Accessibility links

Кабул әуежайы маңындағы "бірнеше жойқын жарылыстан" 170 адам қаза тапты


Кабул әуежайы маңындағы жарылыстан зардап шеккендер. 26 тамыз 2021 жыл.
Кабул әуежайы маңындағы жарылыстан зардап шеккендер. 26 тамыз 2021 жыл.

26 тамызда Ауғанстанның Кабул қаласындағы Хамид Карзай әуежайының сыртында болған екі жарылыс қақа болғандар саны 170 адамға жетті. Шабуылды "Ислам мемлекеті" өз мойнына алды.

Пентагон 26 тамыздағы жарылыстың бірі Кабул әуежайының аумағына кіреберіс тұста, екінші жарылыс әуежай маңындағы Варон қонақүйдің жанында болғанын мәлімдеді.

Ауғанстан денсаулық саласының шенеуніктері жарылыстан кемі 170 адам қайтыс болғанын, 150-ден астам адам жараланғанын мәлімдеді. Қаза болғандардың арасында АҚШ әскерінің 13 мүшесі бар.

Reuters агенттігі АҚШ әскеріндегі дереккөзі сілтеме жасап, жарылысты жанкешті жасағанын хабарлаған.

"Талибан" қозғалысының (Қазақстанда және бірнеше елде террористік деп танылған ұйым) өкілі құрбандардың арасында балалар барын айтқан. Әуежай маңын күзетіп тұрған "Талибан" өз адамдарының да жараланғаны хабарланды.

Жарылыс болған соң Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби Twitter желісінде "Кабул әуежайының маңындағы бірнеше жарылыстан АҚШ азаматтары мен басқа да адамдар құрбан болғанын" жазған еді.

Кабул әуежайының маңынан будақтаған түтін көрінеді. 26 тамыз 2021 жыл.
Кабул әуежайының маңынан будақтаған түтін көрінеді. 26 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстандағы ToloNews телеарнасы 26 тамызда жарылыс болған аймақтан ондаған адамның ауруханаға жеткізілгенін айтқан.

Ресми Вашингтон бұл шабуылдың артында "Ислам мемлекеті" террористік тобының Хорасан провинциясындағы өкілдері тұр деген еді. Жарылыстан бірнеше сағат өткен соң "Ислам мемлекеті" Кабулдағы шабуылды өз мойнына алды.

АҚШ әскерилері Кабулда шабуыл жиілей ме деп қауіптенеді.

Кабул әуежайы маңындағы жарылыс АҚШ, Батыс елдерінің азаматтары мен ауғандар елден кету үшін жанталасып жатқан тұста болды. "Талибан" Ауғанстандағы билікті қайта қолға алған соң елден кетуге бел буған шетелдіктер мен ауғанстандықтар Кабул әуежайына ағылып, дүрлігу басталған.

Бұған қоса, "Талибан" АҚШ пен оның одақтастарына адамдарын 31 тамызға дейін Ауғанстаннан әкетуді талап еткен.

26 тамыз таңертең АҚШ пен оның одақтастары "қолда бар сенімді дәлелдеріне" сүйеніп, Кабул әуежайына террорлық шабуыл жасалу қаупі барын ескерткен. Бірақ бұл ескертуге қарамастан Кабул әуежайында көп адам болған.

АУҒАНСТАНДАҒЫ ХАОС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Сәуірде АҚШ президенті Джо Байден 11 қыркүйек оқиғасының 20 жылдығы қарсаңында Ауғанстандағы Америка күштерін түгел шығару ойы бар екенін айтқан. Кейін 31 тамызға дейін АҚШ әскерін түгел алып кету туралы соңғы шешім шығарған.

АҚШ мамырдан бастап Ауғанстаннан әскерін әкете бастаған тұста "Талибан" қозғалысы қайта күш алып, бірнеше айдың ішінде Ауғанстандағы билікті қайта қолға алды. 15 тамызда олар Кабулды соғыссыз алып, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашты. Шариғат заңына сүйенетін тәліптердің қатал ережесінен сескенген жұрт елден кетудің жолын іздеп жатыр.

2001 жылы 11 қыркүйекте "Әл-Каида" терроршыл тобы АҚШ-қа жойқын шабуыл жасап, мыңдаған адам көз жұмған соң Америка бастаған халықаралық күштер "Талибан" режимі астындағы Ауғанстанды паналаған терроршыларға қарсы әскери операция бастаған. АҚШ әскері Ауғанстанға кірген соң тәліптер Ауғанстандағы биліктен кеткен.

2011 жылы АҚШ "Әл-Каида" басшысы Осама бен Ладен өлтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG