Accessibility links

"Адамзатқа қарсы қылмыс". Прагада Ұйғыр конгресінің жиынында Шыңжаңдағы жағдай талқыланды


Әлемдік ұйғыр конгресінің 7-ассамблеясында Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым талқыланды. Прага, 12 қараша 2021 жыл.
Әлемдік ұйғыр конгресінің 7-ассамблеясында Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым талқыланды. Прага, 12 қараша 2021 жыл.

Бүгін, 12 қарашада Чехия астанасы Прагада Әлемдік ұйғыр конгресінің 7-ассамблеясы басталып, онда Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандардың жағдайы талқыланды.

Жиынға әлемнің әр елінен келген ұйғырлар; Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан ұйғырлар мен қазақтар; Чехия, Германия, Канада, Еуропарламент, Франция депутаттары, Шыңжаң мәселесін зерттеушілер мен құқық қорғаушылар қатысты.

Ассамблеяда "Қытай билігі Шыңжаңда адамзатқа қарсы қылмыс әрі геноцид жасап жатқаны" айтылды. Қатысушылар әлем елдерін 2022 жылы ақпанда Пекинде өтетін қысқы олимпиада ойындарына бармауға, Шыңжаңдағы қысымды геноцид деп тануға шақырды.

Жиында сөз сөйлеген Шығыс Түркістан қауымдастықтары халықаралық одағының президенті Хидаят Огужан Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр мен басқа да мұсылмандарды жазықсыз лагерьге қамап, қинап, қорлап, отбасынан айырып, құлдыққа жегіп, биомедициналық тәжірибе жасап жатқанын баса айтты. Ол Пекин Шыңжаңды ірі ашық аспан астындағы түрмеге айналдырды дейді.

"Шыңжаңдағы қысым БҰҰ-ның геноцид сипаттамасына сай келеді. Бірақ Қытай режимінің Шыңжаңдағы ұйғырларға жасап жатқанын сипаттауға геноцид деген сөздің өзі жеткіліксіз. Қытай адамзатқа қарсы қылмысын енді жасыра алмайды, себебі бұл жағдайды халықаралық қауымдастық, халықаралық медиа мен зерттеушілердің бәрі білді. Шыңжаңдағы жағдай Қытайдың ішкі ісі емес, бұл – адамзатқа қарсы қылмыс" деді ол.

Германиядағы Бавария аймағы парламентінің мүшесі Маркус Риндершпахер "Шыңжаң өлкесінде адамзатқа қарсы қылмыс әрі геноцид жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Шыңжаңдағы қысымға нүкте қойылуы керек. Демократиялық мемлекеттер 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы олимпиадаға бармай, адамзатқа қарсы жасалған қылмысқа қарсылық білдіреді деп ойлаймын. ЕО мен Германия билігі алда Қытайға қатысты геосаясаты мен геоэкономикалық саясатын қатайтады деп үміттенемін" деді.

Конгресс кезінде Шыңжаңдағы саяси лагерьде жұмыс істеген және отырып шыққандар да сөз алды. Лагерьде қытай тілінде сабақ берген Келбинур Сыдық сақшылар лагерьдегі әйелдерді қорлағанын, күні-түні аңдығанын айтады.

"Кішкентай бір камерада қырық адам жатты, дәретханаға баруға бір минут уақыт берілді. Дәріс сыныбынан шыққан соң бірден камераға жіберді" деді ол көзіне жас алып.

Шыңжаң қазағы Өмір Бекәлі жиында сөйлеп отыр. Прага, 12 қараша 2021 жыл.
Шыңжаң қазағы Өмір Бекәлі жиында сөйлеп отыр. Прага, 12 қараша 2021 жыл.

Лагерьде болдым деген қазақ Өмір Бекәлі Прагадағы ассамблеяда сөз сөйлеп, 2017 жылы Қытайға барғанда ұсталып, терроризм айыбымен лагерьге қамалғанын айтты.

"Лагерьде таяқ жедім, электр тоғымен қинады. Осы арқылы террориспен деген мойындау қағазына қол қойдырып алды. Қинаудан соң көп адам өзі істемеген қылмысты мойындауға тура келді. Жарты сағат бойы сені қинай берген соң денең де қиындыққа үйреніп кетеді екен. Мен айыбымды мойындамадым. Бірақ мойындату үшін ұрып қинайды, рухани жағынан қинайды" деді ол.

Прагадағы жиынға Қазақстаннан видео арқылы қосылған "Атажұрт еріктілері" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбек Шыңжаңдағы қысымды "Қытайдың жергілікті ұлттарды жою әрекеті" деп сипаттады.

"Лагерьде адамдардың өздері білмейтін дәрілер беріп, уколдар екті. Қазір Қазақстанда лагерьде болған жүзден аса адам бар. Олар денсаулығынан, рухынан айырылған. 2017 жылдан бастап Алматыда ұйым ашып, лагерьде болған, туысы лагерьде қамалған адамдармен видеолар түсіріп, арыздар жаздыра бастадық. Бес мыңнан аса видео түсірдік, екі мыңнан аса арыз жазылды. Ешқандай қылмыссыз ұзақ жылға сотталып кеткен адамдардың Қазақстандағы туыстарынан үш жүзден аса арыз бен дәлел алынды" деді ол жиында.

Ассамблеяда сөз сөйлеген Батыс елдерінің депутаттары халықаралық қауымдастықты Қытайға қысымды күшейтуге шақырды. Олар Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымды бірігіп тоқтату керек деп санайды.

Прагадағы Әлемдік ұйғыр конгресінің 7-ассамблеясы 14 қарашада аяқталады.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды еш жазықсыз лагерьлерге қамаған. Халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаңдағы әйелдерді түсік тастауға, балаларын алып тастауға мәжбүрлегенін де анықтаған.

Пекин лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды. Ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" дейді.

АҚШ конгресі мен Ұлыбритания, Канада, Чехия парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын геноцид деп атайды. Бірақ кейбір сарапшылар Пекиннің белгілі бір ұлтты жою саясатына дәлел әлі жеткіліксіз дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG