27 қазанда қазақ-ұйғыр жанжалынан кейін жұрт білген Пенжім ауылындағы тіршілік қазір бұрынғы қалпына көшкен. Ауыл адамдары мектептен басталып, бүкіл ауылды алаңдатқан жанжал туралы көп айтқысы келмейді. Азаттық тілшісі Алматы облысы Панфилов ауданындағы жанжал болған қазақ-ұйғыр ауылына барып, қазіргі жай-күйімен танысып қайтты.
Пенжімде күзгі науқан қызған. Ауылдағы жұрттың көбі жүгері егіп күн көреді. Пенжімге кіреберісте жүгері қоймасы көрінді. Әр жерге үйілген жүгері. Үш-төрт адам жұмыс істеп жүр. Техникамен жүгері тазартып жатқан кісілер қоршауға қарай келмеді. Ешбірімен тілдесуге мүмкіндік болмады.
- Ауылда осындай екі қойма бар. Көбіміз жиған жүгеріні соларға өткіземіз, - деді осыдан кейін алдымнан шыққан Пенжім тұрғыны Әзім Нәдіров. Жүрісі ширақ көрінген 86 жастағы қарияның сөзінше, жұрт жүгерісін реті келсе ғана егістік басында сатады, әйтпесе "жергілікті кәсіпкерлер Юлдаш пен Әділжанға қарайтын" осы екі қоймаға өткізеді.
27 қазанда болған жанжалдан кейін ертеңінде Панфилов ауданы әкімдігі ауыл халқын жиналысқа шақырған. Сол кезде жергілікті ұйғыр кәсіпкерлер техникасын алдымен ұйғыр азаматтарға, кейін қазақтарға береді, бөлінеді деген шағым айтылған еді.
Әзім қария он шақты күн бұрын болған жанжалға байланысты ештеңе айтқысы келмеді. Ол "сыртқа шықпаймын. Үйдемін. Не өзгеріс болып жатқынан да білмеймін" деді де аялдай бергенді жөн көрмей келесі көшеге қарай бұрылып кетті.
Тағы бір ауыл тұрғыны Ахмет кейінгі күндері полиция патрулі көбейгенін айтты.
- Күнімен, түнімен жүреді. Бақылайды. Бұлардың бар болғаны жақсы. Бұдан кейін ондай жанжал болмасын. Қазақ-ұйғыр деп бөлініп не керегі бар? Жас балалардың шығарып жүргені ғой, - дейді ол.
Ауыл ішін бақылап жүрген полицияның көбейгенін мен де байқадым. Жарты сағаттың ішінде үш патруль көлігін көрдім.
Біреуін тоқтатып, "Кімдер тергеліп жатыр, ұсталғандар бар ма?" деп сұрадым. Полиция бөлімшесіне жол сілтеді. Бірақ ол жерде де ешкім мардымды жауап бермеді. Бөлімшеге келгенде алдымнан шыққан учаскелік полицей "аудандық полиция бөліміне барыңыздар" деді. Ол Пенжім округі аумағындағы қоғамдық тәртіпті жеті-сегіз полиция көлігі бақылап жүргенін айтты.
Бұған дейін Алматы облыстық полиция департаменті жанжалға байланысты Қылмыстық кодекстің "бұзақылық" және "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.
Департаменттің мәліметінше, қылмыстық істерге қатысы бар адамдардың бәрі анықталған және сараптама тағайындалған. Ресми хабарламада әлдекімнің ұсталғаны жөнінде ақпарат жоқ.
Полиция бөлімшесі мен ауыл әкімдігі бір ғимаратта отырады. Демалыс болғандықтан (Пенжім ауылына 6 қарашада бардым – авт.) әкімдік есігі жабық тұрды.
Әкімдіктің алдын "орталық алаңға" ұқсаттым. Асфальт та, фонтан не гүлзар орнатуға арналған цемент тұғыр да ескірген. Алыстан ауылдың мәдениет үйі көрінеді.
Округке қарайтын төрт ауылда 12 мың тұрғын бар. Оның 7 мыңы – қазақ, 5 мыңы – ұйғыр. Бірақ Пенжімнің өзінде ұйғырлардың саны басым. Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, ауылда 2783 ұйғыр, 2519 қазақ тұрады.
Ауылдың орталық көшесінде көлік те, адам да жиі жүреді. 27 қазан күні түнде терезесі шағылған дүкенді, төлем терминалын жөндеп қойған. Сатушылар кімнің жөндеп бергенін айтқысы келмеді.
Ал осы дүкеннің қарсы бетінде тұрған "Керуен сарай" кафесіне жұрт асқа жиналып жатты. Ұйғыр азаматтардың бірі бұл жоралғыны "нәзір" деп атады. Адам өмірден өткенде бала-шағасы кезектесіп елді нәзірге шақырып, қайтқан кісіге құран бағыштайды.
Нәзір өтіп жатқан кафе терезесінің көбі ауыстырылған. Жанжал болған түні кафенің барлық терезесі сынғанын айтқан кафе әкімшісі Раушангүл Гаитова палау басып жатыр екен. Оның айтуынша, жұмысшылар жұмысты аяқтап үлгермей жатыр.
- Кузиев пен Ақсубаевтың (Панфилов ауданының кәсіпкерлері – ред.) адамдары [жөндеп жатыр] ғой деймін. Алдымен үйлердің терезесін салып, содан кейін кафенікін аяқтайды екен, - дейді.
Он күн бұрынғы жанжалдың белгісі болып әлі ауыстырылмаған терезелер тұр. 27 қазанда мектептегі төбелес болып, арты қазақ-ұйғыр тұратын Пенжімде жанжалға ұласқан. Жанжал кезінде бірнеше үй мен нысанның терезесі сынған еді.
- Жақсы нәрсе емес. Бөліну бұған дейін болған. Бұдан кейін де болатын шығар. Ол өзгермейді. Бірақ біздің кезімізде бұлай асқынбап еді. Бір-бірімізді қонақ етіп, тамақ ұсынушы едік. Қазір ондай емес, - дейді 62 жастағы Раушангүл Гаитова.
Оның сөзінше, ауылдағы үйлерде балаларға "ұйғырдың үйіне кірме, қазақтың үйіне кірме" деген әңгіме жиі айтылады.
Жанжалдан кейінгі жиналыста ауылдағы екі ұлттың мешітте де, таксиге отырар сәтте де бөлінетіні айтылған. Пенжімдегі ескі мешіт апатты жағдайда деп танылып, біржолата жабылған. Қазір орталық көше бойындағы бір мұнаралы мешіт жұмыс істеп тұр.
Мешіттің іргесіндегі алаңқайда ауылдан 18 шақырым жердегі аудан орталығы Жаркентке жүретін таксистер тұрады. Адам басына – 500 теңге. Көлігін мұнтаздай етіп сүртіп, жолаушы күтіп тұрған жүргізуші Пахирдин Садриев жолаушының ұлтыма қарап, отырмай қойған кезі болмады дейді.
- Кейбіреу солай істейді деп естігенмін. Үнемі адам тасымаймын. Негізі жүк көлігімен Қорғастан тауар тасимын. Ол көлік қазір кезекте тұр, - дейді Пахирдин.
Шекара іргесінде тұрған ауыл көшесінде жүк көлігі мен тіркеме көзге жиі ұшырайды. Диқаншылықты кәсіп еткен жұрттың тауар тасымалдау ісіне де етене араласқаны байқалады. Бірақ қазақ-қытай шекарасындағы алыс-беріс пандемия басталғалы баяулаған. Пенжімдіктер де тауарларын қазақ-қытай шекарасындағы "Нұр жолы" өткізу бекеті арқылы тасиды.
"Нұр жолы" өткізу бекетінен Қытай арқылы кіріп тауар алып кетуге кезекте 10 мыңнан астам көлік тұр. Кеденнен өткен жүкті қоймадан алып кетуге де бөлек кезек түзілген. Арнайы тұрақтағы бұл кезекте 1500 көлік қаңтарылып тұр.
Шекара түбіндегі Нұркент қалашығы да Пенжім ауылдық округіне қарайды. Мұнда негізінен "Нұр жолы" өткізу бекетінде істейтін кеденшілер және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында жұмыс істейтіндер тұрады. Болашақта 100 мың халық тұрады деп жоспарланған қалашықтың бір шетінде жаңа үйлер салынып жатыр.
Пенжім ауылының тұрғыны Ернат Ермекбаев деген азамат "27 қазандағы жағдай елді біраз дүрліктірді, бірақ тез тынышталды" дейді.
Пенжіммен көрші Алты үй ауылының тұрғыны Нұрдәулет "басқа ауылдарда қазақ-ұйғыр береке-бірлікпен өмір сүріп жатырмыз, Пенжім ауылында қазақтардың саны аз болған соң сондай жағдайлар қайталанып тұрады" дегенді айтады.
Аты-жөнін атамаған полиция қызметкерінің айтуынша, 27 қазанда Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылында мектеп ауласында 9-сынып оқитын 12 ұйғыр оқушы мен 10-сыныптағы үш қазақ оқушы төбелескен. Бір оқушының басы жарылып, ауруханаға түсті. Бұған наразы болған қазақтар бір ұйғыр оқушының үйіне тас лақтырған. Оқушының 53 жастағы атасына тас тиіп, ол да ауруханаға түскен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пенжімдегі жанжалдан бір апта өткенде ұлтаралық сипаты жоқ деп мәлімдеді. Бірақ елде халықтар достығын нығайту керек дегенді қосып айтты.
ПІКІРЛЕР