Accessibility links

Жамбыл облысындағы жарылыс деп тараған видеодан скриншот.
Жамбыл облысындағы жарылыс деп тараған видеодан скриншот.

Жамбылдағы жарылыстың хроникасы

26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жұма күні билік жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Азаттық сұрағына жауабына Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететіні туралы өтініш беретінін мәлімдеді. Жарылыс хроникасы.

20:36 27.8.2021

Жамбылдағы жарылыс: Қазірге дейін не белгілі?

Жамбыл облысы Байзақ ауданы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада болған жарылыс жайлы қазірге дейін белгілі он жайт.

  • Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, 26 шілде кешке болған жарылыстан 12 адам қаза тапты. 27 тамызда алдымен бес адам көз жұмғанын айтылған, артынан марқұмдардың саны тоғыз адамға жеткені белгілі болды. Ал Нұр-Сұлтан уақыты бойынша кешкі тоғыздар шамасында жарылыс болған аймақтан тағы үш адамның денесі табылғанын хабарланды.
  • Қаза тапқандардың арасында ТЖМ әскери бөлімінің, әскери күзетшілер мен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Іс-түссіз жоғалған екі адамды іздеу жалғасып жатқаны хабарланды.
  • Жарылыстан 98 адам зардап шекті. Олардың елуге жуығы – ТЖМ қызметкері мен әскерилер.
  • Жарылыс болған әскери қоймада жиынтығы 500 тоннадан астам тротил сақталған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жарылыс ошағына жақын үш елдімекен бар. Әскери қоймадағы жарылыс жарықшақтары екі шақырым жерге дейін жеткен.
  • Жарылыс болған әскери қоймадан Жібек жолы кенті 3 км (378 адам), Үшбұлақ станциясы 8 км (216 адам), Ботамойнақ 10 км (492 адам) жерде орналасқан. Үш елдімекендегі жиынтығы 1086 адам тұрады. Бейсенбі күні жарылыстан кейін 710 адам Тараз қаласына эвакуацияланып, колледждер мен орта мектептерге орналастырылған. 582 адам туыстарының үйіне кеткен.
  • 27 тамыз күні таңертең Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше оқиғадан кейін жағдай орнығып, бұған дейін эвакуацияланған тұрғындар жұманың кешінде үйлеріне оралуы мүмкін деп хабарлады.
  • Әскери бөлімнен бірнеше жүз метрден теміржол өтеді. Жарылысқа байланысты қазір теміржол қатынасы да уақытша тоқтап тұр. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жұмаған қараған түні кемінде сегіз жолаушы пойызы кесте көрсетілген уақытынан кешігетінін ескерткен.
  • Жамбылдағы жарылыстан соң Қылмыстық кодекстің 462-бабы ("Қару-жарақты, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін заттар мен заттарды ұстау ережелерін бұзу") бойынша іс қозғалды.
  • Жамбыл облысындағы төтенше оқиғадан кейін Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуді ұйғарған. Ермекбаев бұл шешімін Азаттыққа айтты.
  • Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, әскери қоймада жарылған оқ-дәрілер осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінген. 2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді. Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған. Арытағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты айыпталған 16 адамға үкім шыққан еді.
20:11 27.8.2021

Жарылыстан қаза тапқандар 12 адамға жетті

Жамбыл облысы Байзақ ауданы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада болған жарылыстан қаза болғандар 12 адамға жетті. Бұл туралы 27 тамыз кешкі тоғыз шамасында төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жарылыс болған аймақтан үш адамның денесі табылған. Олар жарылыс салдарын жою кезінде мерт болғаны айтылды. Қазір марқұмдардың жеке басы анықталып жатыр.

17:04 27.8.2021

Тараз: әскери қойма жарылғанда қаза тапқандарды туыстарына беріп жатыр

Ұлттық ұлан сарбаздары облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітхана аумағын қоршап тұр. Тараз, 27 тамыз 2021 жыл.
Ұлттық ұлан сарбаздары облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітхана аумағын қоршап тұр. Тараз, 27 тамыз 2021 жыл.

Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс құрбандарын туыстары жұма, 27 тамыз күні түстен кейін Тараздағы облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітханадан біртіндеп әкете бастады. Мәйітхана аумағын Ұлттық ұлан сарбаздары қоршап тұр.

Әзірге нақты қанша адамның мәйіті туыстарына берілгені белгісіз. Бірақ мекеменің сыртында тұрған адамдар Азаттық тілшісіне мәйітханадан марқұмдарды кезекпен беріп жатқанын айтты. Жақынын жоғалтқан жандар көзіне жас алып, қайғырып тұр.

Ресми дерек бойынша, қаза тапқандар тізімінде аталған әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаевтың туыстары да мәйітханаға келген.

"Бұл Алланың басқа салғаны, басқа ештеңе айта алмаймыз" деді олар.

Кешелі бері өрт сөндіруші болып істейтін туысын ешбір ауруханадан таппай, қаралы хабарды жұма күні естіген адамдар да мәйітхана алдында тұр. Олар әлі жарылыс салдарынан мерт болған туысын тануға кіріп үлгермеген. Кезек күтіп тұр. Төтенше жағдай департаментінің аты-жөнін атамаған қызметкері сырттағы бір топ адамға келіп: "Елдос Сандыбаев пен Арнұр Темірболатовтың денесі мәйітханада" деді.

Бұл екі адамның есімі ресми ақпаратқа әлі қосылған жоқ. Нақтыланбаған дерек бойынша, билік хабарлаған 5 адамнан бөлек жарылыс салдарынан қаза тапқан тағы 4 адам мәйітханаға әкелінген.

Өрт сөндіруші інісінен айырылған Тараз тұрғыны (есімін атамады) "әскери оқ-дәрі жарылғанда қойма аумағына неге өрт сөндірушілерді кіргізді, тек аумақты қоршауы керек еді, су тиген снарядтар одан сайын жарылмай ма?" дейді.

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Кейінгі ресми мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан 9 адам қаза тауып, екі адам хабарсыз кеткен. Ондаған адам жараланған. Әскери қоймадағы жарылыстан бірнеше күшті дүмпу болып, жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.

14:24 27.8.2021

Жарылыстан қаза болғандар тоғыз адамға жетті

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қоймасында болған жарылыстан қаза тапқандардың саны тоғыз адамға жетті. Бұл туралы төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

"Қаза тапқандардың арасында ТЖМ әскери бөлімінің, әскери күзетшілер мен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Іс-түссіз жоғалған екі адамды іздеу жалғасып жатыр" деді министрліктің жедел штабы.

"Каталка қайда, каталка?!" Жамбылда жарылыс болған түн
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG