Польша күн суытқан шақта Еуроодаққа заңсыз өткісі келген жүздеген мигранттың Беларусьпен шекарада қиын жағдайда қалғанын хабарлады. Еуроодақ шығыс шекарасында мигранттар дағдарысының өршуіне Минскіні кінәлап, жаңа санкция әзірлеп жатыр.
Польша шекарашылары 13 қарашада шекараны заңсыз кесіп өту талпынысы бойынша 223 оқиғаны тіркеген. Полиция қызметкерлері елдің солтүстік-шығысындағы Колония-Клюкович елді мекенінде осындай оқиға кезінде полицияға шабуыл жасалғанын хабарлады.
Мигранттар лақтырған тастың күштілігі сондай полиция қызметкерлерінің бірінің каскасы бүлінді, деп жазды жергілікті полиция Twitter'де.
Полицияның мәліметіне қарағанда, одан бөлек Старшина ауылы маңында 50 шақты мирант шекара қоршауын бұзып, Польшаға кірген. 22 Ирак азаматы ұсталған.
Польша билігі 13 қарашада "мигранттарды заңсыз өткізбек болған" екі грузин азаматы, бір поляк және бір сириялық азаматтың ұсталғанын хабарлады.
Кейінгі айларда Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Африкадан шыққан мыңдаған мигранттар Еуроодаққа мүше Польша, Латвия және Литваның аймағына Беларусь арқылы заңсыз кіруге әрекет етіп жатыр.
Еуроодақ бұған Беларусь президенті Александр Лукашенконы кінәлады, мұны былтыр президент сайлауынан кейін енгізілген санкциялар үшін Брюссельден өш алу деп есептейді.
Ресей қолдайтын Лукашенко режимі Еуроодақ айыптауын мойындамай, Польша мен ЕО мүшелері бейбіт азаматтарды "паналатудан бас тартты" деп мәлімдеп, адам құқығын бұзды деп айыптады.
Польша мен ЕО-ның өзге де мүшелері Мәскеуді Минскіге дем беріп, шекарадағы дағдарысты ушықтыруға үлес қосып отыр деп айыптады. Кремль мұны жоққа шығарды.
Лукашенко режимі мен ЕО арасында дипломатиялық дау өршіп, қыс тақалған кезде мыңдаған мигрант Польша мен Беларусь шекарасында қолдан тұрғызылған палаткаларда тұрып жатыр.
Польша шекараны күзеткен сақшылар мен полицияға көмектесу үшін қосымша 15 мың солдатты шекараға тартты.
Поляк үкіметі 15 қарашада "Германиядан тренерлер келіп, мигранттарды алып кетеді, Польша оған рұқсат береді" деген сыбысты сейілту жолын іздестіріп жатқанын хабарлады.
"Бұл өтірік. Польша шекарасы бұдан былай да жақсы күзетіледі" деді ішкі істер министрі Мариюс Камински 13 қараша күнгі Twitter жазбасында. Ескерту хабарламасы халықтың телефонына жіберілген.
Польшаның шығыс шекарасында жағдай ушыққан шақта 15 қарашада Брюссельде Еуроодақ сыртқы істер министрлері Минскіге қарсы жаңа санкция пакетін қабылдауы мүмкін. Мигранттарды Минскіге тасымалдады деп айыпталған "Белавиа" әуе компаниясы да санкцияға ілінуі мүмкін.
Ал Лукашенко Еуроодақ қайтадан санкция салса, Минск оған "жауап беруі тиіс" деп мәлімдеді. Ол Беларусь арқылы Польша мен өзге де ЕО елдеріне тасымалданатын Ресей газы мен жүктеріне тосқауыл қою мүмкіндігін айтып қоқан-лоқы жасады.
Алайда Ресей президенті Владимир Путин 13 қарашада кейінгі аптада Лукашенкомен екі рет сөйлескенін және бұл жөнінде мүлде айтпағанын жеткізген.
"Әрине, Александр Лукашенко теория жүзінде Еуропаға газ тасымалын тоқтата алады, бірақ бұл транзит дәлізі жөнінде келісім-шартқа қайшы. Бұған бара қоймайды деп үміттенемін" деді Владимир Путин.
"Бұл жақсылыққа апармайды, әрине, бұл мәселені онымен талқылаймыз. Мүмкін, ол эмоцияға беріліп айтқан болар" деді Путин.
Қарай отырыңыз: Польша-Беларусь шекарасына мыңдаған мигранттар жиналып, Еуропаға өтпек болды (9 қараша 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР