Accessibility links

Жыл басынан бері 34 мың балаға вирус жұққан, 2 бала қайтыс болған. Министрлік балаларға вакцина салу жөнінде айтты


Екпе алып жатқан балалар. Көрнекі сурет.
Екпе алып жатқан балалар. Көрнекі сурет.

Қазақстанда жыл басынан бері 34 мың балаға коронавирус жұққан. Екі бала Covid-тен қайтыс болған. 23 шілде күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят осылай деп мәлімдеді.

Оның айтынша, биыл коронавирус жұқтырған балалар көбейген.

– Қазіргі кезде стационарда 558 бала коронавирустан емделіп жатыр. 13 жаңа туған нәрестеге коронавирус жұққаны анықталды. Жыл басынан бері коронавирус жұққан балалардың көбейгені байқалады, соңғы айларда 4-5 есе артқан. Төрт пациенттің жағдайы ауыр. Әрбір баланың жағдайын бақылап отырмыз. Олар – Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан және Қызылорда, Жамбыл облыстарында жатыр. Жыл басынан бері екі бала өлімі тіркелді. Олар СҚО мен Нұр-Сұлтанда тұрған, – деді Ажар Ғинаят.

Бұған дейін Қазақстанда 12 жастан бастап балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы салынуы мүмкін екені хабарланған еді. Жұма күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балаларға вакцина салу ерікті түрде болатынын айтты

– Қазір тек ересектер екпе салдыра алады. Балаларға қанша уақытта вакцина салып бітіретінімізді айта алмаймыз. Себебі ол ерікті түрде, тек ата-анасының келісімімен болады. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қазір ата-аналар жиі хабарласып, баласына вакцина салдырғысы келетінін айтады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай вакциналар жоқ. Балаларға салуға болатын вакцина болған кезде онымен қамтамасыз етеміз, – деді Цой.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 12 мен 18 жас аралығында 2 миллион бала бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG