Қазақстанда коронавируспен тағы 8078 адам тіркелді, ауруға осыған дейін шалдыққандар қатарынан 104 адам қайтыс болды. Бұл туралы 1 тамыз күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Тіркелген науқастардың 7803-і вирус жұқтырғанын ПТР анализімен растаған. Билік мұндай науқастарды КВИ+ санатына қосады.
8 маусымнан бері аймақтар көшін бастап келген Нұр-Сұлтан қаласы 31 шілде күнгі көрсеткіштер бойынша екінші орыннан табылды. Қалада бір күнде 1507 науқас тіркелген. Астанада күнделік анықталатын науқас саны кейінгі аптада тұрақты түрде 1,5 мыңның үстінде болды.
Тәулік бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді. Онда коронавирус бір күнде 1535 адамның анализінен табылған. Қалада күнделік тіркелетін науқас саны осымен екінші күн қатарынан 1,5 мыңнан асып отыр.
Одан кейінгі орында 964 науқаспен Қарағанды облысы тұр. 28 шілде күні бұл облыста мыңнан астам науқас анықталған.
Қалған аймақтарда жағдай мынадай:
- Шымкент қаласында – 585 (науқас),
- Ақмола облысында – 256,
- Ақтөбе облысында – 251,
- Алматы облысында – 334,
- Атырау облысында – 415,
- Шығыс Қазақстан облысында – 198,
- Жамбыл облысында – 222,
- Батыс Қазақстан облысында – 185,
- Қостанай облысында – 252,
- Қызылорда облысында – 201,
- Маңғыстау облысында – 254,
- Павлодар облысында – 300,
- Солтүстік Қазақстан облысында – 151,
- Түркістан облысында – 183.
Осылайша, вирус жұқтырғаны ПТР анализімен расталған науқастардың жалпы саны 580 379 адамға жетіп отыр. Оның 5957-сі қайтыс болған. Қайтыс болғандардың бұл тізіміне коронавирус жұқтырып, бірақ "өзге аурудан" көз жұмды деген екі мыңнан астам адам кірмей қалған.
Коронавирус пневмониясы бойынша (КВИ-), 275 науқас, 13 өлім тіркелді. Вирус жұқтырғаны диагнозы бойынша анықталған бұл науқастардың жалпы саны 61 168-ге жетті. Оның 3724-і көз жұмды.
Елде маусымның соңынан бері коронавирустың тарауы күш алып, шілденің ортасынан бастап тәулік көрсеткіші күн сайын дерлік рекорд жаңартып тұрды. Билік мұны коронавирустың «дельта» вариантының тарауымен байланыстырады. Алғаш рет Үндістанда тіркелген бұл вариант алғашқы варианттарға қарағанда едәуір жұқпалы саналады. Бірақ ғалымдар қазіргі Covid вакциналары бұл варианттан да қорғайды дейді.
Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанды 19 миллион адамның 10 миллион екпе салдыруы тиіс адамдар қатарына жатса, соның 5,4 миллионы вакцинаның кемі бір компонентін алып үлгерген. 3,8 миллионға жуық азамат толық вакциналанған.
ПІКІРЛЕР