болып, қазір алмастыру терапиясын алып жүрген ер кісі метадон ішіп жатыр.
Кезінде есірткіге тәуелді болып, қазір алмастыру терапиясын алып жүрген ер кісі метадон ішіп жатыр.

Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдарды синтетикалық опиоидпен айықтыру көп жылдан бері қолданылып келеді, бірақ терапияның қаншалық қисынды екені әлі де талқыланып келеді. Жоба бірталай мәрте сынға ұшырады, ал құқық қорғау органдары оны жабуды ұсынған. Бірақ дәрігерлер мен жоба қатысушылары оң нәтиже барын айтады.

МЕТАДОНМЕН "ЖАҢА ӨМІР" БАСТАҒАН НАУҚАСТАРДЫҢ ХИКАЯСЫ

Виктордың әр таңы "сұйықтық" ішуден басталады. Бұл оған бір тәулікке жетеді. "Сұйықтық" деп отырғанымыз – алмастыру терапиясында қолданылатын метадон. Шахтинск тұрғыны метадонды жеті жылдан бері қолданады. Оған дейін есірткінің ауыр түрлерін қабылдаған.

Есірткімен 1990-жылдардың соңынан әуестене бастаған Виктор метадонның бұрынғы өмірінен "құтқарғанын" айтады. Ол метадонға көшкелі тамырына ине салуды қойып, 50 келі салмақ қосып, жұмысқа тұрып, есірткіге ақша іздеуден құтылып, туыстарымен қарым-қатынасын түзеген.

– Бірнеше рет жекеменшік және мемлекеттік оңалту орталықтарында емделіп көрдім. Мені тіпті, еңбекпен емдеу профилакториясына күштеп жатқызған кездері де болды. Бірақ мұның ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Кейін метадон терапиясына көштім. Алғашқы бір-екі айда есірткіге әуесім келіп, қолдануға тырыстым. Бірақ бұрынғыдай сезімдер болмады. Кейін толықтай метадонға өттім. Ол опиод есірткілерінің күшін жояды, содан ағзаға түскен есірткі су сияқты болып қалады, әсері жоқ: тамырыңа ине салғаныңмен, одан еш ләззат алмайсың. Метадоннан кейін өзіңді мүлде басқаша сезінесің, ломка болмайды. Бірақ уақтылы қабылдамасаң, ауырып қаласың. Әзірге бұл бағдарламадан шығу ойымда жоқ, – дейді Виктор.

Құтыларға құйылған метадон.
Құтыларға құйылған метадон.

Светлана 20 жыл бойы "ине" пайдаланған. Бес жыл бұрын оны өзгелерге ВИЧ инфекциясын жұқтырмасын, есірткіден айықсын деп алмастыру терапиясына қосқан. Ол да әзірге бағдарламадан шығуға дайын емесін айтады.

– Басында қимыл-қозғалыс болмаса, ұйқым келетін. Ал жұмыс істесең, кәдімгі адам сияқты жүресің. Есірткіге тәуелділіктен арылу қиын. Алмастыру терапиясы құтқарды. Онсыз жағдайымның қалай болары белгісіз еді: не түрмеге түсіп, не өліп тынар едім. Соған жетуге шақ қалдым. Бұрын есірткіге ақша табу үшін ұрлық жасап, подъезд бен таныстарымды жағалап жүретінмін. Өйткені үй жалдауға ақша жетпейтін, соңғы тиынымды есірткіге жұмсайтынмын. Қазір есірткіден жиренемін. Бірақ әзірге метадон терапиясына қосылуға екінің бірі келісе бермейді. Өйткені сараптамадан өтіп, дәрігерлерге бару керек. Бұған негізі көп уақыт кетпейді, бірақ "құмардың" соңына түскен адамға бұл керек емес. Бағдарламаның талабын бұзғандарды қайтадан алмайды, басында солай ескертеді. Терапия тәртіпке салып, бір жерге орнығуға көмектеседі: басқа жаққа кетіп, терапиядан қалуға, ұзақ уақыт ауруханаға жатуға болмайды. Өйткені күнде таңертең барып, сұйықтық ішу керек, – дейді бұрын инъекциялық есірткі пайдаланған Светлана.

Метадон терапиясына келіскен науқас басқа есірткі қолданбау, сұйықтық ішу кестесін сақтау сияқты міндеттемелерге қол қояды. Метадонсыз өмір сүре алатынын түсінген адам біртіндеп қабылдап жүрген сұйықтық мөлшерін азайтып, терапиядан шығады. Бірақ бұл бірден болмайды және екінің бірінің қолынан келе бермейді.

– Бұрын есірткісіз өмір сүре аламын деп ойлап, бағдарламадан шығып көрдім. Бірақ уақыт өте келе тағы да есірткіге әуестене бастадым. Қазір бағдарламаға қайта қосылдым, енді жыл соңына дейін біртіндеп терапиядан шықсам деп ойлап жүрмін. Бұл әркімде әртүрлі болады. Метадонның арқасында жұмыс істеп, қалыпты өмір сүре бастадым. Отбасындағы жағдай жақсарды, – дейді қарағандылық азамат Қуат.

Есірткіге тәуелді әйел метадон құйылған құтыны ұстап тұр.
Есірткіге тәуелді әйел метадон құйылған құтыны ұстап тұр.

ДӘРІГЕРЛЕР АЛМАСТЫРУ ТЕРАПИЯСЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ТУРАЛЫ

Метадон терапиясы ғылыми тілде "опиоид агонистерімен сүйемелдеу терапиясы" деп аталады. Қазақстанда "опиоидпен алмастыру терапиясы" 2008 жылдан бері ғаламдық СПИД, туберкулез бен малярияға қарсы күрес қорының қолдауымен жүзеге асып келеді. Бұл бағдарлама есірткіге тәуелді науқастарды емдеп, ВИЧ пен СПИД-тің алдын-алу үшін қолданылады. 12 жылда елдің 10 өңірінде 1331 науқас ем алған. 7 шілдедегі дерек бойынша, бағдарламаға 326 адам қатысып жатыр, олардың 117-сі – ВИЧ-ке шалдыққандар.

Дәрігерлер алмастыру терапиясы тиімділігін көрсетті деп есептейді. Психикалық денсаулық орталығының дерегінше, 330 қатысушы бағдарламаны жоспарлы түрде жақсы нәтижемен аяқтаған; 127 қатысушы отбасын құрған; 560 адам жұмысқа тұрған. Бағдарлама қатысушыларының қылмыстық әрекеті де азайған: бағдарламаға қосылмай тұрып, қатысушылардың 78 пайызының немесе 1038 адамның қылмыстық тәжірибесі болған, олардың 565-і бірнеше рет сотталған. Алмастыру терапиясы қолданылған 12 жылда 61 қатысушы жауапқа тартылған.

– Әлемнің көп елінде ауруды емдеу және алдын-алудың әртүрлі әдістеріне, оның ішінде осы бағдарламаға қатысты алуан түрлі пікір бар. Бұл – қалыпты нәрсе. Бірақ дәлелденген медицина тұрғысынан алсақ, қолдаушы терапияның тиімділігі ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденген. Бағдарламаны жалғастыруға бұл терапияның әлемдік тәжірибеде 50 жылдан бері қолданылып келе жатқаны және оның опиоидқа тәуелділікті емдеудің ғылыми дәлелденген базасы бар әдісіне жататыны себеп болып отыр. Қазақстанда көп жылдан бері есірткі, оның ішінде ВИЧ-тің таралу жолдарының бірі саналатын инъекциялық есірткі қолдану деңгейі артып келеді. Опиоидқа тәуелді азаматтардың бәріне бірдей тиімді болатын жалғыз емдеу жолы болмағандықтан, Қазақстанда әртүрлі әдістер, оның ішінде опиоид агонистерімен сүйемелдеу терапиясы болуы керек, – дейді республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбеков.

Алматы, Орал, Атырау, Ақтобе, Семей, Өскемен, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Теміртау, Тараз, Қостанай, Рудный, Лисаковск, Қызылорда сияқты 15 қалада терапия кабинеттері бар. Бағдарламаны ары қарай кеңейту қарастырылып отыр.

Бұл бағдарламаға есірткіге тәуелді адамдардың бәрі бірдей қатыса алмайды. Сүйемелдеу терапиясына қосылу үшін опиоид пайдаланғаннан туған психикалық және мінез-құлық бұзылысы, тәуелділік синдромы бар, 18 жастан асқан, ақпаратпен танысып, зерделенген келісім беруге қабілетті азамат болу керек. Одан бөлек, ВИЧ-инфекция, В, С, D, G гепатиті, кемі үш жылдан бері инъекциялық есірткі пайдалану, "опиоид қолданудан туған психикалық және мінез-құлық бұзылысы" диагнозымен кемі екі рет стационарға түскен науқастарға басымдық беріледі. Метадон препаратын қолдаушы терапия кабинетінің дәрігері жазып береді. Препаратты медициналық қызметкердің бақылауымен қабылдайды. Терапияға қатысушы азаматтар есірткі қолданбағанын дәлелдеу үшін зәрдің құрамында ПАВ метаболиттері бар-жоғын тексертіп тұрады.

– Бағдарлама опиоидқа тәуелді азаматтардың өмір сапасы мен әлеуметтік бейімделу деңгейін өсіруге, заңсыз есірткі және психотропты заттарды пайдалану көлемі мен жиілігін азайтуға, ВИЧ-инфекциясының таралу қаупін төмендетуге, ВИЧ-ке шалдыққан азаматтардың антиретровирусты терапияға бару ықтималдылығын арттыруға бағытталған. Науқастың психофизикалық жағдайын тұрақтандырған жағдайда ресоциализация процесі басталады. Терапия қатысушысын бағдарламадан дәрігердің психосоматикалық жағдайды бақылауымен, біраз уақыттан кейін жоспарлы түрде шығарса, бәрін жоққа шығару синдромы болуы мүмкін деген қауіп азаяды, – дейді Қуаныш Алтынбеков.

"БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУҒА" НИЕТТІЛЕР

Оксана есірткінің дәмін алғаш рет 1990 жылы татқан, содан бері араға біраз уақыт салып, инъекциялық есірткі қабылдап тұрады. Арасында есірткіні тастауға талпынып көрген, бірақ шыдай алмай, бұрынғы әдетіне оралған. Оксана ВИЧ-ке шалдыққан. Қазір ол өмірін қалпына келтіріп, тәуелділігінен бас тарту үшін метадон терапиясына қосылғысы келеді. Бірақ әзірге оны бағдарламаға алмай отыр.

– Арасында есірткі қолданып тұрамын. Шыдай алмай, қайтадан есірткіге оралатын кездерім болады. Денсаулығым нашар. Басқалардан естуім бойынша, метадон ағзаны бір қалыпта ұстап, есірткіге деген әуестікті басып, адамға әлеуметтік тұрғыдан оңалуға көмектеседі екен. Бұл препарат дәрігерлердің бақылауымен беріледі. Бағдарламаны барынша қолжетімді ету керек деп ойлаймын. Сонда есірткіні тастағысы келетін нашақорлардың көбі метадонға көшер еді. Бірақ бағдарламаға бәрін ала бермейді. Метадонға өткім келеді, бірақ әзірге алмай отыр, ауруханада жатып шығу керек екен. Содан кейін мені бағдарламаға қосатын шығар деп үміттенемін, – дейді Оксана.

Метадон терапиясының қатысушылары. Қарағанды.
Метадон терапиясының қатысушылары. Қарағанды.

– Жоба жаңа басталған кезбен салыстырғанда қазір бағдарламаға қосылу қиын. Қалыпты өмір сүре аламын деп ойлап, бағдарламадан шығып кеттім, біраз уақыттан кейін есірткі қолдандым. Қазір бағдарламаға қайта қосылуға рұқсат алдым, бірақ осы жолы соңғы рет деген шарт қойды, – дейді өзін Александр деп таныстырған қарт кісі.

Алмастыру терапиясына қосылғысы келетін азаматтармен Қарағандыдағы нашақорлық, ВИЧ пен туберкулездің алдын-алумен айналысатын "Үміт" қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде кездестім. Бірлестік басшысы Гүлмира Смаилова есірткіге тәуелді азаматтармен көп жұмыс істеген. Қазір мұндай азаматтар қоғамдық бірлестікте аутрич-қызметкер болып істейді, яғни, есірткі пайдаланатын адамдармен байланыс орнатып, оларға кеңес беріп, медициналық қолдау көрсетеді. Қазір Смаилова басқаратын ұйымда 25 аутрич-қызметкер бар. Олардың бәрі – не бұрын нашақор болған, не қазір есірткі пайдаланып жүрген азаматтар. Аутрич-қызметкерлердің арасында бірнеше жыл бұрын опиоид есірткісінен бас тартып, метадон терапиясына өткен төрт адам бар. Гүлмира Смаилова оларды тәртіпті әрі жауапты қызметкерлер деп бағалайды.

– Ғылыми әдістерге емес, осы бағдарламаның көмегі тиген, әлі де жобаның игілігін көріп жүрген адамдардың шынайы тағдырына қараймын. Метадон болмаса, бір-екі айдан кейін олардың жағдайы қалай болары белгісіз. Әрине, метадон да есірткі затына жатады. Мәселеге тереңінен қарамаған адам "Бұл қалай?" деп ойлауы мүмкін. Бұрын оқытушы болдым, метадон туралы сол кезде естісем, мен де ашуланар едім. Ал адам осы салада істеп, метадон қабылдайтын науқастармен араласып, бірге тұрған кезде мәселеге басқаша қарай бастайды. Ғаламдық қор жобаны қаржыландыруын тоқтатса, мемлекет бұл бағдарламаны қолдайды деп ойламаймын. Донор елден кетіп қалуы мүмкін деген қауіп қашан да бар, – дейді Гүлмира Смаилова.

БАҒДАРЛАМАНЫ ЖАБУҒА ҮНДЕУ. БЕЛГІСІЗ БОЛАШАҚ

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбековтың айтуынша, алмастыру терапиясы АҚШ, Канада, Германия, Нидерланды, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Иран, Беларусь, Украина және басқа да елдерде бар. Орталық Азияда бұл терапия Қазақстаннан басқа, Қырғызстан мен Тәжікстанда қолданылады.

Қазақстанда "метадон терапиясы қажет пе?" деген сұрақ жиі көтеріледі. 2014 жылы депутаттар метадонды медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған заттар тізіміне қосуды сұрап, бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін айтқан. Үкімет бұған "опиоидпен алмастыру терапиясы –инъекциялық есірткі пайдаланатын азаматтарды ВИЧ-инфекциясынан қорғау үшін қолданылатын есірткіге тәуелділікті емдеудің ғылыми негізделген тиімді әдісі" деп жауап берген.

2010 жылы алмастыру терапиясы жобасын денсаулық сақтау министрлігі, 2015 жылы қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасымен бас прокуратура тексерген. Сол кезде "жобаны мерзімінен бұрын аяқтап, метадон мөлшерін біртіндеп азайтып, науқастарды бағдарламадан шығару керек" деген кеңес берілген. Бас прокуратура опиоидпен алмастыру терапиясын жалғастырудың қажеті жоқ деп тапқан. Мемлекеттік орган "ВИЧ-инфекциясына шалдыққан азаматтар саны" азаймағанын айтып, жобаны тоқтату үшін науқастардың ресоциализациясын қамтамасыз етпейді, есірткіден бас тартуға мотивация бермейді, метадон абстиненциясы (ломка) кезінде агрессивтілік байқалады, заң бұзбайтын мінез-құлық қалыптастыруға әсері жоқ деген бірнеше себеп ұсынған. Бұл деректер бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясы ғылыми қызметкерлерінің жақында жарияланған зерттеуі – "Қазақстандағы есірткі пайдалану деңгейін бағалау институтының құрылуы және даму мүмкіндіктері" деп аталатын монографияда көрсетілген.

Монографияда сондай-ақ 2018 жылы мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының хаттамалық шешімімен "денсаулық сақтау министрлігіне опиоидпен алмастыру терапиясын жалғастырудың мәні жоқ" деген кеңес берілгені жазылған. Жарияланған зерттеуде "қайшылықты пікірлерге қарамастан, қазір елде опиоид алмастыру терапиясы кеңінен таралғаны" айтылған. Сарапшылар "қоғамдағы нашақорлықты жою мәселесі ішкі істер министрлігі немесе денсаулық сақтау министрлігінің ғана емес, қауіпсіздік кеңесінің де құзырында болуы керек" деген қорытындыға келген.

Ведомствоаралық зерттеуде "Қазақстандағы опиоидты алмастыру терапиясы бағдарламасын қайта қараған дұрыс. Бағдарламаны ары қарай жалғастыру үшін барлық мүдделі мемлекеттік органның қатысуымен 2016-2020 жылдар аралығындағы кезеңге қайтадан кешенді тексеріс жүргізіп, содан шыққан нәтижелерді негізге алу керек" делінген.

Зерттеуде шетелдік тәжірибені зерттеу қорытындысы беріліп, Литвада опиоидты алмастыру терапиясын енгізгеннен кейін нашақорлық сегіз есе артқаны, Өзбекстанның 2009 жылы "көзделген мақсаттардың орындалмауына байланысты" жобаны жауып тастағаны, Ресейдің "есірткіге тәуелді азаматтарды дәстүрлі әдістермен емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткізуді таңдап, опиоидты алмастыру терапиясынан бас тартқаны айтылады.

Психикалық денсаулық орталығының дерегінше, 2021 жылы маусымда БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында қабылданған "ВИЧ және СПИД бойынша саяси декларацияға" сәйкес, елде инъекциялық есірткі қолданатын адамдар арасында ВИЧ инфекциясының алдын-алудың негізгі жолдарының бірі – опиоид агонистерімен қолдаушы терапия. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі мен ғаламдық қор арасында 2021–2023 жылдарға арналған гранттық келісімге қол қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG