Қазақстан олигархтарының ENRC компаниясын «тыңшылық жасады» деп айыптап, сотқа берген заңгер қандай мәмілеге келді? Қазақстан дипломаттары Вашингтонда АҚШ конгресмендеріне нені дәлелдемек болды? Қытайға өтетін Қазақстан пойыздары кідіріп тұрғалы бір жыл, мұның сыры неде? Қазақстан министрі Балаева мен Facebook-тің сөзсайысында қай тараптың айтқаны рас? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.
ENRC ЖӘНЕ «КОРПОРАТИВТІК ТЫҢШЫЛЫҚ»
"Із кесушілерді жалдап, үйіме жасырын камера орнатты, жүріс-тұрысымды аңдуға тырысты" деп Қазақстанның бірнеше олигархы негізін қалаған ENRC (Eurasian Natural Resources Corporation) тау-кен компаниясын сотқа берген бұрынғы заңгер Нейл Джеррард тыңшылық туралы істі жауып, мәмілеге келуге дайын. Бұл туралы британдық Financial Times (FT) басылымы хабарлады.
Джеррардты 2010 жылы Қазақстан мен Африкадағы жемқорлыққа байланысты компания ішінде тергеу жүргізу үшін ENRC жалдап, үш жылдан соң жұмыстан шығарған. Кейін ENRC Джеррардты "зерттеуді өз мүддесіне пайдаланып, Ұлыбританияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігіне ақпарат берді" деп айыптаған.
Джеррард та "із кесушілерді жалдап, әйелім екеумізді аңдытты, құпия аңду операцияларының аясында машинама аппарат орнатып, Лондондағы жүріс-тұрысымды бақылады, отбасым демалып жатқан Сент-Люсияға жақын жердегі жекеменшік аралға барып, ізімді аңдуға тырысты" деп ENRC-дің өзін сотқа берген.
Бұдан бұрын Law360 сайты жазғандай, қазақстандық компания "жаппай жемқорлық жасады" деген жаман атқа қалғаны үшін заңгермен, FT журналисі Том Берджеспен, Британияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігімен, бұрынғы мердігерімен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрімен қатар соттасып жатыр.
ENRC-дің ойынша, FT журналисі Том Берджестің "Клептопия: "Лас ақша" әлемді қалай жаулайды?" (Kleptopia: How Dirty Money Is Conquering the World) деген кітабы Британияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігінің қызметкері берген «дәлелсіз» ақпарат негізінде жазылған, ал ол ақпаратты агенттікке Джеррард жеткізіп отырған.
«Клептопия» кітабының ауқымды бөлігі Қазақстанға және бұл елге тікелей қатысы бар адамдарға арналған. Онда Қазақстандағы металлургия өнеркәсібінің көп бөлігін бақылайтын ENRC-дің негізін қалаған Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов (биыл 21 ақпанда қайтыс болған) пен Патох Шодиев үштігімен қоса, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да есімі аталады.
Ал Джеррард пен оны кезінде жалдаған ENRC-дің екіжақтың мәмілесі бойынша, компания заңгерге 2500 фунт стерлинг, ал оның әйеліне 20 мың фунт стерлинг төлеуі тиіс. Ал заңгер ENRC-дің сот шығындарының «қомақты бөлігін» қайтаруы керек. Бұл мәмілені әлі Ұлыбритания соты мақұлдауы қажет.
"Бұл іс корпоративтік тыңшылық әлемінің пердесін ашып, Ұлыбританиядағы ірі сот шайқастарында қарсыластардың бір-бірі жайлы ақпаратты қолға түсіру үшін қандай қадамдарға баратынын көрсетті" деп жазады Financial Times.
«ҚАЗАҚСТАН - БИЗНЕС ЖҮРГІЗУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖЕР ЕМЕС»
"[Қазақстанның] әділет министрі Марат Бекетаев Вашингтонда конгресс мүшелерімен кездесіп, елге америкалық компаниялардың инвестициясы мен бизнесін тарту мүмкіндігін арттыратын заң жобасын қабылдатуға тырысып жүр". АҚШ-тағы National Journal Қазақстанның ресми билік өкілдерінің АҚШ-пен сауда қарым-қатынасын жақсартуға ұмтылып жатқанын осылай суреттейді.
1974 жылы АҚШ конгресі СССР азаматтарының шетелге кетуіне кедергі келтіргені үшін сауда туралы заңға Джексон-Вэник түзетулерін қабылдаған, бұл заң еркін эмиграцияға жол бермейтін, адам құқықтарын бұзатын, экономикасы нарықтық емес елдермен саудаға шек қояды. Қазір заң Қазақстанға да қолданылады. Әсері аз болғанымен, ол Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасына едәуір кедергі.
Қазақстанның ресми билік өкілдері осы түзетулер Қазақстанға инвестиция құйғысы келетін америкалық компанияларға "бұрыс сигнал" жеткізеді деп есептейді.
Қазақстанның дипломатиялық әрекеттері ақыры конгресте белгілі бір қолдау тауып, қазан айында Невададан сайланған конгресмен Дина Титус Джексон-Вэник түзетулері қолданылатын елдер қатарынан Қазақстанды алып тастау туралы заң жобасын ұсынған.
"АҚШ қарсыластары – Қытай мен Ресей арасында қысылып қалған Қазақстан Вашингтонмен қарым-қатынасты ірі көрші елдердің ықпалын теңестіретін әдіс ретінде қарастырады" деп жазады басылым бұл жайында.
Дегенмен National Journal тілдескен сарапшылардың айтуынша, "Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы жер емес":
«Елді тәуелсіздік алғалы бері ұзақ жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетіп, сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты уақытша президент етіп тағайындады. Артынша Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау жариялап, сол сайлауда жеңді. Адам құқықтары жөніндегі сарапшылар сайлау ашық та әділ өтпегені, бейбіт жиын өткізу еркіндігінің шектелуі, сайлау науқанының қысқалығы, БАҚ-ты мемлекеттің бақылауы авторитаризм жайлаған саяси атмосфера қалыптастырғанын айтады» деп жазады басылым.
"Бұрынғы президент Назарбаев пен оның отбасы мүшелері және жақын айналасы ақша ұрлап, оны офшор компанияларға аударды деп айыпталады. Ел Transparency International-дың жемқорлықты қабылдау индексінде 180-нен 94-орында тұр".
Сондай-ақ автор Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар қудаланатынына назар аударады: 2020 жылы кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы Қазақстанды кәсіподақ белсенділері үшін ең қауіпті елге жатқызған.
Жұмысшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастық орталығының Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламасының аға қызметкері Эбби Макгилл Қазақстан бірлесу құқықтарын өрескел бұзатындықтан, ондай елдермен сауда қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге болмайды деп есептейді.
National Journal-дың жазуынша, қазақстандық шенеуніктер кейбір мәселелерді шешу үшін Вашингтонда үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесіп жүр. "Кездесуден хабары бар адамдар қазақ шенеуніктерін тыңғылықты дайындалған және епті деп сипаттайды. Бірақ елдің реформаға ұмтылысының шынайылығына күмән келтіреді".
Америка басылымының жазуынша, конгрестегілер ұсынылған заң жобасы қабылданатынына күмән келтіреді. Осыған ұқсас заң жобалары бұған дейін де бірнеше мәрте ұсынылып, сол бойы қабылданбаған.
«ЖОСПАРЫ БҰЗЫЛҒАН» НҰР-СҰЛТАН
Пекин соңғы 12 айда коронавирустың таралу қаупін алға тартып, Қазақстаннан келетін импортқа ішінара тыйым салғандықтан, елдің Қытайға азық-түлік экспорты күрт қысқарған. Бұл жөнінде Eurasianet басылымы жазды.
Автордың айтуынша, Қазақстан стратегтері Қытайға азық-түлік экспорттау арқылы шикізатқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жолын таптық деп ойлаған. "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен салынған жаңа теміржол және автомагистральдар арқылы бидай, сұйық май мен сиыр етін Қытайға тасымалдауға болатын. Пекин де осы ойды қуаттаған.
"Алайда Қытайдың соңғы бір жылда Қазақстаннан келетін импортқа ішінара тыйым салуы Нұр-Сұлтанның жоспарын бұзып, Пекиннің ниетіне күдікпен қаратады".
Қызығы, Қытай соңғы бір жылда коронавирусты алға тартып, Қазақстан жүгін қабылдауға шектеу қойған кезеңде Қазақстан арқылы өтетін Қытай жүгінің көлемі өсе түскен.
Басылым Eldala.kz агробизнес сайтына сілтеме жасап, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның Қытайға азық-түлік экспорты 78 пайызға, оның ішінде ұн экспорты 91 пайызға төмендегенін жазады.
Қытай 2020 жылдың қарашасында коронавирусқа байланысты шекара аумағындағы карантин ережесін күшейтіп, Қазақстаннан баратын жүк вагондарын қабылдамай қойған. Осының кесірінен 2021 жылдың наурызында Қазақстан жағында 12 мың вагон жолда тұрып қалған.
Қытаймен келіссөз нәтиже бермеген соң, "Қазақстан темір жолы" шығыс бағыттағы жүк тасымалын "амалсыз" тоқтатуға мәжбүр болған. Кейін Қытай Қазақстанның вагондарын қабылдай бастағанымен, тамызда шекарадағы бақылауды қайта күшейтіп, жүк вагондарын қабылдауға тағы шектеу қойды.
"Ал өткен айдан бастап Шыңжаң өлкесіндегі пойыз қозғалысын басқаратын China Railway Urumqi Group Орталық Азиядан келетін бидай мен өзге де тауарларды қабылдауды тоқтатты. Сөйте тұра басқа елдердің жүгі Қазақстан арқылы Қытайға және кері бағытта емін-еркін өтеді".
Бұл мәселені үкімет отырысында сөз еткен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда министрі Бақыт Сұлтановқа мұны реттеуді тапсырған. "Айту оңай, істеу қиын. Қазақстан дағдарыс кезеңінде Қытайдың тілін табуға қатты тырысып көрді, бірақ бұдан нәтиже болмады".
Басылымның жазуынша, қазақстандық экспортерлер Қытай енгізген шекарадағы бақылау Covid-пен байланысты екеніне күмән келтіреді. Қазақстан астық одағының өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, Пекин коронавирус жұқтыру көрсеткіші Қазақстаннан әлдеқайда жоғары Ресей жүгін қабылдап, ал Қазақстан жүгіне шектеу қойған. Карабанов Пекин Еуропаға транзит жүктерін өткізу мақсатында теміржолды босату үшін коронавирусты сылтау етеді деп есептейді.
Евгений Карабанов "Қытай Қазақстанды толыққанды сауда серіктесі деп есептемейді. Біз олар үшін жай ғана транзиттік дәлізбіз" деген тұжырым жасайды.
БАЛАЕВА МЕН META-НЫҢ «ЕКІ ТҮРЛІ АУДИТОРИЯСЫ»
Diplomat басылымы Қазақстан билігі мен Facebook әлеуметтік желісінің иесі арасындағы осы аптада болған сөзсайысқа баға береді.
1 қарашада Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Қазақстан билігі Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіріп, өзі "зиянды" деп тапқан контентті хабарлауға эксклюзивті мүмкіндік алды" деп хабарлаған. Ведомство Facebook'пен "зиянды контенттермен күрес мәселелері бойынша тығыз қарым-қатынас жасағаны жөнінде келісімге келгенін" айтқан.
Көп ұзамай Facebook желісіне ие Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен МакКонахи қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме жасағанын терістеді.
"Біріншіден, біз қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме шығарған жоқпыз. Қазақ үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде өзі мәлімдеме жасады" деп жазды.
Компания өкілінің айтуынша, мұндай нәрсе тек Қазақстан ғана емес, әлем үкіметтерімен талқыланып жатыр. Артынша Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «мәлімдеменің» мәтіні "Meta" ("Facebook") компаниясының Гонконгте орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесімен келісілгенін мәлімдеді.
Басылымның айтуынша, екі жақ екі түрлі аудиторияға қайырылған.
"Әрине, бұл жердегі интерпретацияда белгілі бір қайшылық бар. Қазақстан "эксклюзивті қол жеткізу" дегенді Meta барлық үкіметке қолжетімді дүние дейді. Қазақстан "бірлескен" деп атаған мәлімдемені тек Қазақстан үкіметі ғана жариялады".
"Бәлкім, олар екі түрлі аудиторияны меңзеген шығар. Meta қазірдің өзінде Facebook-тің ықпалы туралы әшкерелеуші материалдар мен журналистік зерттеулерден кейін Батыста қысымға ұшырады. Авторитар үкіметке контентті хабарлауға «эксклюзив» құқық берді деген хабар компания қарсы күресіп жатқан нарративті одан әрі қоздырып жіберді. Ал Қазақстанға онлайн сынды бәсеңдету үшін іс жүзінде қандай да бір эксклюзив құқық емес, ондай құқық бар деген түсінік қана керек» деп қорытады Diplomat.
ПІКІРЛЕР