Жексенбі, 29 тамыз – Қазақстанда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні. Төтен жағдай салдарынан 13 адам мерт болды. Олардың арасында төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің және әскериленген күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар. Үш адамның кім екені әлі анықталмады. Бұдан бөлек, үш адам із-түссіз жоғалған. Ондаған адам жарақат алған. Дәрігерлер ауруханаға түскендердің кейбірінде күйік шалу деңгейі жоғары екенін, олардың ауыр хәлде жатқанын айтады.
Жексенбі күні мемлекеттік ғимараттарда, шетелдегі дипөкілдіктерде Қазақстан туы түсірілген, көңіл көтеру шаралары өтпейді, радиолар мен телеарналарда көңіл көтеру бағдарламалары мен жарнама эфирге шықпайды.
Қазақстанның президент әкімшілігі жексенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мемлекет басшыларынан, халықаралық ұйымдардан көңіл айту жеделхаттары түсіп жатқанын хабарлады. Көңіл айтушылар қатарында Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения басшылары және Шанхай ынтымақтастық одағы мен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің басшылары бар.
"Жеделхаттарда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдірген. Сонымен қатар жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеген" делінген Ақорда баспасөз хабарламасында.
Жарылыс пен өрт 26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінде болған. Қоймадағы оқ-дәрілер жарылған.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
Министрлік 10 жарылыс болғанын, әскери қоймада Арыс қаласындағы қоймадан әкелінген оқ-дәрілер болғанын растады. 2019 жылы Арыстағы әскери қоймада да осыған ұқсас жарылыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапқан.
Байзақ ауданындағы оқиғадан соң, қорғаныс министрі қызметін 2018 жылдан бері атқарып келе жатқан Нұрлан Ермекбаев отставка жөнінде өтініш беретінін, шешімді мемлекет басшылығы қабылдайтынын айтты.
Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні осымен оныншы рет жарияланып отыр.
- Алғашқы аза тұту күні 2006 жылы 20 қыркүйекте жарияланған. Ол кезде Қарағанды облысы Ленин атындағы шахтада апат болып, 41 адам мерт болған.
- 2008 жылы қаңтарда Абай шахтасында метан жарылып, 30 кенші қаза тапты. Сол жолы аза тұту күні екінші рет жарияланды.
- Үшіншісі 2010 жылы 16 наурызда болды. Алматы облысы Қызылағаш ауылында су бөгеті жарылып, 45 адам опат болды.
- 2012 жылы екі рет аза тұту күні болды. Біріншісі Алматы облысындағы шекарашылар өлімінен кейін (30 мамыр күні қазақ-қытай шекарасындағы "Арқанкерген" бекетінде 14 шекарашы мен қорықшының мәйіті табылды. Жалғыз өзі тірі қалған шекарашы Владислав Челах кісі өлтіру ісі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бостандығынан айырылған), екіншісі ҰҚК шекара қызметінің әскери ұшағы құлағанда (АН-72 Шымкент түбінде құлап, бортта болған 27 адам мерт болды. Олардың ішінде шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған) жарияланды.
- 2013 жылы 31 қаңтарда Алматы түбінде жолаушы ұшағы құлап, 21 адамның өмірі қиылды. Алтыншы аза тұту күні осы жолы жарияланды.
- 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі әскери бөлім мен екі қару дүкеніне шабуыл жасалып, салдары кісі өліміне әкелді. Қазалы оқиғадан кейін мемлекеттік тулар тағы түсірілді.
- 2019 жылы 28 желтоқсанда Алматы әуежайы түбінде жолаушы ұшағы құлағанда да аза тұту күні болды.
- 2020 жылы шілдеде Қазақстан халқы коронавирустан көз жұмғандарды аза тұтты. Сол кезде ресми дерек бойынша індеттен 375 адам көз жұмған. 2021 жылғы 29 тамыздағы ақпарат бойынша, елде коронавирустан барлығы 13504 адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР