Нью-Йоркте Дүниежүзілік сауда орталығының орнына салынған 9/11 ескерткішіне терактіден қаза тапқандардың туыстары жиналды. Кейбірі марқұм туысының суретін ұстап, жиырма жылға ұстаған қайғысын бөлісті.
Нью-Йоркте еске алу шарасына Джо Байденмен қатар бұрынғы президенттер Барак Обама мен Билл Клинтон және 2001 жылы қаланың мэрі болған Руди Джулиани қатысты. Бірақ саясаткерлер осыған дейін қалыптасқан дәстүрді сақтап, сөз сөйлемеді.
Ақ үй басшысы әйелі Джилл Байденмен бірге Нью-Йорктен Пенсильвания штатындағы Шанксвиллге, одан кейін Пентагонға барды. Теракт болған үш жердегі шараға қатысты.
Ұшақтардың екі мұнараға бірінен кейін бірі соғылуы, мұнаралардың құлауы, бір ұшақтың Пентагонға құлауы, тағы бір ұшақтың Шанксвилл төңірегінде алаңға құлауы – осының бәріне алты рет үнсіздік жарияланды.
Бұдан бөлек, Нью-Йоркте оқиға орнына бірінші болып жетіп, құтқару жұмысын атқару кезінде қаза тапқан 343 өрт сөндірушіні еске алған кішігірім шаралар өтті. Күн қарайғанда, Дүниежүзілік сауда орталығының орнынан қос мұнараның белгісі ретінде аспанға қарата екі қуатты шам шағылды.
Шанксвиллдегі шарада 9/11 шабуылы кезінде президент болған Джордж Буш АҚШ халқының сол терактіден кейінгі бірлігін мадақтап, қазір сол бірліктің әлсіз екенін айтты.
"Саясатымызда ашу, үрей, наразылық белең алды. Бұл еліміздің болашағына алаңдатады" деді ол.
Содан бір күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден де америкалықтарды бірлікке шақырған.
"Бірлік дегеніміз бұл бәріміз бір нәрсеге бірдей сену дегенді білдірмейді. Бірақ бізде бір-бірімізге, ұлтқа деген терең құрмет пен сенім болуы тиіс" деді Байден видео үндеуінде.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп еске алу шарасына қатыспады. Бірақ видео жариялап, онда "ебедейсіз" Байден әкімшілігін Ауғанстаннан әскер әкетуде "біліксіздік" танытты деп айыптады.
2001 жылғы шабуылдан көп ұзамай АҚШ терактіні ұйымдастырған "әл-Қаиданы" паналатып отыр деген Ауғанстанға басып кіріп, "Талибан" қозғалысын биліктен кетірген. Сол кезде басталған соғыс 20 жылға ұласып, 11 қыркүйектегі еске шарасынан санаулы апта бұрын ғана аяқталды. АҚШ бұл соғыстан 2500 сарбазынан айырылды.
ПІКІРЛЕР