Accessibility links

"Жалақыны көбейтсін!" Жаңаөзенде бірнеше мекеме жұмысшылары ереуілдетіп тұр


"МұнайСпецСнабкомпани" жұмысшылары талап қойып тұр. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.
"МұнайСпецСнабкомпани" жұмысшылары талап қойып тұр. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзенде жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдер легі көбейді. Кейінгі бір аптаның өзінде дәл осы талаппен үш мекеме жұмысшылары наразылық білдіріп, жұмысты тоқтатты. Олардың барлығы да билікке қайырылғанымен, жауап болған жоқ. Жұмыс берушілердің кейбірі өзара ішінара келісімге келгенімен, басқа ереуілге шыққандардың талаптары әзірге орындалмады.

"KMG-SEСURITY" КҮЗЕТШІЛЕРІНІҢ ЕРЕУІЛІ ТӨРТІНШІ КҮНГЕ ҰЛАСТЫ

"ҚазМұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес "KMG-Security" күзет агенттігі Жаңаөзен филиалының жүздеген жұмысшысы төрт күннен бері аптап ыстықта ереуілдетіп жатыр. Мұнай компаниясының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзетшілердің талабы – жалақыны өсіру және жұмыс жағдайын жақсарту. Мекеме басында бірнеше шатыр құрып, соның астында отырған жұмысшылар талап орындалмайынша жұмысқа шықпаймыз дейді.

Осы компанияда алты жыл жұмыс істеймін деген Серік Жолдасбаев оқиға орнына барған Азаттық тілшісіне "жалақымызды 150 мың теңгеге көтеріп берсе, жылдық сыйақымызды берсе, басқа талап жоқ" деді.

Күзетшілер қазір 70 мың теңгенің айналасында жалақы алатынын айтады.

"Азық-түлік қымбат, жалақымызды 150 мың теңгеге өсірсін" деді тағы бір күзетші.

Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.
Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.

Компанияның Жаңаөзендегі филиалында 1200 жұмысшы бар. Қазір "KMG-Security" жұмысы ереуілге байланысты тоқтап тұр.

Ереуілдің үшінші күні наразыларға "KMG-Security" компаниясының Нұр-Сұлтандағы бас кеңсесінен генерал-майор Мейірхан Жаманбаев келген.

- Жаманбаев бізге жалақыны үш санатқа бөліп көтеруді - бірінші санатқа 150 мың теңге, екінші санатқа 140 мың теңге, үшінші санатқа 135 мың теңге беруді ұсынды. Біз онымен келіспедік, - дейді ереуілдеп тұрған күзетшілердің бірі.

Жаңаөзенде "KMG -Security" күзетшілері ереуілге шығып, жалақы өсіруді талап етіп тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:44 0:00

Азаттық тілшісі Жаңаөзенде жүрген Мейірхан Жаманбаевтың өзімен сөйлесе алмады. Ал Нұр-Сұлтандағы "KMG-Security" компаниясы басқарма басшысы Талғат Тоқаловқа хабарласқанымызда, компания қызметкерлері "орнында жоқ, іс сапарда жүр" деп жауап берді.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ КҮЗЕТШІЛЕР ЕРЕУІЛІ

16 шілдеде Жаңаөзендегі ереуілшілерге "KMG-Security" компаниясының Маңғыстау облысы Бұзашы түбегіндегі Қаражанбасмұнай кен орынын күзететін тағы бір бөлімінің күзетшілері қосылды. Олар жұмысты тоқтатқан жоқ, бірақ 16 шілдеде видео үндеу жолдап, мекеме басшылығына бір күнге мұрсат беріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Үндеу "KMG-Security" компаниясының басқарма бастығы Талғат Тоқаловтың атына бағытталған.

Жұмысшылар азық-түлік пен коммуналдық қызметтер, жолақы қымбаттап кеткендіктен қазір алатын жалақымен күн көру қиынға айналғанын айтады. Бұған қоса, қаражанбастық күзетшілер жұмысқа барар алдында бір күн бұрын Ақтауға келіп, өз ақшаларына пәтер жалдайтынын, екі ортаға кететін жол шығыны барын да жеткізді.

"Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеден төмен болмасын. Қазақстандағы мереке күндерінде ақша төленсін. Жыл қортындысы бойынша жыл сайын 13-айлық төленсін. Өзге аудандар мен ауылдардан келетін ұжымдастарымызға жол ақысы берілсін. Еңбек демалысына ақша толықтай берілсін. Егер жоғарыда талаптар орындаламаса "KMG-Security" қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартамыз. Осы талаптарымызды 17 шілдеге дейін шешіп беруді сұраймыз" дейді видеода күзетшілер арызын жария еткен адам.

"KMG-Security" компаниясы Қаражанбастағы жұмысшылар талабына байланысты қазірше ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

"МҰНАЙСПЕЦСНАБКОМПАНИ" ЕРЕУІЛДЕГЕНДЕРДІ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРМАҚ

Жаңаөзенде 15 шілдеден бастап "МұнайСпецСнабкомпани" мекемесінің жүргізушілері де жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жұмысты тоқтатты. Аты-жөнін атамауды сұраған жұмысшының сөзінше, қолға алатын жалақы 110 мың теңгеден аспайды.

- Біздер жаздың аптабында, қыстық суығында "Өзенмұнайгаз", "Өзенмұнайсервис" мекемесіне транспорттық қызмет көрсетеміз. Ауыр техникаларды жүргіземіз. Бір тәулік бойына сол арнайы техникадан түспейміз. Бұл өте ауыр, - дейді жүргізуші.

Жүргізушілер қазір "МұнайСпецСнабкомпани" басшылығынан:

  • Қолдарына еңбек шартын беруді;
  • Зиянды өндірістік аймақта жұмыс істегендері үшін денсаулыққа келген зиян үшін өтемақы төлеуді;
  • Жалақыны 100 пайызға көтеріп, түнгі ауысым үшін қосымша ақы төлеуді;
  • Еңбек кодексіне сай, еңбекке уақытша қабілетсіз болса, жәрдемақы төлеуді;
  • 24 сағат, яғни тәулік бойы жұмыс ауысымын 12 сағаттық жұмыс ауысымына алмастыруды;
  • Техникаларды жөндеу кезіндегі уақытты да жұмыс күні деп есептеп, ақысын төлеуді;
  • Жалақыны әр айдың 10-на дейін төлеп, жалақы есеп көрсеткішін беруді;
  • Жұмыс уақытынан артық істелген сағатқа үстеме ақы төлеуді,
  • Мерекелік күндердегі еңбек үшін сыйақы төлеуді;
  • Вахталық автобусты ұйымдастырып, өздерін "ӨзенМұнайГаз" компаниясына мердігерлік мекеме ретінде тіркеуді талап етеді.

Жүргізушілердың сөзінше, жұмыс беруші олардың талабын орындай алмайтынын айтып, басқа адамдарды жұмысқа алып жатқанын жеткізген.

- Бізге "сендер тұрасыңдар ма, тұра беріңдер. Жұмыс істейтіндер табылады" деді. Ал біз ертең онымен соттасақ қолымызда еңбек шарты да жоқ, - деді жүргізушілердің бірі.

Жаңаөзендіктер наразылыққа шыққан "МұнайСпецСнабкомпани" жұмысшыларына тамақ әкеліп берді. 16 шілде 2021 жыл.
Жаңаөзендіктер наразылыққа шыққан "МұнайСпецСнабкомпани" жұмысшыларына тамақ әкеліп берді. 16 шілде 2021 жыл.

"МұнайСпецСнаб" мекемесінің директоры Ерлан Сәбиев жүргізушілердің талабының бәрін бірдей орындай алмайтынын мәлімдеді. Ол жүргізушілер қойып отырған он талаптың кейбірі орындалып жатқанын айтады.

- Түнгі жұмыс үшін 1,5 коэффициент үстемақысын алады, уақытша еңбекке жарамсыздық қағазын төлеп келемін. Ал айлықты олар сұрағандай 100 пайызға көтере алмаймын, себебі менің тендермен алған келісім-шартымның тарифі төмен. Егер "ӨзенМұнайГаз" маған тарифті көбейтсе төлеймін. Шынын айтқанда, жұмысшылардың талабы дұрыс, бәрі қымбаттады. Бірақ тендерге осы қызмет түрін қойғанда "ӨзенМұнайгаз" он жыл болды тарифті көтермей келеді, - деді ол.

Ерлан Сәбиев ереуілге шыққандардың қолдарына жұмыстан шығаратыны туралы хабарлама беретінін айтты.

-Еңбек шартын өздері алмаған шығар, оларда бар. Бірақ мен де өз міндетімді орындауым керек. Әйтпесе маған айыппұл төлетеді. 46 бригада жұмысқа шықпай тұр. Қазірдің өзінде маған "жұмысқа шығасыңдар ма жоқ па, онда басқа адамға береміз" деп "ӨзенМұнайГаздан" хабарласып жатыр, - дейді Ерлан Сәбиев.

Ереуілдеп тұрған "МұнайСпецСнабкомпани" жүргізушілеріне Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы мен Жаңаөзен қалалық әкімдігінен келіп ереуілді тоқтатуды, жұмысқа шығуды айтып кеткен.

- Еңбек иснпекциясы өкілі 20 күнде тексереміз дейді. Сонда біз оған дейін не істеуіміз керек? Шыдамның да шегі бар, біз қажыдық. Бұл жалақымен бала-шағамызды асырай алмаймыз, - дейді жүргізушілердің бірі.

Наразылар дәл сондай арнайы техниканы жүргізетін "Өзенмұнайгаз" жүргізушілерінің 300 мың теңге алатынын, бірақ атқаратын жұмыс бір екенін айтады. Жүргізушілердің бұл сөзін Ерлан Сәбиев мойындап отыр.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ ТАЛАБЫ

Қаладағы жедел жәрдем стансасының 45 жедел жәрдем көлігін жүргізушілер де екі күн ереуілден соң кейбір талаптарына орындатты Олар 14-15 шілде күндері жұмысты ішінара тоқтатып, шұғыл шақыртуда тек жеті көлік қызмет көрсеткен.

Жаңаөзендегі жедел жәрдем стансасының жүргізушісі Мұрат Белбаев жалақы талабының 2016 жылдан бері айтылып келе жатқанын, кейінгі екі жылда жалақыны екі мәрте 12 мың теңгеге көтерілгенін, басқа өзгеріс болмағанын айтады. Ол кейінгі екі жылда жалақы өсті дегеннің өзінде қолына 100 мың теңгеге жуық алатындарын, жалақыны жүз пайызды өсіруді сұрағандарын айтқан еді.

Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілерінің ереуілі. 15 шілде 2021 жыл.
Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілерінің ереуілі. 15 шілде 2021 жыл.

15 шілдеде жұмысқа шықпаған жедел жәрдем жүргізушілерімен Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасарлары, жұмыс беруші кездесіп, жиын өткізген.

- 23 шілде қаңтар айынан бергі артық істелген жұмыс уақыты сағаттарын есептеп беретін болды. Облыстық бюджет есебінен сыйақы ретінде қаражат қарастырылатынын айтты. Еңбек ақыны әкім орынбасарлары біздің құзырымызда емес, оны министрлікке барып шешеміз дегенді айтып, 6 тамызға дейін мұрсат алды. Біз сол келісімге қол қойдық. Егер сол уақытта тағы сөз бұйдаға салса, ештеңеге қарамаймыз, жұмысты толық тоқтатамыз деп шештік, - дейді Мұрат Белбаев.

Жедел жәрдем жүргізушілері де кейінгі бес жылда бірнеше мәрте азық-түлік пен басқа да тұтыну тауарларының, коммуналдық төлемдердің құны артқанымен, жалақыларының өспегеніне шағымданады.

Кейінгі уақытта елдің мұнай кеніштері орналасқан батыс аймағында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында жұмысшылардың жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдері жиіледі.

Шілденің басында "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары бір апта ереуілдетіп, талаптарын ішінара орындатқан.

Дәл осы Жаңаөзен қаласында 2011 жылы "Өзенмұнайгаз" және "Қаражанбасмұнай" компаниялары мұнайшылары жалақыны көбейтуді талап етіп бірнеше ай ереуілдеткен. Бұл ереуіл қантөгіспен аяқталды. 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде полиция наразыларға оқ атты. Ресми есеп бойынша, 16 адам мерт болып, жүзден астам адам жараланды. Жаңаөзендегі оқиғаның ертеңіне, 2011 жылғы 17 желтоқсанда Шетпе теміржол станциясында Жаңаөзендегі қырғынды айыптаған тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, тағы бір адам көз жұмды.

Қазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді. Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Кейбір жұмысшылардың талабы ереуілден соң ішінара (кейде толық) орындалады, кейбірі наразылық білдіргені үшін жұмыстан қуылады.

Сарапшылар елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG