Accessibility links

Депутат: Банктер қарыз алушының мүлкін тәркілеген кезде құнын кемітпеуі тиіс


Мәжіліс залы. Көрнекі сурет.
Мәжіліс залы. Көрнекі сурет.

"Банктер қарызын төлей алмаған адамның мүлкін тәркілеген кезде бағалау құнынан 10-15 пайыздан артық ауытқымауы тиіс". 22 қыркүйек күнгі мәжіліс отырысында "Ақжол" фракциясының депутаты Андрей Линник осылай деп мәлімдеді. Ол екі күн бұрын Алматыда болған атысқа түрткі болған жайттарға тоқталып, оқиғаға полиция ғана емес, қаржыны реттеу органдары назар аударуы тиіс деді.

"Қайғылы оқиғаға қарыз алушының банкпен жалғыз баспанасы үшін дауы түрткі болғаны белгілі. Ашық дереккөздерге қарағанда, 121 млн теңге қарыз берген банк қарыз алушыдан 184 млн теңгеге бағаланған адам тұрмайтын үй-жайы бар жер телімін тәркілеген. Тәркілеу кезінде банк оның құнын 96 млн теңгеге бағалаған, яғни құнын екі есе төмендеткен. Одан бөлек, банк қарыз алушының тұратын үйін де тартып алмақ болған. Бірнеше жылдан кейін ол мақсатына жеткен. Қарыз алушы ғана емес, оның кәмелетке толмаған балаларын далаға қалдырып, жалғыз баспанасынан айырды" деді Андрей Линник.

Оның айтуынша, елде мыңдаған азамат осындай жағдайды бастан кешіріп отыр. Қарыз алушылардың көбі суицид сияқты соңғы амалдарға да барып жатады. Халықтың мойнында қарыздың көп болуын Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі, әділетсіз сот шешімдері, сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің ықтимал астыртын сөз байласуы сияқты жайттар ушықтырып жібереді.

Депутат осыған орай елде көптен бері айтылып жүрген "Жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы" заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, банктер қарызын төлей алмаған адамның мүлкін тәркілеген кезде бағалау құнынан 10-15 пайыздан артық ауытқымауы тиіс, себебі кепілдікке қойған кезде мұндай мүліктің құны несие сомасына қарағанда 30-40 пайызға төмендетіледі деді.

"Осыған орай Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің тәркіленген мүлік құнын азайту мүмкіндігін шектеуі тиіс деп санаймыз" деді ол.

Депутат сонымен бірге несиені сомасын жасанды түрде ұлғайтпау, несие мөлшерлемесін азайту қажеттігін алға тартты. Ұлттық банк те базалық мөлшерлемесін қайта қарастыруы тиіс деді.

20 қыркүйекте Алматы түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында Д. есімді азамат үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза болған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Бұл оқиғадан соң елде екінші деңгейдегі банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, азаматтарды жалғыз баспанадан айыру, әділетсіз сот шешімдері сияқты мәселелер қайта көтерілді.

21 қыркүйекте Алматыда оннан астам борышкер "Банк центр кредит" және қалалық сот, әділет департаменті алдында пикет өткізген. Олар азаматтарды жалғыз баспанасынан айырмау қажеттігін айтқан.

Қарай отырыңыз: Бес адам қаза болған атыстың анық-қанығы(21 қыркүйек 2021 жыл).

Бес адам қаза болған атыстың анық-қанығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG