28 қарашада Қырғызстанда парламент сайлауы өтеді. Қазірдің өзінде қаржыны мақсатсыз пайдалану, сайлау округтерін бір саяси партияға немесе кандидатқа басымдық беретіндей етіп қайта құру (джерримандеринг) жайлы шағым айтушылар бар.
Сайлау туралы жаңа заңға сәйкес, қырғыз парламенті енді 120 емес, 90 депутаттан тұрады. 54 мандат саяси партиялар арқылы, ал 36 депутат мажоритарлы жүйемен сайланады.
Жаңа заң бойынша, сайлау округтері қайта қаралуы керек. Кей сарапшылар бұл сайлаудың әділ өтпеуіне әкеледі дейді.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) дерегінше, Қырғызстанда 3,7 миллион азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бұл ведомство әр сайлау округіне 100 мың сайлаушыдан келуі керек деп шешкен.
САЙЛАУ ОКРУГТЕРІН ҚАЙТА ҚҰРУ
БШК сайлау учаскелерін қайта құруды 5 қыркүйекте аяқтады. Бірақ бәрін таңғалдырғаны, бірнеше күннен соң аудандарды қайта өзгертті.
"Округтерге қойылатын негізгі талаптардың бірі – сайлаушылар санының тең болуы" деді өткен айда ОСК мүшесі Әбдіжапар Бекматов Азаттықтың Қырғыз қызметіне.
Сайлау округтерін өзгертудің бірінші кезеңінен соң Бекматов "бір ауданда 80 мың, басқасында 120 мың сайлаушы бары" анықталғанын, сондықтан "шекараларды өзгерту керек болғанын" айтты.
Ресми мәлімдемеге көбі сене қоймады.
"ОСК бекіткен аудандар картасында логика жоқ" деді парламент депутаты Әнуар Артықов Азаттыққа. Ол сайлау округтерін өзгерту "бір топ адам шешім қабылдап, төрт немесе бес кандидат үшін [қолайлы] жағдай жасағандай" көрінетінін айтады.
Кей аудандар белгілі бір кандидаттардың "ыңғайына қарай" өзгертілгеніне күмәнданатын жалғыз Әнуар Артықов емес.
"Мен Базар-Қорғанда депутат болып сайландым. Қазір оны Тоғыз-Тарау [ауданына] қосып жатыр. Бұл аудандарды жалғайтын төте жол да жоқ" дейді депутат Сайдолла Нышанов. Ол оңтүстіктегі Жалалабад облысындағы аудан жайлы айтып отыр.
Сайдолла Нышанов 97 мың сайлаушы тұратын Базар-Қорған бөлек сайлау округі болуы керек дейді.
Бір мандатты округ бойынша сайланатын 36 орын – Қырғызстан тарихындағы ең аз көрсеткіш.
1995, 2000 жылдардағы сайлау кезінде Қырғызстанда екі палаталы парламент болды. 1995 жылы парламентте Заң шығару жиынында 105, Халық өкілдері жиынында 70 орын болған. Депутаттар мажоритарлы жүйе бойынша, яғни бір мандатты округтан тікелей сайланды.
2000 жылы сайланған парламентте те 105 депутат болды. Заң шығару жиынына кіретін 60 депутаттың 45-і бір мандатты округ бойынша, 15-і партиялық тізім бойынша сайланды. Ел өкілдері жиынында тағы 45 орын бір мандатты округ бойынша берілді.
2005 жылы Конституция өзгеріп, бір палаталы парламент құрылды. Оған кіретін 75 депутаттың бәрі мажоритарлы жүйемен сайланатын болды.
ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ
27 тамызда күшіне енген сайлау туралы жаңа заң партиялық тізім жүйесін өзгертті.
Бұл жүйеде кандидаттар тізіміндегі орындардың сатылатыны жайлы шағым көп болды. Жұрт "кандидат көп ақша берген сайын ол партиялық тізімнің басына шыға береді" деп жатты. Кандидаттар тізімдегі бірінші орын 1 миллион долларға дейін барады деген де сыбыс тарады.
Егер партияға парламенттен 5 орын тисе, тізімде тұрған алғашқы бес адам депутат болатын. Кейде партия тізіміндегі кандидаттар саны парламенттегі орын санынан да көп болып жататын.
Қазір жағдай өзгерді. Саяси партиялар бойынша 54 мандат беріледі. Яғни, енді ешбір партия тізімінде бұдан көп адам болмайды.
Бұрын парламент сайлауына қатысатын партиялар сайлау бюллетеньдерінде нөмірмен жазылатын. Мысалы, "Ата-мекен" партиясына "6" нөмірі беріледі. Сайлаушылар осы партияға дауыс беру үшін "6" деген санды таңдайды.
Ал жаңа жүйе бойынша сайлаушылар партия атынан ұсынылған кандидатты таңдай алады әрі оның да партия тізіміндегі нөмірі болады. Бақылаушылар мұның сайлау күні жұртты шатыстыратынын айтады.
Депутат Жанар Ақаев партия тізімі жүйесіндегі өзгеріс кандидаттардың тізім басындағы орындарды сатып алуын тоқтатпайды дейді. "Енді ең ықпалды шенеуніктер партияға байларды жинайды" деді ол Азаттыққа.
Қырғызстандағы біршама парламент сайлауында дауыс сатып алу проблемасы болды. Жанар Ақаев партиялардың атын атап, түсін түстемегенімен, қарашадағы сайлауда осы жағдай қайталанады дейді.
Қазіргі таңда сайлауға қатысуға 75 партия өтініш білдірген. Сайлауға дейін олардың саны 20-ға дейін азаюы мүмкін.
Сайлау процесіндегі өзгерістер осы реформалардың бастамашысы болған президент Садыр Жапаровтың легитимдігін әлсіретуі мүмкін.
Садыр Жапаров 2020 жылғы қазанда қамаудан шығып, премьер-министрлікке, одан кейін президенттікке келді. Содан бері ол ерекше назарда.
2020 жылға дейін Қырғызстандағы парламент сайлаулары наразылыққа ұласқан. Ал 2005 жылғы парламент сайлауында көптеген заңбұзушылықтар болып, президент пен үкімет құлады.
Садыр Жапаров берген уәдесінде тұрмай, халықтың оған деген сенімі азайып барады. Ал биылғы сайлаудың бұрынғыларға қарағанда әділ өтуі оған көмектескен болар еді. Алайда алдағы сайлауға қатысты сұрақ пен күмән қазірдің өзінде күшейіп тұр.
ПІКІРЛЕР