Accessibility links

Ресми орындар облыстардың басым бөлігінде сайлаушылар белсенділігі 50%-дан жоғары екенін хабарлады


Дауыс беріп жатқан тұрғын. Алматы облысы Іле ауданы, 25 шілде 2021 жыл.
Дауыс беріп жатқан тұрғын. Алматы облысы Іле ауданы, 25 шілде 2021 жыл.

Ресми орындар Қазақстан облыстарының басым бөлігінде сайлауға қатысу белсенділігі 50 пайыздан жоғары екенін хабарлады. Бұл туралы мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігі жазды.

Ресми ақпаратқа қарағанда, күндізгі сағат 14.00-дегі жағдай бойынша ең жоғары белсенділік – Жамбыл облысында, ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында байқалған:

  • Жамбыл облысын – 72,9%
  • Шығыс Қазақстан облысы – 66%
  • Қостанай облысында – 63,7%
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 61,2%
  • Алматы облысы 53%
  • Қызылорда облысы 49%
  • Қарағанды облысы 48,1%
  • Ақтөбе облысы 52,8%
  • Батыс Қазақстан облысы 53%
  • Атырау облысы 50,2%
  • Маңғыстау облысы 36,6%
  • Ақмола облысы 50%
  • Павлодар облысы 55,3%
  • Түркістан 56,1%

Азаттықтың аймақтағы тілшілері 25 шілдеде әр аймақтағы сайлау учаскелеріне барып, сайлау белсенділігін байқап көрген.

Жексенбі күні таңертең Алматы облысы Талғар ауданындағы төрт сайлау учаскесіне барған Азаттық тілшілері онда халықтың өте аз екенін көрді. Таңғы он жарым кезінде кей учаскелерде ешкім дауыс беруге келмеген. Сайлаушы ең көп келді деген Қызылқайрат ауылында 11-ден өте небәрі 70 адам дауыс берген.

Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округіндегі N878 сайлау учаскесіне 1983 адам дауыс беруі керек екен. Сағат 12-дегі мәлімет бойынша, 50 адам дауыс берген.

Дегенмен Алматы облысы Іле ауданындағы сайлау учаскелерінде жағдай сәл басқаша болған. Мысалы, Чапаев ауылында N414 сайлау учаскесінде сағат 11-ге дейін 350 адам дауыс берген деді сайлау комиссиясының төрағасы.

Өзге аймақтарда да жағдай ала-құла.

Қазақстанда ауыл әкімін сайлау өтіп жатыр. Биыл заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, алғаш рет ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды. Билік мұны "демократияға бастайтын үлкен өзгеріс" деп атаса, сыншылар "кандидаттарға бірдей жағдай жасалмаған, тәуелсіз кандидаттарға кедергі көп" дегенді алға тартады.

Азаттық тікелей эфирде Қазақстанның түрлі өңіріндегі сайлау учаскелерінен лайфблоггинг жүргізіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG