Accessibility links

Цой: Денсаулық сақтау саласына екі есе салмақ түсіп жатыр, кейбір аймақта стационарлар толып кетті


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 28 шілде 2021 жыл.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 28 шілде 2021 жыл.

Биыл Қазақстанда былтырмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласына екі есе көп салмақ түсіп жатыр. Былтыр шілде айында күн сайын 2 мың айналасында науқас анықталса, биыл бұл көрсеткіш үш есеге көбейіп, денсаулық сақтау саласына ауыр тиіп жатыр. Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, қазір республика бойынша инфекциялық стационардағы орындардың – 53 пайызы, реанимациялық орындардың 43 пайызы бос емес.

"Бұған қоса, бірқатар аймақта инфекциялық және реанимациялық орындар тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл бірінші кезекте Нұр-Сұлтан қаласы және Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстарына қатысты" деді Алексей Цой.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы екі аптада барлық аймақта ауру өсімі байқалған. Маусыммен салыстырғанда күн сайын анықталатын науқастар 5,2 есеге көбейген.

Қазір елде 90 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. 25 мыңнан астамы стационарда жатыр. Мыңға жуық адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

2020 жылдың шілде айымен салыстырғанда жағдайы ауыр науқастар 2,1 пайызға көбейген.

Министрдің айтуынша, індеттің ушыққанына қарамастан тұрғындар маска тақпай, әлеуметтік қашықтық сақтамай "сақтық шараларына немқұрайлы қарап отыр". "Қызыл" және "сары" статустағы азаматтар қоғамдық орындарға барып жатыр деді.

"Ashyq-тың көмегімен [қоғамдық орындарда жүрген] "қызыл" және "жасыл" статустағы 23 мыңнан астам адам анықталды. Олардың 13 516-сының ПТР тесті оң шыққан, 9688-і науқастармен араласқан" деді ол.

Министрдің айтуынша, соның салдарынан бірқатар аймақта коронавирус жұққандарды емдейтін стационарлар толып кеткен. Бұл медициналық көмек көрсету деңгейін қиындатып, адам өлімін көбейтуі мүмкін деді.

Ресми мәлімет бойынша, қазір коронавирус жұқтырғандар мен адам өлімі бойынша көрсеткіштің 65 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырау облысының үлесінде. Сол себепті 2 тамыздан бастап аталған аймақтарда карантин күшейеді.

Билік індеттің өршуін дельта варианттың тарауымен байланыстырады. "Дельта" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам жұғады және асқынуы да тез. Қазақстанда дельта маусым айында тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG