Ауғанстанда АҚШ әскеріне аудармашы болып, бірге жұмыс істеген ауған азаматтары мен олардың отбасыларының алғашқы тобын АҚШ президенті Джо Байден қошеметпен қарсы алды.
Ауғанстаннан эвакуацияланған 221 ауған азаматы (арасында 72 бала бар) мінген ұшақ 30 шілде күні Вашингтонның Даллес атындағы халықаралық әуежайына қонған деп хабарлайды Associated Press.
Ақ үй таратқан мәлімдемеде президент Байденнің "кейінгі 20 жыл ішінде Ауғанстанда АҚШ әскері және дипломаттарымен тізе қоса жұмыс атқарған мыңдаған ауған азаматына берген уәдемізді орындауды жалғастырудағы маңызды меже" деп айтқаны жазылған.
"Бәрінен бұрын, мен осы батыл ауған азаматтарына АҚШ-пен бірге болғаны үшін алғыс айтқым келеді, – деген Байден, – бүгін мен оларға ризашылықпен: "Өз үйіңізге қош келдіңіз!" деймін".
"Талибан" радикал қозғалысы өздерінен кек алады деп сескенген бұрынғы аудармашылар мен басқа да адамдар өздерін паналатауды өтініп, батыс елдерінен жәрдем сұраған. АҚШ пен өзге де елдер оларды тезірек эвакуациялау шарасын жалғастырып жатыр. 30 шілде күні Чехия үкіметі кезінде НАТО миссиясы құрамында Ауғанстан жерінде қызмет атқарған чех әскерімен бірге жұмыс істеген ауған азаматтарына көмек беру бағдарламасын қабылдады.
АҚШ-қа жеткізілген ауған азаматтарының барлығы Вирджиниядағы Форт-Ли әскери базасына орналастырылды. Олар сонда бірер апта болып, дәрігердің тексеруінен өтеді, жаңа қонысқа барар алдында құжаттарын рәсімдейді. АҚШ-та туыстары бар адамдар солармен бірге тұратын болады, өзгелерін Мемлекеттік департаменттің босқындарды қабылдау бағдарламасы аясында жаңа қонысқа орналастырады.
Вашингтон АҚШ-қа кейінгі 20 жылда жәрдемдескен екі мыңға жуық ауған азаматын "Одақтастар панасы" эвакуциялық бағдарламасы аясында Америкаға жеткізуді жоспарлап отыр.
АҚШ арнайы виза беруге, сонымен бірге Ауғанстаннан көрші елдерге босып кетуге мәжбүр болған адамдарға гуманитарлық көмек көрсетуге шамамен бір миллиард доллар жұмсамақшы. Конгресс оны мақұлдаған.
БҰҰ-ның есебі бойынша, алдағы бірнеше айда Ауғанстаннан 500 мыңға жуық адам бассауғалап қашып шығуы мүмкін.
- АҚШ Ауғанстандағы әскери миссиясын 2001 жылы бастаған. 2020 жылғы ақпанда Вашингтон мен "Талибан" өкілдері Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу туралы келісімге қол қойған. Онда АҚШ пен одақтастары 14 айдың ішінде Ауғанстаннан әскерін алып кетуі керек деп жазылған.
- 2021 жылғы сәуірде АҚШ президенті Джо Байден америкалық әскер қыркүйектің басына дейін Ауғанстаннан түгелдей шығып кетеді деп мәлімдеген. Іле-шала "Талибан" Ауғанстанның көп ауданында белсенді іс-қимылға көшкен. Кей деректерде ел аумағының 90 пайызға жуығы "Талибан" бақылауында екені айтылады.
- 2021 жылғы шілденің басында АҚШ әскері Ауғанстандағы негізгі әскери әуе базасы – ел астанасы Кабулдан солтүстікке қарай орналасқан Баграмнан кетті.
- Батыс елдері қолдайтын Кабулдағы орталық үкіметтің дәурені ұзаққа бармайды деген болжам жиі айтыла бастады.
- Шілденің басында АҚШ-тың Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтеріне тоғыз мың ауған азаматын уақытша паналатуын сұрап қолқа салғанын, Вашингтон кейін оларды АҚШ-қа эвакуациялауды жоспарлап отырғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР