Accessibility links

20 сағат жол, 5 сағат тексеріс һәм карантин. Азаттық тілшісі Токиоға қалай жетті?


Токио олимпиадасына келген атлеттер.
Токио олимпиадасына келген атлеттер.

Азаттық тілшісі Жапония астанасы Токио қаласында өтетін олимпиада ойындарынан хабар таратпаққа осы елге аттанды. Әлемді коронавирус әлі әуреге салып жатқан тұста өтетін олимпиадада тексеріс өте қатаң. Тілшіміздің Чехия астанасы Прагадан Токиоға сапары қалай басталды? Пандемия кезіндегі олимпиада қалай өтпек? Жапониядан алғашқы жазбасын қаз-қалпында ұсынамыз.

ТОКИОҒА САПАР ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Токио сапарымыз 14 күн бұрын басталып кеткен. Жапонияға аттанбас бұрын ұйымдастыру комитетінің талабымен 14 күн бойы температурамызды өлшеп, сапарға 96 сағат және 72 сағат қалғанда екі рет коронавирус тестін тапсырдық. Тест тапсыру процесі Жапония үкіметі мен елшілігінің Прагада арнайы белгілеген бір ғана зертханада жүрді.

Жапон билігі Чехиядағы басқа зертханалардың тест нәтижесін мойындамайтынын, тек өздері белгілеген орында тапсырылған тест нәтижесін қабылдайтынын қатаң ескерткен еді.

Олимпиадаға 17 шілде Прага – Доха (Катар) – Токио бағытымен шықтым. Ұшаққа мінерде де әр құжатты, екі тестің нәтижесін үтір-нүктесіне дейін қайта-қайта тексеріп алды.

Прагадан Дохаға алты сағат ұшып, Хамад халықаралық әуежайында үш сағат келесі рейсті күттік. Дохадан Токиоға шыққан Boeing ұшағының бортындағы жолаушының басым бөлігі – олимпиадаға бара жатқандар. Мұны әуе кемесінің капитанының жолаушыларды "Welcome on board, Olympians" (Олимпиадашылар, бортқа қош келіңіздер) деп қарсы алғанынан аңғаруға болады. Ұшақта журналистер, төрешілермен қатар Египет, Ирландия, Иран, Замбия, Хорватия, Грузия спортшылары болды.

ТОКИО Е ИОКОСО [ТОКИОҒА КОШ КЕЛДІҢІЗ]!

Дохадан Токиоға 11 сағат ұшып, Жапония уақыты бойынша кешкі жетіде Нарита әуежайына қондық. Әуежайдан қорғаныш киімін киген еріктілер олимпиадаға келгендерді "Токио е Иокосо" (Токиоға қош келдіңіз) деп қарсы алып, арнайы бөлінген аймаққа алып барды.

Токиодағы Нарита әуежайындағы еріктілер.
Токиодағы Нарита әуежайындағы еріктілер.

Бұл жерде екі сағат күтіп отырған соң құжаттарымызды тексере бастады. Сапар алдында тапсырған коронавирус тестін, төлқұжатты, олимпиада аккредитациясын (бұл аккредитацияны Жапонияға кіретін виза ретінде алдын ала мен тұрып жатқан Прага қаласына салып жіберген), басқа да құжаттарды жіті тексерді.

Еріктілер олимпиада келгендердің құжаттарын тексеріп жатыр.
Еріктілер олимпиада келгендердің құжаттарын тексеріп жатыр.

Ұйымдастыру комитеті құжатта бір әріп я бір сан сай келмесе елге кіргізбейтінін ескерткен. Тексеріс бір сағатқа созылып, құжаттарымыздың дұрыстығына көз жеткізген соң әуежайда тағы коронавирус тестін тапсыруға жіберді.

Тест нәтижесін күтіп, тағы бір сағат отырдық. Тест нәтижем таза шыққан соң ғана төлқұжат пен кедендік тексерісінен өткізді.

Құжаттарын тексертуге және тест тапсыруға кезек күтіп отырған атлеттер. Токио, 17 шілде 2021 жыл.
Құжаттарын тексертуге және тест тапсыруға кезек күтіп отырған атлеттер. Токио, 17 шілде 2021 жыл.

Жапон офицері бүкіл құжатыма шұқшия қарап, саусақ іздерін алып, 15 минуттан соң төлқұжатыма мөр басып берді. Бұрын кедендік тексерісте мұнша ұзақ тұрып көрмеппін.

Тест нәтижесін күтіп, тағы бір сағат отырдық. Тест нәтижем таза шыққан соң ғана төлқұжат пен кедендік тексерісінен өткізді. Жапон офицері бүкіл құжатыма шұқшия қарап, саусақ іздерін алып, 15 минуттан соң төлқұжатыма мөр басып берді. Бұрын кедендік тексерісте мұнша ұзақ тұрып көрмеппін.

Барлық тексерістен өтіп, қонақ үйге апаратын автобусты күтіп отырған сәт. Қолымда жарыстардан хабар таратуға мүмкіндік беретін және Жапонияға кіруге виза болған аккредитация қағазым. Токио, 18 шілде 2021 жыл.
Барлық тексерістен өтіп, қонақ үйге апаратын автобусты күтіп отырған сәт. Қолымда жарыстардан хабар таратуға мүмкіндік беретін және Жапонияға кіруге виза болған аккредитация қағазым. Токио, 18 шілде 2021 жыл.

Әуежайдағы тексеріс кешкі жетіден түнгі 12-ге дейін жалғасты. Одан әрі арнайы автобуспен журналистерге арналған қонақ үйге бет алдым.

18 шілде Токиода түнгі 02.20-да отельге жеттім. Қонақ үйге келгенімде күлімсіреген қызметкерлер емес алдымен полиция қарсы алады. Полицей барлық құжатымды тексерген соң "аригато" (рақмет) деп бас изей отель ресепшніне жол сілтеді...

Бөлмеге заттарды қойып, ештеңені сезбей ұйықтап қалыппын... 20 сағаттық жол, ұзақ тексеріс бүкіл денемді соғып тастапты.

Енді 18 шілдеден бастап үш күн отельде карантинде боламыз. Үш күн бойы тағы коронавирус тестін тапсыруымыз керек. Үш тест таза болса ғана жарыс өтетін аймаққа жібереді. Карантинде қалаға күніне 15 минутқа ғана шығуға рұқсат бар. Сырттағы уақытыңыз 15 минуттан асып кетсе, қонақ үйде отырған полицей ұйымдастыру комитетіне хабар беріп, арты айыппұлмен аяқталуы мүмкін. 18 шілде 15 минутқа қалаға шығып, қонақ үй маңындағы дүкеннен азық-түлік әкеп үлгердім. Токио көшесі қапырық, 15 минут ішінде көзіме маскасыз жүрген адам ілінбеді. Бұл елде сыртқа шыққан адамға маска міндет.

Үш күндік карантин сәтімен аяқталған соң олимпиада қалашығына, жарыс стадиондарына да аяқ басармыз.

Қазақстан атлеттері Токиоға келген сәт. 17 шілде 2021 жыл.
Қазақстан атлеттері Токиоға келген сәт. 17 шілде 2021 жыл.

Сәтін салса олимпиададағы хабарларды, спортшылардың нәтижесін, Токио тынысын Азаттықтың сайтынан һәм желідегі парақшаларынан оқи аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG