Accessibility links

Алматы әкімдігі: Терезеден секірген әйел жәрдемақыға өтініш бермеген


Тоғызыншы қабаттан үш сәбиімен құлап, қаза болған әйел тұрған үй. Алматы. 22 қараша 2021 жыл.
Тоғызыншы қабаттан үш сәбиімен құлап, қаза болған әйел тұрған үй. Алматы. 22 қараша 2021 жыл.

Бір күн бұрын үш баласымен бірге тоғызыншы қабаттан құлап, қаза болған әйел жәрдемақы немесе өзге де әлеуметтік көмек алу үшін жергілікті әкімдікке өтініш тапсырмаған. 23 қарашада Алматы қаласы әкімдігіне қарасты әлеуметтік әл-ауқат басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Әлкебайұлы осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен Informburo сайты үзінді келтірді.

Басқарма өкілінің сөзіне қарағанда, әйел Алматыдағы бөлімшеден көмек сұрамаған.

"Олардың қандай көмек алуына құқығы болғанын білмейміз, себебі ондай ақпарат Шымкенттегі базада тұр. Олар Алматыда тамыз айында пәтер жалдаған. Мұнда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрақты тіркеу немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс. Біздегі ақпаратқа қарағанда, олар Алматыда тұрақты тіркелмеген. Әлеуметтік көмек сұрап халықты жұмыспен қамту орталығына да, әлеуметтік бөлімшеге де бармаған. Соңғы рет өтінішті Шымкентте түсірген" деді Данияр Әлкебайұлы.

Бұған дейін әлеуметтік желіде марқұмның "жәрдемақы алуға өтініш бергенмен көмек ала алмағаны туралы" ақпарат тараған еді.

Басқарма өкілінің айтуынша, отбасы Алматыға тамыз айында көшіп келген. Дегенмен марқұмның күйеуі бұған дейін қалада тұрып жатқанына 6 жыл болғанын айтқан.

22 қарашада Алматы полициясы бір әйел үйдің тоғызыншы қабатынан үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен деп хабарлаған. Қайғылы оқиға Жетісу ықшам ауданында болған. 28 жастағы әйел мен оның алты, бес және екі жастағы үш баласы көз жұмған.

Оқиғаға нақты не түрткі болғаны белгісіз. "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, оқиға себебі мен жай-жапсарын анықтау үшін жедел тергеу тобы құрылған.

Марқұмның туыстары Өзбекстанда туған, бала кезінде әке-шешесімен бірге Қазақстанға көшіп келіп, осында оқыған 28 жастағы Бақтыгүл Қыдырбаеваны "мінезі жайлы, ашық қыз" болған деп сипаттайды. Олар әйел "тұрмыстық қиындыққа бола ғимараттан секірді" деген болжамға күмәнмен қарайды.

Туыстарының айтуынша, марқұмның жаназасы 24 қарашада Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Үлгілі ауылынан шығарылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG