Accessibility links

Тоқаев Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқандарды марапаттады


Жамбыл облысы әскери қоймадағы жарылыс. 26 тамыз 2021 жыл.
Жамбыл облысы әскери қоймадағы жарылыс. 26 тамыз 2021 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан қызметкерлерге түрлі дәрежеде марапат табыстады. Бұл туралы Akorda.kz сайтында жарияланған қаулыдан білуге болады.

Президент Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін" "Халық қаһарманы" атағын, "Алтын жұлдыз" белгісі мен "Отан" орденін тапсыруды бұйырды.

Тоқаев тағы бір қаулысымен Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры Арман Қапезов пен Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Александр Микропулоға I дәрежелі "Айбын" орденін тағайындады.

Бұдан бөлек қорғаныс министрлігінің қызметкерлері Оразбек Дәлібаевқа, Руслан Жанболатовқа, Марат Мешінбайға, Еркін Нәдірбековке; Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Елдос Сандыбаевқа, Арнұр Темірболатовқа және Тәңірберген Төребековке III дәрежелі "Айбын" ордені берілді.

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс пен өрт болып, салдары кісі өліміне әкелді. Кейінгі ақпаратқа қарағанда, апат салдарынан 13 адам мерт болған. Оның үшеуі кім екені әзірше белгісіз.

Қаза тапқандар арасында әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери прокуратура өкілдері бар.

Бұған дейін министрлік төтенше оқиғадан 100 шақты адамның зардап шеккенін, хабар-ошарсыз кеткен бірнеше адамды іздеп жатқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG