Accessibility links

Өзбек сыртқы істер министрі: Тәліп идеологиясының экспортынан қорықпаймыз


Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов.
Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов.

Өзбекстан билігі елге "Талибан" қозғалысының идеологиясы кіріп кетеді деп қорықпайды. Қозғалыстың халықаралық қауымдастықпен араласуы олардың дамуына көмектеседі. Бұл туралы Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Ресей журналистеріне айтты.

Министр 22 қазан күні осы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Оған "Первый канал", "Россия 24", НТВ телеарналары мен ТАСС ақпарат агенттігінің, "Коммерсантъ" және "Комсомольская правда" газеттерінің тілшілері қатысқан. Мәслихат екі сағатқа ұласты дейді Gazeta.uz басылымы.

Кездесуде Өзбекстан аумағында тәліп идеологиясының тарау ықтималдығы туралы сұрақ қойылды.

"Меніңше, "Талибанның" алдында тұрған міндеттердің қатарында сіз айтқан мәселе тұрған жоқ. Оларға қазір аяғына нық тұрып, қандай да бір мемлекет құрғаны, оларды мойындағаны қажет, – деді өзбек сыртқы істер министрі. – Идеологиясын экспорттайтын дәрежеге жеткенше көп уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында қозғалыс эволюцияланады деп үміттенеміз. Олар неғұрлым аймақ ісіне араласса, соғұрлым халықаралық істерге араласады және онда халықаралық құқыққа сүйену қажет болады. Олар неғұрлым халықаралық қауымдастықта мойындалғанын қаласа, соғұрлым қозғалыс пен оның жетекшілерінің идеологиясы, көзқарасы өзгереді".

Министрдің сөзінше, "Өзбекстанның ұлттық басымдықтары мен ұлттық идеясы тұрғанда тәліп идеологиясына орын жоқ".

"Міне, әйелдер қазірден орамал таға бастады, демек тәліптер келеді дейді кейде. Бұл салыстыратын нәрсе ме? Әлемнің жартысы орамал тағады, өйткені ол – сән, солай емес пе? Сол себепті біз бүгін тәліп идеологиясы кіріп кетеді деп қорықпаймыз, – деді Абдулазиз Камилов. – Тәліптердің негізгі идеологиясы өз елін шетелдіктерден азат ету, бар болғаны сол ғана.

2021 жылғы мамырда Ауғанстандағы шетел әскері кете бастағанда, шабуылын үдетіп, тамыздың ортасына қарып ел астанасы Кабулға кірді де, тұтас Ауғанстанды бақылауға алғанын мәлімдеді. Өзбек билігі "Талибанды" құжат жүзінде мойындамаса да, олармен әріптестік орнатуға ниетті екенін білдірді. Мәселен, 7 қазан күні Абдулазиз Камилов бастаған өзбек делегациясы Ауғанстанға сапарлап, "Талибан" басшылығымен келіссөз жүрген. Ал 16 қазан күні Өзбекстанның Термез қаласына тәліптердің делегациясы келді.

20 қазан күні Мәскеуде Өзбекстан президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілі Исматулла Иргашев Ташкенттің тәліп билігін қандай жағдайда мойындайтынын айтты. Ташкент талаптарының бірі – ауған қоғамындағы барлық саяси тараптың қатысуымен құрылатын үкімет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG