Accessibility links

"Олимпиада алтынын армандайтын" Сметов Токио татамиінде қола алды


Елдос Сметов Токио олимпиадасында қола жүлдеге таласта жеңіске жеткен сәт. 24 шілде 2021 жыл.
Елдос Сметов Токио олимпиадасында қола жүлдеге таласта жеңіске жеткен сәт. 24 шілде 2021 жыл.

Токиода өтіп жатқан олимпиаданың алғашқы күні қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов 60 келіде қола медаль иеленді. Қазақ балуанына қола жүлде қалай бұйырды? Азаттық тілшісі Токиодан хабарлайды.

28 жастағы Сметов қола медальға таласта Торнике Цьякадоеаны (Нидерланд) жеңді. Белдесудің негізгі төрт минутында екі балуан ұпай алатындай әдіс жасай алмады. Кейін күрес "алтын ұпайға" (golden score – бірінші әдіс жасаған балуан жеңеді) ұласып, Сметов қарсыласын аяқтан шалып, жауырынын татамиге тигізді. Төрешілер бұл әдісті қайталап көріп, Сметов базари әдісін жасады деген шешімге келді.

Сметов (көк формада) қарсыласына әдіс жасаған сәт. 24 шілде 2021 жыл.
Сметов (көк формада) қарсыласына әдіс жасаған сәт. 24 шілде 2021 жыл.

Қазақ балуаны қуанғанынан екі қолын көтеріп, жоғары қарады. Одан соң татамиде өкініп отырған қарсыласына барып, арқасынан қағып құрмет көрсетті де бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке беттеді. Бапкері балуанның басынан сипап, арқасынан қақты. Сметов залда кетіп бара жатып көзіне жас алды.

"ЕЛДОС, СЕН БІЗ ҮШІН ЧЕМПИОНСЫҢ!"

Токио татамиінде қазақстандық балуан үшін қиын кездесу жартылай финалда болды. Ол екі дүркін әлем чемпионы Наохису Такатодан (Жапония) жеңіліп, финалға шыға алмады. Балуандар татамиде он минуттай күресті.

Негізгі уақытта екі балуанның белдесуі тең аяқталып, бұл кездесу де "алтын ұпайға" ұласты. "Golden score" кезеңінде екі қарсылас тағы жеті минуттай белдесіп, Такато алғаш әдіс жасап кетті.

Сметов пен Такато арасындағы белдесу. Токио, 24 шілде 2021 жыл.
Сметов пен Такато арасындағы белдесу. Токио, 24 шілде 2021 жыл.

Он минуттан аса уақытқа созылған кездесуден соң қос балуанның қатты шаршағаны байқалды. Жеңілістен кейін Сметов татамиде басын ұстап біраз жатты. Такато Елдостың қолын алып татамиден тұрғызып, оған құрмет көрсетті.

Сметов татамиден басы салбырап түсіп, залдан шығып кетті. Бапкері Ғалымжан Жылгелдиев оның арқасынан қағып, жұбатқандай болды. Залда отырған басқа елдің спортшылары мен бапкерлері қос балуанға орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Трибунада отырған қазақтардың бірі "Елдос, сен біз үшін чемпионсың" деп қолдау да білдірді.

Сметов пен Такато осымен татамиде алтыншы рет кездесіп, алтауында да жапон балуаны жеңіске жетті.

Такато әдіс жасап жеңіске жеткен сәт. Токио, 24 шілде 2021 жыл.
Такато әдіс жасап жеңіске жеткен сәт. Токио, 24 шілде 2021 жыл.

Сметов жартылай финалға дейін қиналмай жеткен. Ол екінші айналымда түрік Михраш Аккушты, ширек финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джинді (әлем чемпионатының екі рет қола жүлдегері) таза, яғни иппон әдісімен қиналмай жеңген еді. Екі белдесуді де Сметов уақытынан бұрын аяқтады.

60 келіде Токио алтынын жапон Такато, күмісті Ян Юнвей (Қытайлық Тайпей), қоланы Сметовпен қатар франциялық Лука Мхекидзе иеленді.
60 келіде Токио алтынын жапон Такато, күмісті Ян Юнвей (Қытайлық Тайпей), қоланы Сметовпен қатар франциялық Лука Мхекидзе иеленді.

Токионың қоласы - Сметов үшін олимпиаданың екінші медалі. Ол 2016 жылы Рио олимпиадасында финалда жеңіліп, күміс медаль иеленген.

Сметов "2016 жылы Рио олимпиадасында алтын алғанда спорттық карьерамды аяқтар едім" деген еді. Бірақ Риода күміс алған соң спортта қалып, Токиода алтынға таласатынын айтқан.

"Олимпиада алтынын алмай спорттан кетпеймін деп шештім. Алтын қашан алатынымды білмеймін, егер [олимпиада] алтыны үшін 40 жасқа дейін белдесуім керек болса, белдесемін. Басқа жарыстардың алтыны мен үшін маңызды емес" деген еді ол.

Сметовте тек олимпиада алтыны жоқ еді. 2015 жылы әлем чемпионатында, 2014 жылы Азия ойындарының алтынын алған.

ГАЛБАДРАХТЫҢ ЖЕҢІЛІСІ

Токио олимпиадасының бірінші күні Қазақстан жанкүйерлері тағы бір дзюдошы 48 келіде белдескен Галбадрах Отгонцэцгтен жүлде күткен еді. Бірақ 2016 жылы Рио олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Огтонцэцэг Токиода бірінші айналымда Қытай спортшысы Ли Яньяньнан таза (иппон) жеңілді.

Белдесуден соң Галбадрахтың бапкері Дашжамцын Энхбаатар шәкіртінің жеңілісіне "жарыстардың аздығы себеп" деп қысқа қайырды.

Рио олимпиадасынан кейін Галбадрахтың көрсеткіштері төмендеп, жүлделері азая бастады. Ол соңғы рет екі жыл бұрын, 2019 жылы 26 шілдеде Загреб Гран-приі жарысында алтын алған, содан кейін екі жыл ішінде бірде-бір жарыста жүлде иеленбеді. Осыдан соң ол 48 келіде әлемдік рейтингте үздік бестіктен 14-орынға дейін сырғыды.

Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Қытай қарсыласының әдісіне түсіп қалған сәт. Токио, 24 шілде 2021 жыл.
Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Қытай қарсыласының әдісіне түсіп қалған сәт. Токио, 24 шілде 2021 жыл.

Моңғолияда туған Галбадрах 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарысқа қатыса бастаған. Ол Моңғолия құрамасына ене алмаған соң Қазақстан құрамасына ауысқан еді.

БАСҚА СПОРТШЫЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Олимпиаданың алғашқы күні, 24 шілдеде Қазақстанның басқа да спортшылары жарысты бастады.

Бокстан 57 келі салмақта Серік Теміржанов венгриялық қарсыласы Ролан Галошты жеңіп, екінші айналымға шықты. Бес төреші де жеңісті Теміржановқа берді.

Серік Теміржанов (көк формада) венгриялық Роланд Галошты жеңген сәт. 24 шілде 2021 жыл.
Серік Теміржанов (көк формада) венгриялық Роланд Галошты жеңген сәт. 24 шілде 2021 жыл.

Велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста Алексей Луценко (Азия ойындарының екі дүркін чемпионы) 21-орын алды.

Теннистен жекелей жарыста Елена Рыбакина (әлемнің 20-ракеткасы) австралиялық Саманта Стосурды (186-ракетка) 6:4, 6:2 есебімен жеңді. Ал Алексей Бублик (40) бірінші айналымда ресейлік Даниил Медведевтен (2) жеңілді - 6:4, 7:6. Зарина Дияс алғашқы кезеңде чехиялық Барбара Крейчиковамен ойнап, жарақатына байланысты матчты аяқтай алмады.

Елена Рыбакина Токио олимпиадасында. 24 шілде 2021 жыл.
Елена Рыбакина Токио олимпиадасында. 24 шілде 2021 жыл.

Ресейде туған Рыбакина мен Бублик бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарысқа қатысып жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG