Accessibility links

Алматы облысында сайлаушыларға кандидаттың аты-жөні сызылған бюллетень берілді


Алматы облысы Чапаев елді мекенінде сайлаушыларға берілген кандидаттың аты-жөні сызылған бюллетень парағы. 25 шілде 2021 жыл.
Алматы облысы Чапаев елді мекенінде сайлаушыларға берілген кандидаттың аты-жөні сызылған бюллетень парағы. 25 шілде 2021 жыл.

Ауыл әкімін сайлау күні Алматы облысы Іле ауданы Чапаев селосында сайлаушыларға Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан қатысқан кандидаттың аты-жөні сызылған бюллетень берілді. Онда кандидат Берік Қалижанұлы Ағыбаевтың аты-жөні сызылған, жанында "Ербол" деген жазу тұр. Комиссия мүшесінің түсіндіруінше, бұл кандидаттың аты-жөнін сызған адамның қолы. Бюллетень аймақтық комиссиядан осындай күйде келген.

Сайлау комиссиясының төрағасы "Берік Ағыбаев сайлаудан өзі бас тартты, бірақ не себепті екенін айту менің құзырымда емес" деді. Ал кейбір сайлаушылар оны сайлаудан шеттетті деп санайды.

- Қаншама уақыт дайындалған адам бас тарта салмайды ғой. Бір рет бағын сынап көруі керек еді. Ол бас тартпады, оған бас тартқызды. Басқа себебі жоқ, - дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Бақтыбай.

Ал Салтанат есімді өзге тұрғын "Ағыбаев өз еркімен бас тартты" деген болжамға сенетінін жеткізді. Кейбір дауыс берушілер кандидаттың түсіп қалу себебі қызықтырмайды деп жауап берді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының орталық аппарат басшысы Талғат Омаровтың айтуынша, Берік Ағыбаев денсаулығына байланысты сайлауға қатыса алмаған. Оның сөзіне қарағанда, ол 23 шілдеде кандидаттықтан бас тартқан.

Берік Ағыбаевтың өзінен жауап алу мүмкін болмады.

Талғат Омаровтың айтуынша, әкім сайлауына партия атынан 9 кандидат қатысып жатыр. Олар Алматы облысы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Қазақстанда ауыл әкімін тіке сайлау өтіп жатыр. 25 шілдеде Қазақстанның 14 облысында 1800-ден астам сайлау учаскесі ашылған. Сайлауға 2200-ден астам кандидат қатысып жатыр. 1400-ден астамы өз-өзін ұсынғандар.

Бұған дейін кейбір аймақта тәуелсіз кандидаттарды сайлауға жібермей жатқаны туралы хабар тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG