- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Қорғаныс министрі: Әскери қоймадағы жарылысқа үш нәрсе себеп болуы мүмкін
Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бейсенбінің кешінде Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери қоймадағы өрт пен жарылысқа себеп болуы мүмкін үш нәрсені атады. Бұл туралы ол 27 тамызда таңертең оқиға болған ауданда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Министрдің болжамынша, әскери қоймадағы жарылысқа қауіпсіздік талаптары сақталмауы, химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін.
Ол Жамбыл облысындағы қоймаға кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінгенін айтты. Министрдің сөзінше, 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери қоймалардан әкелінген инженерлік оқ-дәрі 3 километрге дейін ұшуы мүмкін.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. 4 адам қаза тауып, бірнеше кісі хабарсыз кеткен. Сексеннен астам адам зардап шеккен. Жарылыс салдарынан бірнеше күшті дүмпу болып, әскери бөлімге жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.
2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді.
Жарылған әскери қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған
Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери қоймада жиынтығы 500 тоннадан астам тротил сақталған. Бұл мәліметті 27 тамызда Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, жарылыс ошағына жақын 3 елдімекен бар. Әскери қоймадағы жарылыс жарықшақтары екі км-ге дейін жеткен.
Жарылыс болған әскери қоймадан Жібек жолы кенті 3 км (378 адам), Үшбұлақ станциясы 8 км (216 адам), Ботамойнақ 10 км (492 адам) жерде орналасқан. Үш елдімекендегі жиынтығы 1086 адам тұрады. Бейсенбі күні жарылыстан кейін 710 адам Тараз қаласына эвакуацияланып, колледждер мен орта мектептерге орналастырылған. 582 адам туыстарының үйіне кеткен.
Алдын ала ақпарат бойынша, жарылыс салдарынан зардап шегіп ауруханға түскен ондаған адамның арасында Төтенше жағдайлар министрлігінің 49 қызметкері де бар.
Халыққа ақпараттық және психологиялық көмек көрсету үшін Жамбыл облысында Төтенше жағдайлар министрлігі (тел: – 33-32-89, 53-32-79) мен Төтенше жағдайлар департаментінің (8 (7262) 51-41-67, 51-37-75, +77788109109) жедел желісі ашылған.
26 тамыз күні сағат 19 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада күшті жарылыс болған. Ресми ақпаратқа қарағанда 4 адам қаза тауып, бірнеше адам із-түзсіз кеткен, жүзге жуық адам жараланып, ауруханаға түскен.
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Әскери қоймадағы жарылыстан қаза болған тағы бір адам анықталды
Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысынан қаза болғандар саны өсіп жатыр. Бұған дейін, жұма күні таңертең сағат 9-да өткен баспасөз мәслихатында билік өкілдері жарылыс салдарынан төрт адам қаза тапқанын хабарлаған еді.
Жарылыс салдарынан өрт сөндіруші Елдос Сандыбаевтың қаза болғанын жұма күні Тараздағы ауруханада Азаттық тілшісіне оның досы айтты. "Марқұмның ата-анасы жылап, үйіне кетті" деп хабарлады ол.
Бұған дейін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери қоймадағы жарылыстан Оңтүстік округтің әскери прокуроры полковник Қапезов, сержант Марат Мешінбай, ефрейтор Руслан Жанболатов және әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев мерт болды деп хабарлаған.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Бірнеше күшті дүмпу болып, жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.
Жарылысқа нақты не себеп болғаны әзірше белгісіз. Министр Ермекбаев әскери қоймадағы жарылысқа қауіпсіздік талаптары сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылаған.
Жарылыстан қаза болғандар тоғыз адамға жетті
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қоймасында болған жарылыстан қаза тапқандардың саны тоғыз адамға жетті. Бұл туралы төтенше жағдай министрлігі хабарлады.
"Қаза тапқандардың арасында ТЖМ әскери бөлімінің, әскери күзетшілер мен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Іс-түссіз жоғалған екі адамды іздеу жалғасып жатыр" деді министрліктің жедел штабы.
ПІКІРЛЕР