Accessibility links

"Талибан" Ауғанстан үкіметінің ақпарат орталығы басшысын өлтірді


 Ауғанстан үкіметінің ақпарат орталығының басшысы Дава Хан Минапал.
Ауғанстан үкіметінің ақпарат орталығының басшысы Дава Хан Минапал.

Жұма, 6 тамыз күні Кабул қаласында "Талибан" радикал қозғалысының содырлары Ауғанстан үкіметінің ақпарат орталығының басшысы Дава Хан Минапалды өлтіріп кетті. Бұл ақпаратты Азаттықтың Ауған қызметі таратты.

TOLO News телеарнасы өз дереккөздеріне сүйеніп, Минапал Ресейдің Ауғанстандағы елшілігі орналасқан Дар-әл-Аман даңғылы бойында мерт болған деп хабарлады.

"Талибан" қозғалысының ресми өкілі Забиулла Мужахид Associated Press агенттігіне Минапалды осы топтың мүшелері өлтіргенін хабарлаған. Кейін ол мәлімдемесінде "ерекше шабуыл" жасалғанын, Минапал "өз ісі үшін жазаланғанын" айтқан. Бұдан басқа болған оқиғаның жай-жапсарын айтпаған. Агенттік дерегінше, Минапалға қастандық жұма намазы кезінде жасалған.

Минапал Ауғанстан президенті баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарды, 2010 жылға дейін бірнеше жыл Азаттықтың Ауған қызметінде жұмыс істеді.

АҚШ-тың Ауғанстандағы істер бойынша уақытша сенім жүктелген өкілі Росс Уилсон Twitter-дегі парақшасына бүкіл жұмысын ауған халқына Ауғанстан туралы шынайы ақпаратты жеткізуге арнаған Дава Хан Минапалды "мақсатты түрде өлтіріп кетуі қасірет пен наразылық" туғызғанын жазған. Оның сөзінше, "бұл кісі өлтіру ауғандардың адам құқығы мен сөз бостандығын қорлау" болмақ.

Ауғанстанның оңтүстігі мен батысында үкімет күштері мен "Талибан" содырлары арасында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Тәліптер тактикасын өзгертіп, қазір Лашкарғақ, Қандағар мен Герат секілді маңызды қалаларды бағындыруға күш салып жатыр. Соғыстан бас сауғалап қашқан мыңдаған адам Ауғанстанның басқа аймақтары мен көрші елдерге босып кетті.

Азаттықтың Ауған қызметінің хабарлауынша, тәліптер елдегі 34 аймақтың ішінен алғаш болып Нимруз уәлаятының орталығы Заранж қаласына енген. Қаланың ауқымды бөлігін "Талибан" содырлары бағындырып, губернатор мен басқа шенеуніктердің елден қашып кеткеніне қарамастан, полиция мен өзге де қауіпсіздік күштері тәліптерге қарсылық танытуға тырысып жатыр деген ақпарат тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG